Қазақстан • 04 Қыркүйек, 2018

«Хат қоржын» (04.09.2018)

597 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Хат қоржын» (04.09.2018)

...ой қозғайды

Ұрпақ алдындағы парыз

 Дана халқымыз қашан да қанатты сөзді – қазынам, өнегені – өрісім деп білген. Дәрежеге емес, дәстүрге бағынған. Мәртебесін төрі деп ұғып, қызын арға, ұлын нарға балаған. Дархандығын даласымен өлшеген, өткірлігін қылышқа, намысын найзаға теңеген.

 Осы орайда кешеден келе жатқан сара сөздер мен дана сөздердің, дүлдүл ақындар мен бұлбұл жыраулардың өзегінен шыққан өнегелі өсиеттердің, ел көсемдері мен шешендерінің уытты уағызының танымдық өрісі бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне зор әсерін тигізері анық. Әсіресе тіліміз бен дініміздің асыл қасиеттерін аңғарудан айырылып қала жаздаған шақтардан аман өтуімізге де халқымыздың қастерлі дәстүрлері дәру болғанына күмәніміз болмаса керек. Баршаға мәлім, мәдениетті елдердің өкілдері әлдеқашан-ақ дана сөздерін, даңғыл дәстүрлерін, әрбір ұтымды пікірлерін жинақтап, тасқа басып, таратып та қойған.

 Біздіңше, мәдениетіміз бен өнеріміз өркен жайып, әлемдік өреге ие болған осынау өскелең шағымызда халқымыздың өсиеті мен өнегесін, ақ батасы мен адал тілегін, дәстүрін, дәріптер тағылым­­дарын, жөн-жосық жоралғыларын, мәуелі пікірлерін жинақ­тап, үлгі етіп ұсына берсек – ұрпақ алдындағы парызымыз өтеле түспек.

 Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

зейнеткер

          Түркістан облысы

...ризашылық білдіреді

Мектептер саны көбейді

 Былтыр Қазалы ауданында 2 жаңа мектеп пайдалануға берілген болатын. Оның бірі – Майдакөл ауылындағы 200 орындық №98 мектеп. Білім ордасы спорт залы, медициналық бөлме, 80 орындық асхана, 120 орындық мәжіліс залымен қамтылған. Тағы бір жаңа мектеп Шилі ауылында бой көтеріп, мұнда 50 орындық мектеп, 20 орындық балабақшасымен ел игілігіне берілген еді. Айта кетейік, осыдан төрт жыл бұрын Қазалы ауданында апаттық жағдайдағы мектептер саны 9 болса, 2016 жылға дейін 4 мектеп, 3 балабақша құрылысы жүргізілді. Ал аз жыл бұрын соңғы 5 апаттық жағдайдағы мектептер құрылысы басталып, оқу жылы аяқталар тұста Бірлік және Лахалы ауылдарында пайдалануға берілді. Осымен, апаттық мектептердің проблемасы Қазалы ауданында мерзімінен бұрын толық шешілді.

Жазғы уақытта «Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығында 6 ауысым ұйымдастырылып, әр ауысым бойынша 140 баладан, барлығы 840 бала демалды. Сонымен қатар аудандық оқушылар үйі, Қорқыт ата атындағы балалар музыка мектебі мен «Өнер және спорт» орталығы сынды қосымша білім беру ұйымы жұмыс жасайды.

Елубай ӘУЕЗОВ

         Қызылорда облысы

...батасын береді

Партия ардагерлерді ұмытпайды

Еліміздің жетекші «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық!» акциясы аясында партияның Маңғыстау аудандық филиалы мен «Жас Отан» аудандық бөлімшесінің ұйымдастыруымен Шетпе ауылындағы тыл және еңбек ардагерлерінің қатысуымен акция өткізілді. Мақсат – тыл және еңбек ардагерлеріне құрмет көрсету және де азғантай болса да қол ұшын созып, көмек беру болып табылады.

 Акция күні «Жас Отан» аудандық бөлімше жетекшілері 87 жастағы пошта саласының ардагері Ханша Сәрсенбаеваның отбасына арнайы келді. Ханша апайымыз 1955 жылдан 2005 жылдар аралығында Маңғыстау ауданындағы пошта саласында қажырлы еңбек етті. Белсенді жастар ақжаулықты әжемен амандасып, мерекемен құттықтады. Жастардың жұмысына ақ жаулықты ана ақ батасын беріп, өз ризашылығын білдірді.

 Бұдан соң ұйымдастырушылар тыл және еңбек ардагері Әди Бердіғұловтың шаңырағына келді. Ә.Бердіғұлов көп жылдар бойы аудандық баспахана саласында еңбек етті. Бүгінде құрметті еңбек дамалысында.

 «Мен үшін арнайы келген жастарға мың алғыс айтамын. Мен аудандық газеттегі баспахана саласына өмірімді арнаған адаммын. 1967 жылдан 2010 жылға дейін ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, зейнетке шықтым», – дейді тыл ардагері Әди Бердіғұлов.

Аллаберген ҚОНАРБАЕВ

         Маңғыстау облысы

...сақтандырады

Ұлттық дәстүрдің ғана «құлы» бол

 Бір ойшылдың: «Адамзат баласы заңның емес, салт-дәстүрдің «құлы» болған кезде бақытты өмір басталады» дегенін оқып едім. Расында да солай! Біз үлкенін ардақтаған, салт-жорасын салмақтаған, дәстүрім – дәулетім, ғұрпым – ғұмырым, салтым – санам деп өскен текті ұлттың ұрпағы едік қой. Бүгінде салт-дәстүрмен санасудан гөрі заңнан ғана қорқу, сырт көзден ғана қаймығу басым. Дәстүрлі өмір салты­мыз­дан жаңылып, ата-бабамыз қалыптастырған ұлтымыздың ең тамаша қасиеттерінің бірі болып табылатын адамдар арасындағы өзара кісілік, үлкен мен кішінің, туыс пен туғанның, жат пен жақын­ның, еркек пен әйелдің қатынас-қалыптарының шырқын бұзып алдық.

Қазақтың кез келген ұлттық әдет-ғұрпында кісілік, адамгершілік, мейірім бар еді. «Тыйым көрмеген баладан тексіз шығады. Тектеу адамды әдептілікке үйретеді». Міне, қазақтың төл тәрбиесінің озық үлгісі. «Ұят болады» мен «обал боладыны» баласының санасына тәй-тәй басқаннан, алғаш былдырлай бастағаннан сіңіріп келген қазақ бүгінде тыйым мен тектеуді ұмытты. Қазіргі бала жалтақ қоғамның жағымпаз адамдарынан қандай тәрбие көріп отыр? Көрсетер өнегеміз қайсы? Осының бәрі, айналып келгенде, ұлттық мінез-болмысымызды жоғалтып алғанымыздың кесірі. Дәстүрлі наным мен сенімге мойынсынбаған соң, салт-дәстүрді сақтамаған соң көргенсіздікке бой алдырып, татулықты қатулықпен ірітіп жүрміз. Баяғы бауырмал көңіл, қазақы қайырымдылық жоқ. Қулық пен сұмдықтың құдығына сүйреген қуаяқ, сұмауыз болып барамыз. Өзекті өртеген осы ойлар көңілге тыным, жүрекке маза бермейді.

Бекжан ТҰРЫС,

актер

         Алматы

...алғыс айтады

Шипагер шапағаты

 Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Аян Абдрахмановқа емделуші ретінде ризашылығым шексіз. Ауыр халде болып, сырқатым үдеп, екі рет ауруханаға зембілмен жеткізілген күнім де болды. Алла сәтін салып, соңғысында медицина шебері Аян Сүлейменұлының шипалы қолының арқасында аяғыма тұрып кеттім.

 Ғылымның ең үздік тәсілдерімен, жаңа технологиямен жабдық­тал­ған Қазақстан халқы үшін тікелей Елбасымыз Н.Назарбаевтың қолдауымен ашылған емдеу орталығының жетістіктерінің бір сарасы осындай болып, менен басқа да азаматтарға шапағаты тиюде.

 Сондықтан осы бір жүрекжарды лебізімді «Егемен Қазақстан» газеті арқылы білдіруді парызым деп санадым.

Аманкелді БАБАЙБЕКОВ,

Қарқаралы қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы

Қарағанды облысы