Аталған мәселе бойынша Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндама жасап, депутаттарға елімізде қазіргі заманғы көлік инфрақұрылымын қалыптастыру және оны халықаралық көлік жүйесіне интеграциялау, сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстан арқылы өтетін транзит ағымын ұлғайту жұмыстары жайында айтып берді.
Ақылы жолдар әлі аз
В.Божко өзінің кіріспе сөзінде Мемлекет басшысы транзиттік түсімді 2020 жылға қарай 5 млрд теңгеге жеткізуді тапсырғанын және Президент тапсырмаларының орындалуы Мәжілістің бақылауында екенін атап өтті. Оған қоса, 2017 жылы еліміз арқылы өткен жүк транзиті 17 процентке өсіп, 17 млн тоннаға жеткеніне тоқталды.
– Сарапшылардың деректеріне қарағанда, жергілікті жолдар, жол инфрақұрылымы нашар болса, халыққа көрсетілетін қызметтер бағасы екі-үш есе қымбат болады. 2018 жылы жергілікті жолдар желісін жөндеуге республикалық және облыстық бюджеттерден 145,9 млрд теңге бөлінді. Бұл саланы қаржыландыру 2017 жылмен салыстырғанда 58,9 млрд теңгеге артты. Демек, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген жергілікті жолдарды қаржыландыру көлемін 150 млрд теңгеге жеткізу тапсырмасы орындалды. Жол бойы инфрақұрылымдарын жетілдіру амалдары да жүргізілуде, – деді ол.
Мәжіліс Төрағасының орынбасары, сондай-ақ саладағы жүйелі кемшіліктерге назар аударды. Атап айтқанда, жол бойында нысандар мен инфрақұрылымдар салу мен пайдалануға беру, сондай-ақ республикалық маңызы бар автокөлік жолдарына ақылы жүйе енгізу уақытының кешіктірілуіне байланысты алаңдаушылығын білдірді.
– Жоспар бойынша 2015 жылы – 211 шақырым, 2016 жылы – 469, 2017 жылы – 5296, ал 2018 жылы тағы да 480 шақырым жолға ақылы жүйе енгізілуі тиіс еді. Бұл салада қалыптасқан оң тәжірибе бар. Қазіргі кезде «Астана–Щучинск» жолының 250 шақырымы ақылы, бұл учаскеден ғана жыл сайын 1,5 млрд теңге жиналуда, – деді В.Божко. Оған қоса, Мәжіліс Төрағасының орынбасары биыл «Қазавтожол» компаниясы Алматы-Қапшағай, Алматы-Қорғас, Астана-Теміртау бағытындағы жолдарға ақылы жүйені енгізуді уәде еткендігін еске салды.
3 жылда 1,8 мың шақырым автокөлік жолы
Үкімет сағатының белгіленген тақырыбы бойынша сөз алған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Мемлекеттік бағдарлама аясында 2015-2017 жылдары халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдардың құрылысы мен реконструкциясына 932 миллиард 4 миллион теңге, оның ішінде Ұлттық қордан – 472,8 млрд теңге бөлінгенін айтты.
– Бөлінген қаржы еліміздің барлық аймақтарында 5,6 мың шақырымнан астам жолға құрылыс жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берді. 3 жылдың қорытындысы бойынша 1,8 мың шақырым жолда қозғалыс ашылды. Барлық жобаға 80 мыңға жуық адам тартылды. Отандық өндірушілер материалдарының үлесі 95 проценттен асады. 2016 жылы аяқталған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі мемлекет экономикасына оң әсерін тигізді, – деді Ж.Қасымбек.
Оның айтуынша, жүк тасымалдау көлемінің (33 млн тонна) және транзиттің (900 мың тонна) 2,5 есеге артуы есебінен жинақталған жылдық орташа экономикалық пайда 190 млрд теңгені құраған. Жолда жүру уақыты 2 есеге, жол-көлік оқиғалары 27 процентке, өлім-жітім 35 процентке қысқарған.
Министрдің баяндауынша, еліміз бойынша өте ауқымды Орталық-Батыс жобасы жүзеге асырылуда. Бұл бағыт арқылы Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Қандыағаш, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Атырау-Бейнеу-Ақтау арасындағы көлік торабы жақсара түспек. Оған қоса Астанадан шығып, Арқалық пен Торғай арқылы өтетін жол Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарының қолданыстағы жолдар желісін жаңартуға септігін тигізбек. Қазірдің өзінде Атырау-Бейнеу-Ақтау бағытындағы жол толық жаңғыртылған. Ал Қандыағаш-Мақат жолындағы жұмыстар жалғасуда. Өйткені министрлік бұл бағыттағы жолды жаңғыртуда Ислам даму банкінің қаражатынан бас тартып, қаржыландыру көзін өзгерткен. Сол себепті Ақтөбе-Қандыағаш (60 км) және Атырау-Астрахань (60 км) бағытындағы жолды жөндеуге республикалық бюджет қаражаты жұмсалуда. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстар 2021 жылға қарай аяқталмақ. Ал келесі жылы Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Қандыағаш бағыты бойына жобалау жұмыстары аяқталып, 2020 жылы жол салу жұмыстары басталады.
– Биыл алғашқы ірі концессиялық жоба «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын» салу жұмысы басталды. Ол транзиттік ағынның Алматы қаласының сыртымен айналып өтуіне және қаланың экологиялық ахуалына оң әсерін тигізетін болады. Республикалық маңыздағы автожолдарды жөндеу мен күтіп ұстауға биыл 76,9 млрд теңге қарастырылған. 2018 жылдың соңында Денисовка-Қарабұтақ (40 км), Кеген-Жалаңаш-Сәтті (35 км) және Ақсу-Курчатов (24 км) автожолын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, күрделі жөндеу жұмыстары аясында 33 апатты көпір мен өтпежолдар, 17 жаяу жүргіншілер өтетін жол жасалады. Сондай-ақ 5 шекаралық бекет өткеліне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деп толықтырды Инвестициялар және даму министрі.
Жеңіс Қасымбектің баяндамасында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде автомобиль жолдарын дамыту» мәселелеріне байланысты саладағы ең өзекті жұмыстар да ескерусіз қалмай, жобаларды жүзеге асырудағы қиындықтар ашық айтылды.
Салынған жолдың сапасына кім жауапты?
Мәжілістің жаңа сессиясындағы алғашқы Үкімет сағатына келген Инвестициялар және даму министріне депутаттардың сауалдары көп болды. Алдымен қосымша баяндамашы депутат Нұртай Сабильянов жолдың сапасына теріс әсер ететін факторларды тізіп, бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Жолдың сапасы депутаттар сауалының өзегі болғандығын да айта кеткен жөн. Осы орайда, Жеңіс Қасымбек бүгінде республикалық жолдар желісінің сапасын қадағалау тетігі көп сатылы деңгейде жүргізілетіндігін атап өтті. Мәселен, авторлық және техникалық бақылау жолға қойылған. Ал халықаралық қаржы ұйымдары үлес қосқан жобаларды халықаралық тәжірибесі бар беделді ұйымдардың тәуелсіз сарапшылары бақылайды.
Сонымен қатар жүзеге асырылған жобалардың 3-4 жылдық кепілдік мерзімі қатаң сақталатындығына және осы уақыт аралығында анықталған ақауларды қалпына келтіруге компанияларға кепілдік қаражат арқылы ықпал етуге болатындығына тоқталды.
Осы орайда министр «Егер аталған кепілдікті мерзімде жолда ақаулар анықталса, онда компания өзінің жеке қаржысына толықтай жөндеу жұмыстарын атқаруы қажет. Бұл тұрғыда тапсырыс берушіге нысанды жаңадан тапсырады. Сонымен бірге қосымша кепілдікті мерзімдер ұзартылады», деп атап өтті.
Депутаттар тақырып бойынша талқылауларға да белсене қатысып, Инвестициялар және даму министріне ұсыныстарын жеткізді.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»