Өнер • 11 Қыркүйек, 2018

Әнші мерейі

686 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Шымылдықтың сыртында тұрған әншінің бүгінгі жүрек толқынысы ерекше. Күн сайын осы бір кең сарайдың сахнасын сан мәрте басып, сырлы саз төгілген ғаламат даусымен тыңдарманының құлақ құрышын қандырып, керемет сезімге бөлеп жүрген өнерпаз көңілі өрекпіп, жаны бір сәт те тыныштық табар емес. Ол нешеме күлкісіз күндер мен ұйқысыз түндерін осы сәттің ертең естен кетпес естелікке айналуы үшін құрбан етті. Жолында кездескен есепсіз қиындық пен өлшеусіз төгілген маңдай терін елеместен тегеурінді еңбектенуін тоқтатпады. Сол табандылығының арқасында ол Францияның «Гранд Опера» сынды атағы айдай әлемді аузына қаратқан жаһанға ортақ жауһар театрларының салтанатты сахнасын бағындырды. Солай бола тұрса да, әсем үнімен әлемді таңдай қаққызған актрисаның дәл осы сәттегі жүрек дірілінің салиқалы себебі бар.  Ол бүгін әні арқылы елімен сырласады. Себебі...  

Әнші мерейі

Бас шаһар төріндегі «Астана Опера» сахнасындағы әнші­нің асқан та­л­ғампаздықпен ірікте­ліп, тек таңдаулы әндері шырқа­лар мерейлі кеші Астана­ның 20 жылдығына арналды. Өнер­дегі өрелі жеңістерін еңселі елорда­ның тағылымды тарихымен егіз өр­ген шығармашы­лық иесі, әйгілі опера әншісі, «Астана Опера» театрының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамед­қызы «Астана – асыл арманым» атты бұл концертіне айтулы жа­ңа­лығымен келіпті. Өнер кешінде Дж.Верди, Дж. Пуч­чини, Ж.Массне, Х.Хименес, Ф.Бар­бьери, И.Кальман, Ф.Легар, Д.Шостакович, И.Дунаевский, Н.Жиганов сынды композиторлар операсынан  үзінді ариялармен қатар, опералар мен оперетталардан сахналық көріністер шырқалды. Сондай-ақ, елорда тұрғындары мен қонақтары көптен күткен музыка мейрамында операдан бөлек, көпшіліктің сүйікті халық әндері мен түрік, ұйғырдың дәстүрлі музыкасының да табиғатына тереңнен бойлады.

– Майра деген әнші бар еке­нін тыңдармандарыма дәлелдей­мін жүріп ширек ғасырдың қалай өтіп кеткенін байқамай қалып­пын. Жалпы, мен өте бақытты әншімін. Елбасының арнайы шақыруымен Астанаға, осындай салтанатты театрға келіп, халқымның өнерін өрістетуге, елімнің дамуына қарлығаштың қанатындай су сепкендей болсын атсалысып жатқаныма өзім­ді шексіз бақытты санаймын.  Міне, биыл елордамызға 20 жыл толып отыр. Жалпы, Астана күнін тойлау әнші үшін тек Астана жайлы ән айтумен шектелу емес менің түсінігімде. Ол «Осы уақыт аралығында қазақ өнерін дамыту жолында қаншалықты үлес қосып, пайда келтіре алдың?» деген сауалға өзіңнің алдыңда есеп беру деп ойлаймын. Сол мақсатта да осы шығарма­шы­лық кешімді ұйымдастырып, халқыма өнерден шашу шаш­қым келді. Жалпы, бұл концерт өзінің сантараптылығы­мен ерекшеленеді деп ойлаймын. Классикалық опера ария­ларынан бастап, халық әндері мен  музыка жанрларының ішіндегі ең күрделісі саналатын Испанияның сарсуэлаларын, сондай-ақ Түркия, Армения, Испания мемлекеттерінен мені құттықтауға арнайы келген әріптестеріммен дуэт, трио болып ән шырқаймыз. Талғампаз тың­дар­манымның көңілінен шығады деп сенемін», дейді ән­шінің өзі шығар­ма­шылық кеші жөнінде.

Майра Мұхамедқызы Париж ұлттық операсы, Лотарингия ұлттық опера­сы (Нанси қ.), Канн театры, Ренна опера теат­ры, Бордо театры, Вашингтон ұлттық опе­расы және тағы бас­қа әлемнің ең үздік театр­­л­арын­дағы опера классикасының жау­һар туындыларындағы басты партия­ларды табысты орындап, қайталанбас үні арқылы қазақ атын жаһанға танытып жүрген ұлтымыздың талантты өнер­паздарының бірі. Францияның әйгілі «Гранд Опера» театрында ән шыр­қаған алғашқы һәм жалғыз қазақ. Бұдан бөлек, ол  лондон­дық Кадоган-холлда, берлиндік Концертхаусте, Венадағы Хофбург сарайында, Париждегі ЮНЕСКО залында, пекиндік «Жон Шань Ли Тан» залында және т.б. Еуропа мен Азияның, Американың беделді залдарында жеке концерттерімен үнемі өнер көрсетіп, қазақ өнерінің абыройын асқақтатып, мерейін үстем етіп келеді. «Астана – асыл арманым» атты бұл концерттік бағдарламасы – әншінің әлем сахналарынан жинаған сол үздік тәжірибелерінің жемісті нәтижесі. Өнер иесінің сахналық серіктестерінің арасында – Мирелла Френи, Роберто Аланья, Марсело Альварес, Сергей Лейферкус, Кристина Гайардо-Домес, Стивен Костелло, Бюлент Бэздуз сияқты көптеген опера жұлдыздары бар. Аталған әншілердің бірқатары кеш иесін құттықтау үшін арнайы елордамызға келіп, «Астана Опера» театры сахнасында әріптестеріне арнап әдемі ән­нен шашу шашты. Олардың қатарында Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян (бас), Анкарадағы Мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі Мұрат Қарахан (Түркия), Карлсруэдағы (Германия) Баден мем­лекеттік театрының үздік солисі Родриго Поррас Гаруло сынды талантты өнер­паздар бар. Ал концерттің дири­жерлік тізгіні есімі әлемге әйгілі маэстро Фран­ческо Иван Чампа (Италия) мен Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының шығармашы­­лық жұмыстар бойынша кеңес­шісі әрі бас дирижерінің орын­басары Абзал Мұхитдинов­­­тің басқаруында ғаламат музы­ка кешімен көрермен көңілі­не бе­рік орнықты. Әсіресе кон­церт­тегі Майра Мұхамед­қызы мен Родриго Поррас­тың орындауындағы Ж.Массненің «Манон» операсындағы Манон мен Де Грие дуэті актерлік һәм әншілік кәсіби шеберліктің үз­дік үлгісін көрсетіп, шығармашы­лық кештің көркемдік деңгейін жаңа сатыға көтергені сөзсіз. Сонымен қатар кеш иесінің орындауындағы қазақтың халық әні  «Гүлдерайым», «Жайдар­ман», ұйғырдың халық әні «Бір пиәлә мәй» әндері мен Мұрат Қараханның орын­дауындағы түрік әні «Жаралы кө­ңіл» («Yaraly gonul») туындысы көп­ші­лік көңіліне кештің мерекелік көңіл күйін орнықтырған үздік шы­ғармалар болды. 

Ал концерттің жаңалығы болған Родриго Поррас Гаруло өзінің кең диапазонды дара даусымен кешке жинал­ған өнерсүйер қауым­ды тәнті етті. Жалпы, Родриго Поррасты қазақ өнерімен көп нәрсе байланыстырады. Соның ең негізгісі – 2012 жылы Оңтүстік Тюрин­­гияда (Германия) дирижер Алан Бөрібаев пен режиссер Ансгар Хааг­тың қолтаңбасында қойылған А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсындағы Айдар партиясын орындауы дер едік. Қазақтың ұлттық операсының жауһарын сәтті сараптаған сахна майталманы қазақ өнері мен отандық өнерпаздардың талантына деген өзінің құрметі мен шығармашылық тандемде бірлесе істеген үздік жұмыстары үшін алғысын жеткізіп, өз ризашылығын білдірді. 

«Жалпы, мен Қазақстанға алғаш келген күннен бастап-ақ бұл елді өте жылы қабылдадым. Халқы да, талантты өнерпаздары да мені жан-жақты ізденісімен тәнті етті. Алан Бөрібаев, бүгінгі кеш иесі Майра Мұхамедқызы секілді кәсіби музыка мамандарымен бірлесе жұмыс істеудің өзі мен үшін үлкен тәжірибе және сөзбен айтып жеткізгісіз ғаламат шығармашылық қуа­ныш сыйлады. Сол үшін де қазақ­тың талантты, білікті әртіс­теріне алғысым шексіз» деп өзінің жылы лебізін білдірді Родриго Поррас. 

Жалпы, Майра Мұхамед­қызын көп­теген өзі қатарлас әріп­тестерінен дара­лай­тын ерекше қасиеті – әншінің шы­ғар­­машылық диапазонының кеңдігі дер едік. Өнер иесі өзін дәлелдеу үшін де алдында кездескен қиын­шылықтың бәрін еңбекпен жеңуге машықтанған. Сондықтан да ол өзін өнердің қай жанрында да сынаудан қорықпайды. Кеште орындалған операның үздік партияларынан бөлек, ана сүтімен дарыған дәстүрлі өнерге деген махаббатына да елорда халқы қайталанбас музыка кешінде көз жеткізді. Шымылдық жабыл­ғаннан кейін де толассыз соғы­лып жат­қан ыс­тық ықылас – халқының сүйікті әнші­сіне деген шексіз махаббаты еді... 

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»