Аймақтар • 14 Қыркүйек, 2018

Атырауда үй алуға мүмкіндік көп

401 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облысының 2 мың тұрғынына арзан бағамен үй сатып алуға мүмкіндік бар. Облыс басшысы Нұрлан Ноғаев, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова және «Атырау» ӘКК басшысы Марат Түсіпқалиев ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Атырауда үй алуға мүмкіндік көп

Келісімшартқа сәйкес 297 пәтерге арналған 4 нысанның құрылысы жүреді, ал тұрғын үйлер келер жылы пайдалануға берілмек. Өңір тұрғындарын бас­панамен қамту үшін  бұдан басқа да бірқатар меморандумдарға қол қойылды.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев­тың айтуынша, қазір аймақта 3 мың пәтерлі 44 көпқабатты үй салынып жатыр. Жыл соңына дейін 2 мың пәтерге арналған 34 көпқабатты үй пайдалануға беріледі. «7 – 20 – 25» мемлекеттік бағдарламасы басталғалы бері 59 өтінім қабылданып, 34-і бекі­тілген. «Нұрсая» ықшам ауда­нын­да «Жас Отау» тұрғын үй бағ­дар­ламасына сәйкес 100 пә­терлік тұрғын үй құрылысы бас­талады. Оған 29 жастан аспаған жас отбасылар қатыса алады. Пәтердің бір шаршы метрінің құны 179 мың теңгеден есептеледі.  «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Нұр­сая», «Береке» ықшам аудандарында 21 тұрғын үй салу жоспарланып отыр.

Құрылысқа қатысты тағы бір жаңалық – облыс орталығы маңында орналасқан Талғайраң ауылында 80 жекеменшік үй тұрғызылады. Ауданы 64-191 шаршы метр болатын үйдің бір шаршы метрінің құны 120 мың теңгеге бағаланған. Талғайраңда тұрғысы келетіндер жер учас­кесін алу үшін жергілікті әкім­дікте кезекте болулары керек деген шарт бар.

Жаңадан жасалған мемо­рандумдардың қай-қайсысы да баспаналы болуға ниеттілер үшін қолайлы. 

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ