Биылғы жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен арадағы өзара сауда көлемі 8,868 миллиард долларды құрап, өткен жылдың осы кезеңдегі көрсеткішінен асып түсті. Бір айта кетерлігі, осы сауда көлемінің 92 проценті Ресеймен арадағы байланыстарға тиесілі екен.
Каспий төңірегіндегі елдермен экономикалық байланыс қаншалықты күшейді дегеннің өзінде, тағы да Ресейдің үлесі 95 процентке жетіп, 16 миллиард долларды құрады. Сыртқы сауда қарқынды дамып келе жатыр деген Иранмен арадағы көрсеткіш 0,5 миллиард доллардан сәл-ақ асады. Мұның барлығы Қазақстан үшін антиресейлік санкциялардан соғатын дауылды күшейте түсетіні түсінікті.
Сарапшы Жанат Момынқұловтың пікірінше, қазіргі экономикалық санкцияның мақсаты нысанаға алынған мемлекеттің саясатына ықпал етіп, элитасының мінез-құлқына қысым жасау, сөйтіп алған бағытынан бас тартқызу екені мәлім. 2014 жылы Ресей Қырымды өзіне қосып алғанда АҚШ пен Еуропа одағы алғашқы санкцияларды жариялады. Бұл секторалды санкциялар Ресей экономикасын құлдыратудан гөрі, аталған мемлекеттің аймақтағы әскери іс-қимылын тежеп, Минск шартын орындатқызуға бағытталды.
– Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Қазақстанның валюта бағамына сыртқы нарықтан белгілі әсерлер болғанын жасырмау керек. Аймақ үшін ең өзекті мәселе аталған көлемді санкцияларға қарсы ұжымдық шараларға қатысты болуы ықтимал. Сондықтан бұл санкциялар пакеті күрделі болғандықтан Ресеймен тығыз экономикалық байланыстағы Қазақстан өз мүдделерін бірінші орынға қоюы тиіс, – дейді сарапшы.
Биыл АҚШ Ресейге қарсы бірнеше дипломатиялық, экономикалық қысым жасау шаралар кешенін ойластырып, оның біразын жүзеге асыра бастағаны белгілі.
– Алдағы қараша айында енгізілетін қосымша санкциялар ауыр болатын сияқты. Біріншіден, бұл санкция маңызды өндіріс салаларына бағытталады. Оның екінші бір бөлігі жекелеген ірі саясаткерлерге қарсы болмақ. Санкциялар әсіресе, Ұлыбританиядағы Скрипаль оқиғасынан кейін қатты өршіп барады. Мұндай қадамдар Ресей экономикасын әлемдік экономикадан оқшаулауға бағытталуы мүмкін. Санкцияларды еш нәтиже берген жоқ деп айтуға болмайды. Рубль бағамы құлдырап, ұлттық экономикаға қысым күшейді. Мұның барлығы көршілес елдерге де әсер ете бастады, – дейді сарапшы.
Алдағы уақытта Ресейдің энергетика, технология, қорғаныс, қаржы салалары белгілі деңгейде зиян шегеді. Ең сезімтал салалар ретінде банктік және технологиялық операцияларға көбірек залал келуі мүмкін.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»