Бокс • 06 Қыркүйек, 2018

Данияр Елеусінов Бостонда жұдырықтасады

410 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кәсіпқой рингте жартылай орта салмақта күш сынасып жүрген Қазақстанның танымал боксшысы Данияр Елеусінов өзінің келесі жекпе-жегін 20 қазанда АҚШ-тың Бостон қаласында өткізеді.    

Данияр Елеусінов Бостонда жұдырықтасады

Әуесқойлар арасында Олимпиада және әлем чемпионы, Азия ойындары мен құрлық біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы атанған қандасымызды кәсіпқой рингте күш сынасып жүгеніне жарты жылға жуықтап қалды. Сол аралықта Данияр үш кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Тұсаукесер бәсекесінде америкалық Ноа Кидті үшінші раундта ұрып жықса, одан кейін Венгрияның қос өрені – Золтан Шабо мен Габор Горбичті ұпай санымен ұтты.

Ал Данияр Елеусінов шаршы алаңға шығатын кештің басты жекпе-жегі ұлыбританиялық Билли Джо Сондерс пен америкалық Деметриус Андраде арасында өтеді. Орта салмақта жұдырықтасатын бұл боксшылардың екеуі де мықты. Атап айтсақ, 29 жастағы Тұманды Альбион елінің өкілі 2009 жылдан бері 29 мәрте шаршы алаңға шығып, барлық бәсекеде басымдық танытты. 12 кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Қазіргі кезде Сондерс WBO нұсқасы бойынша чемпиондық атақты иеленіп отыр.

Кезінде әуесқойлар арасында әлем чемпионы атанған Андраденің де кәсіпқой боксты серік еткеніне 10 жылға жуықтап қалды. Содан бері 25 бәсеке өткізген АҚШ-тың 30 жастағы саңлағы сол кездесулердің барлығын жеңіспен аяқтады. 16 қарсыласын ол нокаутқа жіберді.   

 

 Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»