Білім • 06 Қыркүйек, 2018

Жамбыл өңірінде жаңа оқу жылында 447 мектеп жұмыс іс­­­теп тұр

726 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жамбыл өңірінде жаңа оқу жылында 447 мектеп жұмыс іс­­­теп тұр

Жыл өткен сайын отандық білім беру саласы көптеген жаңашылдықпен ерекшеленуде. Еліміз бойынша жаңартылған білім беруге көшу жалғасын тауып, жаңа буын оқулықтары енгізілді. Сонымен қатар бүгінде сапалы білім беру арқылы озық ойлы жас буынды қалыптастыру уақыт талабы болып отыр. Осы орайда мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп, білім саласына қамқорлық артты. Талай жастың шетелде білім алуына мүмкіндік жасаған «Болашақ» халықаралық бағдарламасына 25 жыл толды. Нәтижесінде ширек ғасыр уақыт ішінде жастардың жаңа буыны қалыптасты деуге болады. Сонымен қатар Назарбаев зияткерлік мектептерінің құрыл­ғанына 10 жыл болса, «Дарын» мектептерінің ашылғанына 20 жыл болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, биыл білім саласы үшін мерейлі жыл деуге болады. 

Сол сияқты, ағымдағы жыл Жамбыл облысында да бі­лім са­ласында табысты болды. Жаңа оқу жылында 9 мектеп пай­да­ла­нуға берілді. Осы уақыт­қа дейін Тараз қаласындағы «Бәй­­те­рек» ықшамауданында мек­теп­тің жоқтығы үлкен мәселе ре­тінде талай рет көтерілген бола­тын. Енді міне, аталған ықшам­ауданнан жаңа мектеп бой кө­тер­ді. Сонымен қатар облыс орта­лығынан №24 мектеп пен шаһар құрамындағы Шөлдала иінінен тағы бір жаңа мектеп пай­далануға берілді. Талас ауда­нының Қасқабұлақ ауылынан да Қасқабұлақ орта мектебі, Меркі ауданының Тескентоған ауылынан №23 орта мектептің жаңа ғимараттары салынды. Қордай ауданының Көктөбе ауылынан №40 мектеп пен Соғанды ауылынан №33 мектеп халық игілігіне берілді. Ал Жуалы ауда­­­­­­нының Қызыларық ауылынан Ы.Алтынсарин атындағы №17 орта мектеп пен Байзақ ауданының Байзақ ауылынан №4 мектеп ғимараты салынып, жергілікті халықтың көңіліне керемет күй сыйлады. Жамбыл өңіріндегі мектептердің ашылу салтанатына облыс әкімі Асқар Исабекұлы қатысып, жаңа буын жастардың білім алуына барлық жағдайдың жасалғанын, сондықтан да тек сапалы білім алып, болашаққа бет түзеу керектігін айтты. 

Білім арқылы білік қалыпта­сады. Бүгінгі жастардың, ертең­гі ел азаматтарының бойын­да­ғы парасаттылық пен кемел­дік мектеп қабырғасында жүрген­де қалыптасатыны сөзсіз. Сон­дық­тан да мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған тиісті қолдау мен қамқорлықты келешекке тартылып отырған инвестиция деуге болады. 

– Облыста білім беру жүйе­сін дамытуға ерекше назар ауда­рылуда. Аталған саланы қар­жыландыру мақсатында ағым­дағы жылы 106,1 миллиард теңге бөлінді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8,0 процентке артық. Оның 7,4 миллиард теңгесі білім беру нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеуге арналған. Нәтижесінде апатты жағдайдағы 3, үш ауысымда жұмыс істейтін 3 және оқушы орны тапшылығы бар 3 мектептің мәселесі шешіліп отыр, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова.

Жамбыл өңірінде жаңа оқу жылында 447 мектеп жұмыс іс­­­теп тұр. Ал биыл 14 білім беру мекемелерінің құрылысы жүр­гі­зілген болса, жаңа оқу жылында 9 мектеп пайда­лануға берілді. Ал қалған 5 білім ошағы келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. 

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы