Әдебиет • 13 Қыркүйек, 2018

Екі ауданның атын өзгерткен ер

728 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жетпісінші жылдардың басында-ақ қолына қалам ұстаған Бақтияр Ерімбет газет редакциясында қызмет істеп жүріп, өзінің жазу қабі­­­­­ле­тін одан әрі шыңдай түсті. Тек қана газетке бері­летін хабар-ошар, басқа да мақалалар жазумен шектелмей, көркем әдебиетте де бағын сынады. 

Екі ауданның атын өзгерткен ер

Алғашқы тырнақалды әңгімесі 1981 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Арман қанатында» деп аталатын жинаққа енді. Одан кейін 1982 жылы сол баспадан «Көктем қоштаспайды» повесі, «Сөзстан» жинағында мақалалары, «Жалын» аль­манағының бірнеше санында, басқа да басылымдарда әдеби-сын мақалалары мен жаңа шыққан кітаптарға жазған рецензиялары жарияланды. Осы тұста мына бір жайды айта кеткім келеді. 1986 жылы «Жалын» баспасынан әлемге әйгілі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» «Ғасырдан да ұзақ күн» романы басылып шықты. Романды орысшадан аударған Шерхан Мұртаза. Міне, осы романның аудармасы туралы баспаға пікір жазып бергендердің бірі – Б.Ерімбет. Меніңше, Айтматовтай алыптың кесек­ шығармасын тәржімалаған Шерағаң сияқты сөз зергерінің аудармасына пікір жазу кез келгеннің қолынан келе бермес деп ойлаймын. 

Бәкеңнің очерк, көсемсөз жанрында да жазған дүниелері аз емес. Тіпті сонау 1980 жылы «Қайнар» баспасынан шыққан «Дос, жолдас, бауыр» деп аталатын, 1984 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Жасыл белес» деп аталатын, тағы басқа жинақтарға кірген очерк, мақалалары, сондай-ақ күн­де­лікті газет-журналдарда шығып тұрған дү­ниелері өз алдына бір бөлек сөз етуге тұрарлық. 

Кеңес заманында қаламгерлердің жазуы да, ой-пікір айтуы да шектеулі болғаны белгілі. Сол себепті де газет бетіндегі сірескен тіркестер мен таптаурын болған тақырыптардың шеңберінен шығу әсте де мүмкін емес еді. Дегенмен, біз жалтақтап келген Мәскеу жақта «қайта құрудың» желі есті де, оның салқыны бізге де жетті. Бұрын­ғыдай емес, шымбайға батса да шын­дықты ашық жаза бастадық. Міне, осы кезеңде Б.Ерімбет «Жұмыссыздықты жоюдың жолы қайсы?», «Журналиске жаны ашитын жан бар ма?», «Құлықсыздықтан туған құрғақ уәде», «Ақша тапшылығының астарында не жатыр?», тағы басқа кесек-кесек мақалалар жазды. Сол жылдардағы жазған дүниелерін қарап отырып, оның проблемалық, өткір де өміршең сын мақалаларды жазуға жиі қалам тартқанын байқадым.

Газет редакциясының «қара қаза­нын­да» қайнап, пісіп, жетіліп, қарапайым қыз­меткерден белгілі қаламгер дәрежесіне дейінгі жолдан өткен Бәкең 1990 жылдың шілдесінде газеттің Алматы облысы бо­йынша меншікті тілшісі болып бекітілді. Бұл қызмет оның іссапарға жиі шығып, ел арасында көбірек болуына, өмірдің өзекті мәселелерімен бетпе-бет келіп, соны елеп, екшеп жазуына көп ықпал етті. Оның әр алуан тақырыпқа өндіре жазған кезі де осы тұс еді.

Өзінің жазып отырған тақырыбын бүге-шүгесіне дейін зерттеу, нақты да керекті деректерді іріктеп ала білу, соған сүйене отырып, ой түю, пікір айту, қажет болған жағдайда сол тақырыпқа қайта оралу – Бәкеңе тән қасиет дер едік. Оның нәтижесі де жоқ емес. Сонау 90-шы жылдардың орта шенінде газетке жарияланған «Құмыра сынбай-ақ қойсын», «Біріктіріп айтса – бидікі жөн, құрастырып айтса – құлдыкі жөн болғаны ма?» деген, тағы басқа мақалалары оқырмандар арасында да, республикалық, облыстық дәрежедегі басшылар арасында да қызу пікірталас туғызған. Газетке жазылып, бір жылдан астам уақытқа созылған даулы мәселенің нүктесін Республикалық прокуратура қойған. Сөйтіп мақаланың бас кейіпкері жұмыссыз бос жүрген жеті жылдың еңбекақысын өндіріп алып, өзінің бұрынғы лауазымына қайта орналасқан.

Оның тәуелсіздік жылдары жазған Алматыдағы «Тұлпар» акционерлік қоға­мындағы (Алматы ет комбинаты) сыбайлас жемқорлықтың бет-пердесін ашқан, соның себеп-салдарын көрсетіп берген мақалалары оқырмандар тарапынан жоғары баға алды. Нәтижесінде акционерлік қоғам таратылып, барлық лауазымды тұлғалар қызметтерінен босатылды.

Қарап отырсақ, өзі газетте жұмыс істе­ген жылдары Бәкең құқық қорғау тақы­рыбына елуге жуық мақала жазған екен. Оның әрқайсысының жазылуы зор ең­бек­ті, жауапкершілікті, табандылықты, бірнеше күн көз майын тауысуды талап ететіні түсінікті. Осы орайда құқықтық журналистиканы пән ретінде оқыту мә­селесімен шұғылданып жүрген белгілі қаламгер Серік Жұмабекұлының «Егемен Қазақстан» газетінің 2015 жылғы 20 наурыз­да жарияланған сұхбатында («Жур­на­лист қоғамның заңды сақшысы іспет­ті») жазған мына бір жолдарды келтіре ке­тудің артықтығы жоқ сияқты: «... 80-жыл­дардың ортасынан, 90-жылдардан бас­тап «Еге­мен Қазақстан» газеті құқық­тық тақырыпқа терең дендей бастады. Құқық­тық журналистика сол кездер­де қоғам­дық мәселелерді құқықтық тұрғы­дан зер­деледі. Белгілі тілшілеріміз Нури Мұфтах, Бақтияр Ерімбет, Көпен Әмірбек, Құдияр Біләл секілді журналистер сол кезде заң тақырыбын кеңінен зерттеп, халыққа жеткізіп отырды».

90-жылдардың басында баспасөзде тәуелсіздік талаптарынан туындаған та­қырыптар күн сайын дерлік жазылып жатты. Әсіресе тарихтағы ақтаңдақтар, Алашорда қайраткерлері, қазақ тілі, елді мекендер мен жер-су атаулары, тағы басқалары туралы ой-пікірлер мен ұсы­ныстар жиі сөз болды. Бұл тақырыптар да журналистің назарынан тыс қалған жоқ. Қазақ тілі мен оның мәселелері туралы бірнеше мақала жазды. Тіпті тәуелсіздіктен сәл бұрын жазылған «Қазақша жазғаным үшін қызметтен кетуге мәжбүр болдым» («ЕҚ», 16 шілде 1991 ж) деген, кейінірек «Етек­тен кесіп жең болмас» («ЕҚ», 16 мау­сым 1992 ж) тағы басқа мақалалары ел тағдыры болып есептелген тіл тағдырын ашына сөз етті.

Тіл мен ономастика мәселелерін жазу, соған байланысты өзіндік ұсыныс, пікір айту – оның ізденгіштігінің дәлелі десек болтындай. Әсіресе Алматыдағы аудан атауларын қайта атау, өзгерту жө­ніндегі ұсыныстарын атап айтқан дұрыс. Газет бетінде бірінші болып осы мәселені көтеріп, Алматы қалалық әкім­дігі мен қалалық кеңестің назары­на ұсын­ды («Алматы аудандарының аты қашан өзгереді?», «ЕҚ», 20 мамыр 1992 ж). «Магаданнан бастап Мәскеуге дейінгі аралықтағы толып жатқан қала атауларының бәрін Алматыдан табуға болады» дей келіп, қаланың бұрынғы Совет ауданын – Есентай, Фрунзені – Медеу немесе Көктөбе, Октябрьді – Түрксіб, Мәс­кеуді – Керуенсарай, Ленинді – Абылайхан деп атаған жөн деген пікір білдірді.

Ал оларға неге жоғарыдағыдай атау керектігін жер-су аттарына байланысты тарихи деректерге сүйене отырып дәлелдеп береді. Көп ұзамай осы атаулардың ішінен екі ауданның аты автор ұсынғандай Фрунзе – Медеу ауданы, Октябрь – Түрксіб ауданы болып өзгертілді. Міне, баспасөздің негізгі еңбектерінің бірі – оқырманға ой салу, пікір туғызу, сол арқылы қоғамның ілгерілеуіне, жаңаша өзгерістердің белең алуына ықпал ету десек, келтірілген мысалдар соның көрінісі іспетті. 

Б.Ерімбеттің қалам тартатын тақы­рып­тары сан алуан. Жай ғана шағын жаңа­лықтардан бастап экономика, экология, мәдениет пен өнер, кино, спорт, тағы басқаларының бәрін қамтиды. Оның еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру, әскердің жай-күйін жақсарту, кадр мәсе­лесін шешу, қару-жарақ қорын толық­тыру міндеттеріне арналған «Қазақта қанша офицер бар?» («ЕҚ», 14 ақпан 1992 ж)­­ деген көлемді мақаласы Қазақстан әскері туралы алғаш рет жазылған материалдардың бірі болды. 

1996 жылдың өзінде Алматы Халық­аралық журналистика институтының студенті А.Шабденова оның шығарма­шылығы туралы диплом жұмысын жазып, қорғады. Осы жұмыстың ғылыми жетекшісі болған белгілі қаламгер, ғалым Серікқали Байменшин «шындығына келсек газеттің қара жұмысы, тақырыпты табу мен жазу, жарияланымдардың жеделдігі жағынан тілшілерге тең келу қиын. Ал Бақтияр Ерімбетов, жоғарыда айтқанымыздай, газет ісіндегі барлық буындарда қызмет атқарған, журналистік еңбектері көп шыққан... журналист. Болашақ маман үшін мұндай қаламгерлердің шығармашылығын зерттеу, үйрену көп сабақ беретін болады» деп жазды өзінің дипломдық жұмыс туралы дәйектемесінде. 

Қазақ журналистикасында өзіндік орны бар қаламгердің еңбегін шынайы бағалау бұдан артық болмас. Бүгінде жетпістің жотасына шыққан Бақтияр ағамыз зайыбы Жұпар екеуі ұлдары мен немерелерінің тілеуін тілеп, баянды өмір кешуде. Осы бір жаймашуақ тыныш өмірлерінің әрі қарай жалғаса беруіне біз де тілектеспіз.

Қали СӘРСЕНБАЙ