Тарих • 06 Қыркүйек, 2018

Археологтар Арқада ақылдасты

592 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Археологтар Арқада ақылдасты

Қарағанды облысында ұлы ға­лым Қаныш Сәтбаевтың ғы­лыми бастамалары мен мұра­сын дәріптеу мақсатында «Қ.И.Сәт­баев – Тұлға. Патриот. Ға­лым» деген тақырыпта ха­лық­аралық симпозиум өтті. Об­лыс әкімі Ерлан Қошанов ауқымды басқосуға еліміздің әр өңірінен және бірқатар шетел­дерден арнайы келген археолог ғалымдармен кездесті. Олар­дың қатарында Ежелгі Шығыс Азиядағы темір дәуірін зерттеу орталығының директо­ры, Жапонияның Эхимэ уни­вер­ситетінің профессоры Ясую­ки Мураками, Ресей Ғылым ака­демиясы Археология инс­ти­тутының профессоры Сер­гей Кузьминых, Урал мем­ле­кеттік университетінің (Ека­те­ринбург қ.) профессоры Люд­мила Корякова, Е.Бөкетов атын­дағы ҚарМУ-дың профессоры Сағындық Жауынбаев, Сарыарқа археологиялық инс­­­титутының ғылыми қызметкері Игорь Кукушкин сияқты белгілі зерттеушілер бар. 

– Қарағанды өңірінің жер қойнауы ғана емес, тарихы да аса бай, – деді кездесуде сөз алған облыс басшысы. – Ғалымдары­мыз Арқа төсінің талай құпиясын ашқан, дегенмен, өлкеміздің әлі қаншама ашылмаған сыры бар. Сондықтан сіздердің алдағы зерттеу жұмыстарына қосар үлестеріңіз зор.

Жапон ғалымы Қарағандыға осымен төртінші мәрте келіп отыр екен. Ол бұған дейін Қар­қа­ралыдағы Кент тауының қат­парларын зерттеу экспедициясына қатысқан. 

– Тарихи жерлермен таны­сып, ғылыми қазба жұмыс­тарына қатысуға профессор С.Жа­уын­баев бастаған экспеди­ция зор мүмкіндік берді. Қарағанды облысында металл өндірісін терең түсінуге болады. Мен қа­зақстандық ғалымдармен архео­логиялық жұмыстарды одан әрі жалғастыруға мүдделімін, – деді Ясуюки Мураками. 

Ал Ресей Ғылым акаде­мия­сының өкілі С.Кузьминыхтың  айтуынша, талай ғасырлар бұ­рын қазақ жері Еуразия ке­ңіс­тігін түрлі металдармен қам­тамасыз еткен үлкен орта­лық болғанын дәлелдейтін архео­логиялық айғақтар бар. 

– Орталық Қазақстандағы тау-кен ісі мен металлургияның бастауында Қаныш Сәтбаев тұр, – дейді археолог. – Оның ісін қа­з­ақстандық археологтардың бірнеше буыны жалғастырған. Десек те, зерттеуді қажет ете­тін тың дүниелер әлі де көп. Мы­салы, профессорлар Я.Мура­ка­ми мен С.Жауынбаев біздің дәуі­рімізден де бірнеше мың жыл бұрынғы қола дәуірінде темір өндірісі болған деген тұжырымға бастайтын маңызды дәйектерге қол жеткізді. Бұл аса тың әрі таңғажайып мәселе. Бұл материалдар Еуразия ке­ңістігіндегі металлургияның қалыптасу тарихын зерттеуге айтарлықтай жаңалық болып енбек.

Кездесуді қорытындылаған Ерлан Қошанов симпозиумға қатысушыларға алғысын біл­діріп, туған өлке тарихын мақтан тұту, барымызды көрсете білу перзенттік парыз екенін еске салды. 

– Бұл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында алдымызға қойған мем­­лекеттік маңыздағы тап­­сыр­малардың бірі, – деді Ер­лан Жақанұлы. –  Яғни тарихымызды зерделеу, археологиялық қазба жұмыстары мен ғылыми зерттеулерге ден қою керек. Бұл жұмыстарға мемлекет тарапынан қаражат бөлінеді. Ғылыми жұмыстарға шетелдік мамандар да үлес қосса, мүм­кіндіктеріміз арта түспек.

Биыл Қарағанды облы­сын­дағы Сәтбаев қаласы өзінің 45 жылдығын атап өтуде. Симпо­зиум жұмысы аты да, заты да металлургиямен, қазақ кен ісі­нің атасы Қаныш Сәтбаевтың есімімен тығыз байланысты шаһарда жалғаспақ. Осы ғылы­ми жиында кеңес құрған ғалым­дар келешекте бірлесе жұмыс істемек. Олардың ізденістері мен еңбектері ел мен жер игі­лігіне қызмет етері күмәнсіз.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ