Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттерді жүзеге асыру барысында Ақмола облыстық судьялар қауымдастығының атсалысуымен дархан даланың данагөй билерінің қасиетті есімдері ұрпағымен қайта қауышты. Әлемдегі ешбір халықтың тарихында кездеспейтін, жалғыз-ақ қазақтың санасында сақталған, заманында ұлтымыздың қоғамдық өміріне қалтқысыз қызмет еткен билер қызметі бүгінде өнеге алар байлығымыз санатында. Бәтуалы билер шешімінің салмағы қазақ қоғамындағы хан билігімен қатар тұрған. Хан билігі өз биігін қамтамасыз ету үшін билердің билігіне жүгінген. Ілкі заманда би әр уақытта халықтың атынан сөйледі және оның шын жанашыры болып саналды.
Таяуда Көкшетау қаласының Бірлік шағын ауданындағы бұрынғы Новоселов көшесінің аты өзгертіліп, оған Бапан бидің есімі берілді. Бапан Тұраналыұлы – Қанжығалы Бөгенбай батырдың немересі. Артына өлмейтін сөз, шындыққа суарылған шешім қалдырған көрнекті тұлға. Осы көшеге облыстық соттың судьялар корпусы бидің бейнесі кескінделген билборд орнатты. Мұндай игі іс жалғыз емес, облыс орталығындағы Западная көшесі Байдалы бидің, Заводская көшесі Саққұлақ бидің есімдерімен аталатын болды.
Байқал БАЙӘДІЛ,
Ақмола облысы
«Егемен Қазақстан»