Аймақтар • 14 Қыркүйек, 2018

Тәртіп сақшыларына темір тұлпар берілді

350 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Тәртіп сақшыларына темір тұлпар берілді

Тәртіп сақшыларының қыз­меті қай кезде де қырағылықты талап етеді. Қоғамның тыныш­тығын сақтауда, түрлі құқық­бұзушылықтармен күресуде полицейлердің еңбегі ерекше. Жамбыл өңірінде жыл санап сала мамандарына қам­қорлық артып келеді. Со­ның нақты көрінісі ретінде жуырда орталық «Достық» алаңында облыс әкімі Асқар Мыр­захметовтің қатысуымен облыстық Ішкі істер депар­таментінің қызметкер­леріне 68 бірлік су жаңа па­трульдік көліктің кілті табысталды. Бұл көліктер Қостанай қала­сындағы өндіріс ошағында құ­растырылған. Өз сөзінде өңір бас­шысы жұмысты талапқа сай атқару үшін материалдық-тех­никалық базаның да маңызды екенін, сондықтан да бюджеттің мүмкіндігінше жыл санап департамент қажеттіліктерін қам­тамасыз етуге тиісті қаржы бө­лініп келе жатқанын айтып өтті.

Мәселен, осы жылы атал­ған саланы жандандыруға 7 миллиардқа жуық қаржы қарас­тырылған. Бұл көрсеткіш осыдан екі жыл бұрынғы мерзіммен салыстырғанда 1,8 миллионға артық. Өз сөзінде облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев аймақ басшысына алғысын айта келіп, алдағы уақытта жемісті жұмыс істейтінін жеткізді. Айта кетейік, 68 бірлік патрульдік техника алуға облыстық бюджеттен бар­лығы 447 миллион теңге қаржы қарастырылған болатын.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы

Соңғы жаңалықтар