Аймақтар • 07 Қыркүйек, 2018

Жамбыл облысында жазушылар одағының көшпелі отырысы басталды

549 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Қазақстан Жазушылар одағы әдебиет үшін маңызды бірқатар жобаларды қолға алып, оның жүзеге асуына себепкер болуда. Жуырда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, Астана төрінде бас шаһардың жиырма жылдық мерейтойына орай «Ақ ордалы Астана» атты халықаралық поэзия фестивалін ұйымдастырған болатын. 

Жамбыл облысында жазушылар одағының көшпелі отырысы басталды

Австралия, Ресей, Армения, Қырғызстан сияқты көптеген мемлекеттер қаламгерлерінің Астана төрінде басын қосып, оларды байтақ Қазақстанның көрікті жерлерін таныту мақсатында Баянауыл және Бурабай жерлеріне саяхат ұйымдастырған еді. Оған қазақтың бірқатар көрнекті ақындары мен жастар қатысып қайтқан болатын. Сонымен қатар, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында қаламгерлердің кітаптарын шығару және насихаттау бағытында да елеулі жұмыстар атқарып келеді.

Бүгін Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен еліміз бойынша бастау алған Қазақстан Жазушылар одағының көшпелі отырысы тұңғыш рет Әулиеата өңірінде өтті. Одақ төрағасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ұлықбек Есдәулет бастаған делегация Әулиеата өңіріне арнайы келіп, жамбылдықтармен жүздесті. Кездесуге Жамбыл облысында тұратын Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері мен қоғам қайраткерлері, сонымен қатар облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.

Өз сөзінде Ұлықбек Есдәулет бүгінгі таңда Қазақстан Жазушылар одағының қолға алып жатқан жобаларымен таныстырып, келешек жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар, қасиетті қарашаңыраққа мемлекеттің көрсетіп отырған қамқорлығын да атап өтті. Кездесу барысында белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов өзінің адам және қоғам, ұрпақ тәрбиесі туралы ойларымен бөліссе, танымал суретші Еркін Нұразхан тағылымға толы тағдыр иелері жайлы өзінің ойын айтты.

Кездесу жалпы еркін форматта өтті. Жиынды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали жүргізіп отырды. Келелі кездесуде Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Несіпбек Дәутайұлы әдебиеттегі талант пен таным туралы өзінің ойын ортаға салды. Ал ауылда тұрса да ақын атанған табиғат жыршысы Қуандық Шолақ жергілікті қаламгерлер шығармашылығын тиісті деңгейде насихаттау туралы ойын айтты. Сонымен қатар, жалпы қатысушылар Ұлықбек Есдәулетке өздерінің сауалдарын жолдап, тиісті жауап алды.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы