Бизнес • 14 Қыркүйек, 2018

Кәсіпкерлер «Бастауға» неге қызықпайды?

628 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазір жұмыс жоқ деп қол қусырып отыратын уақыт емес. Оның үстіне, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Әрине, бірден байып кетесің деп ешкім уәде бермейді, бірақ талаптансаң, жақсы табысқа жетуге болады.  

Кәсіпкерлер «Бастауға» неге қызықпайды?

Кәсіпкерлерге арналған «Бастау» жобасының да мақ­саты осы. Мемлекет оқытады, кә­сіп бастауға қажет қаражат­ты бере­ді, тек мүмкіндікті тиімді пай­далануыңыз керек. Мыса­лы, Аты­рау облысы бойынша «Бастау» жобасына 663 адам қаты­­сып, кәсіпкерлік негіздерін мең­гер­ген, алайда соның 64-і ғана жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. «Бұл – өте төмен көр­сет­кіш, – дейді «Атамекен» Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының өкілі Бауыржан Оразғалиев. – «Бастау» жобасының өңір үшін маңызы зор. Жұмыстан боса­ған азаматтарды экономиканың басқа салаларындағы жобаларға тартып, бизнеске оқытуға болады. Яғни мұны әлеуметтік жоба ретінде қарастыру керек. Оқыту мен қаржыландыруды көздейтін мемлекеттік бағдарлама қазір­гі таңда Атырауда толық іске аспай тұр. Сондықтан облыстық кәсіпкерлер палатасына жергі­лікті атқарушы органдардың белсенді қатысуымен халық ара­сында түсіндіру жұмыстарын жан­дандыру қажет».

Ал облыстық кәсіпкерлер пала­тасының басшысы Абдол­ла Идрисов биыл жоспар бо­йынша 1325 адамды оқыту қарастырылғанын, бүгінге дейін меже 50 процентке ғана орын­далғанын айтады. 22 бизнес-жоба қаржыландырылуға жіберілген, 43 жоба қаралымда жатыр.

Палата тарапынан жүр­гізіл­ген талдау жұмыстары қар­жы алу­ кезінде екінші дең­гейлі банктермен арада проблема туындай­тынын анықтаған. Атырау, Құл­сары қалалары­­ның тұрғындары қар­жы­ландыру­­ды «Даму» қоры арқы­лы жергі­лік­ті «Сбербанк» АҚ филиалы­нан ала алады. Бірақ кепілзат­тың бол­мауы немесе талаптарға сай кел­меуі, қосымша кепілдің қа­жеттілігі, өтінімдерді ұзақ қарау секілді мәселелер кәсіп­кер­лердің бастамаларына кедер­гі кел­­тіріп тұр. Осы түйінді тұ­стар тар­­қатылса, «Бастауға» қызы­ғатын кәсіпкерлер қатары да көбейер еді.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ