Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2018

Мемлекеттік қолдау арқылы мектеп ашты

535 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Табысқа төрт қабат көрпе төсеп, шалқаңнан жатып құр армандау жеткізбейді. Әуелі жоспар, сосын талап керек. Қызылжарма ауылының тұрғыны Қуаныш Дәуренбеков ойға алғанын орындау үшін алдымен облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен «Бизнес-кеңесші» оқуына қатысқан.

Мемлекеттік қолдау арқылы мектеп ашты

Талапкер жігіт білікті ұстаз­дардан алған тәлімін аздаған уа­қытта іске асырды. Ол «Туған жерге – тағзым» бағдарламасы не­гі­зінде ауылынан жеке меншік оқу орнын ашты.

Қандай істі бастасаң да қар­жыға тірелетіндігі айқын. Қуаныш «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасындағы инновациялық жобаларға ар­налған байқауға қатысады. Ке­зінде осы байқау комис­сия­сының мүшесі болғандықтан бұл жағдайды жақсы білеміз. Мем­лекет тарапынан иннова­циялық жаңалығы бар тың жобаларды қаржыландыруға берілетін тегін грантқа «қоражай салып, бордақылауға мал байлаймын, бассейн қазып балық өсіремін, спорт алаңын саламын болмаса алдыма мал саламын», деген жоспар кірмейді. Бұл мақсатқа жеңілдетілген несие бар. Тегін грант ұту үшін қолға алған кәсібің елге пайдалы әрі тың дүние болу керек. Қуаныш Дәуренбеков байқауда жеңіске жетіп, алғашқы бизнес капиталын құрап алды.

Қызылжарма ауылынан ашыл­ған жекеменшік мектепте 4 мұғалім мен 1 логопед жұмыс істейді.

Оқу орталығында бас­та­уыш және жоғары сынып оқу­­шыларына тереңдетілген мате­­матика, ағылшын тілі жә­не ментальді арифметика са­бақ­­тары жүргізіледі. Кәсіпкер ауыл тұр­ғындарының өтінішімен логопед кабинетін ашып, Ақ­төбе­ден арнайы маман шақырған екен. Баланың бәрі қабілетті емес. Араларында сөзді бұзып сөй­лейтін немесе кейбір әріп­терді дұрыс айта алмайтын тілі мүкіс бүлдіршіндер де бар. Ауыл­да тұрып қаладағы білікті маман­дарға көрсету, оқыту оңай шаруа емес.

Ақтөбеден арнайы келген логопед маман Гүлназ Ерланқызы бірталай баланың тіл мүкісі тү­зеліп қалғандығын айтады.

Аптасына алты күн сабақ өткізілетін орталықта бүгінде 50-ге жуық оқушы білім алып жатыр. Оқу ақысы да ауылдықтардың қалтасын қаға қоймайды.

Қуаныш Дәуренбеков бұл жетістіктеріне тоқмейілсіп отыр­ған жоқ. Ол болашақта IT парк­те резидент болып, виртуалды оқыту жүйесін енгізуге жә­не Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универ­ситетінің бизнес-инкубатор оқу орталығымен бірігіп, мобильді жұмыс жүйесін іске қосуға жұ­мыс істеп жатыр.

«Білікті бірді, білімді мыңды жығады» деген халық мәтелінің түйіні осы. Жаңа жобамен жұмыс істеуге тәуекелі жеткен кәсіпкер осылайша бизнесін өркендетіп қана қоймай, туған ауылының қажетіне жарап келеді.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы