Хоккей • 11 Қыркүйек, 2018

«Барыс» ең көп гол соққан командалар көшін бастады

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) алғашқы турларының қорытындысы бойынша «Барыс» ең көп соққан командалардың көшін бастап келеді.

«Барыс» ең көп гол соққан командалар көшін бастады

Астаналық хоккейшілер ҚХЛ-дың тұрақты біріншілігінің алғашқы үш кездесуінде қарсыластар қақпасын 14 мәрте дәл көздеді. Екінші және үшінші орындарда – Финлияндияның «Йокериті» мен Омбының «Авангарды». Олар 13 голдан соқты. Төртінші сатыға 11 шайба салған Төменгі Новгородтың «Торпедо» жайғасты. Естеріңізге сала кетейік, маусымның тұсаукесер кездесуінде жерлестеріміз Нижнекамскінің «Нефтехимигін» 6:1 есебімен ұтты. Екінші бәсекеде Қазанның «Ақ Барсынан» 3:4 есебімен жеңілдік. Үшінші ойында Төменгі Новгородтың «Торпедосымен» күш сынасып, овертаймда 5:6 есебімен есе жібердік. Осы үш матчтың барлығын да «Барыс» сыртта өткізді.

Әр кездесу сайын біздің жігіттер қарсыластар қақпасына топырлатып гол соғып жатса, әрине, қуанамыз. Алайда осындай нәтижелі ойын өрнегін көрсете отырып, жеңіске қол жеткізе алмауымыз бізді қаттырақ қынжылтады. Соның саладарынан қажетті ұпайлардан айырылып жатқан жайымыз бар. Мәселен, жоғарыда айтылған үш ойында 14 гол соққанымызбен, өзіміз 11 шайба жіберіп алдық. Қазанның «Ақ Барс», Череповецтің «Северсталь», Владивостоктың «Адмирал», Мәскеудің «Динамо» және Братиславаның «Слован» клубтары да дәл сондай жағдайды басына кешіруде. Ал осы қолайсыздау көрсеткіш жағынан жоғарыда аталған командалардың алдын Хабаровскінің «Амуры» мен Новосибирскінің «Сібірі» орап тұр. Алғашқы үш турда өз қакпасына «Амур» – 13, «Сібір»14 шайба жіберді.  

Енді алдағы төрт кездесуін астаналықтар өз мұз айдынында өткізеді. Тарқатып айтсақ, 12 қыркүйекте Нижнекамскінің «Нефтехимигін», 14 қыркүйекте Төменгі Новгородтың «Торпедосын», 16 қыркүйекте Қазанның «Ақ Барсын» және 18 қыркүйекте Омбының «Авангардын» қабылдайды.

 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»