Парламент • 10 Қыркүйек, 2018

Н.Нығматулин Беларусь елшісін дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады

353 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Анатолий Ничкасовты дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады.

Н.Нығматулин Беларусь елшісін дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады

Ширек ғасыр ішінде, біздің елдеріміз арасында қарқынды саяси үнқатысу мен терең экономикалық байланыстар орнап, өзара іс-қимыл жан-жақты өнімді дамып келеді. Н.Нығматулин атап өткендей, бұл екі ел Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Александар Лукашенконың өзара түсіністік пен достық ниетке  негізделген бірлескен тиімді еңбегінің нәтижесі. 

Мәжіліс Төрағасы Беларусь мемлекеті Қазақстанның маңызды стратегиялық әріптесі екенін алға тарта келіп, Анатолий Ничкасовтың екі ел арасындағы іс-қимылды дамытуға айрықша үлес қосқандығына тоқталды. Бүгінде өзара ықпалдастық және парламентаралық әріптестік жыл сайын жаңа биіктерді бағындырып келеді.

Өткен бес жыл ішінде, екіжақты байланысты тереңдету жолында барлық деңгейде белсенді жұмыстар атқарылғанын айта келіп, Палата Спикері елеулі еңбегі үшін елшіге алғыс білдірді.  

Өз кезегінде Анатолий Ничкасов біздің елде еңбек еткен жылдар қызмет жолындағы ең жемісті кезеңнің бірі болғанын атап өтті.