Қазақстан • 15 Қыркүйек, 2018

Партия Хатшысы Ақтөбеде Президенттің бес әлеуметтік бастамасының орындалуымен танысты

347 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтөбеде өткен аймақтық бастауыш партия ұйымдарының форумы облыс әкімінің қатысымен өткен пленарлық отырыста қорытындыланды. Осы күні «Нұр Отан» партиясының Хатшысы Тамара Дүйсеновамемлекеттік қызметкерлермен кездесті. Президенттің бес әлеуметтік бастамасының және жаңа партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Партия Хатшысы Ақтөбеде Президенттің бес әлеуметтік бастамасының орындалуымен танысты

Ақтөбе облысындағы 7-20-25 бағдарламасы аясындағы алғашқы жарна мөлшері кейбір категориялардағы тұрғындарға екі есе азайған. Бүгін облыс басшысы Бердібек Сапарбаев пен "Баспана" ипотекалық ұйымының төрағасы Қайрат Алтынбеков форум барысында тиісті меморандумға қол қойды.

Содан соң партия Хатшысы Ақтөбе қаласының «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында мемлекеттік бағдарлама бойынша бой көтерген тұрғын үйлерді аралады.

2018 жылы аз қабатты ғимараттар құрылысының екінші кезеңі жоспарланған. Ол жалпы көлемі 93,3 мың шаршы метр немесе 1695 пәтерлі 3,4,5 қабатты 36 тұрғын үй. Ағымдағы жылы 3043 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Ақтөбе облысы «7-20-25» бағдарламасымен несие алуға қабылданған өтінімдер саны бойынша облыстар арасында 4 орынға ие. Облыста бағдарлама шеңберінде екінші деңгейлі банктер арқылы 1165,0 млн.теңгеге несие алуға 137 өтінім қабылданса, оның ішінде 758,8 млн.теңгеге 88 өтінім мақұлданды.

Содан соң "Нұр Отан" партиясының Хатшысы Тамара Дүйсенова Ақтөбе облысындағы кәсіпкерлікке геоақпараттық онлайн-қызмет көрсетуді жүзеге асыру барысымен танысты.

Аталмыш партиялық жоба Мемлекет Басшысының «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесінде берген тапсырмасымен жүзеге асуда.Осыған сәйкес порталға кәсіпкерлер коммерциялық жалға ала алатын жер учаскелері туралы барлық қажетті ақпарат салынады.

Тамара Дүйсенованың айтуы бойынша бұл жер учаскелерін бөлу үдерісінің ашықтығын арттырып, сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың алдын алады.

Сондай-ақ, ол мектептерде берілетін тағамдардың жағдайы мен сапасын жақсартуға бағытталған «Мектеп асханаларын жаңғырту» жобасы аясында ашылған «Атамекен» тамақтану комбинатының қызметімен танысты. Қазір аталмыш комбинат Ақтөбе қаласындағы 4 мектепте қызмет көрсетіп, 3 мыңға жуық мектеп оқушысын табиғи таза өніммен түстендіруде.

Комбинат мектеп оқушыларына дұрыс тамақтануды ұйымдастыру үшін «Нұр Отан» партиясының жобасы аясында құрылды.

-Біз барлық санитарлық нормаларды сақтауға мүмкіндік беретін бірыңғай жүйе бойынша жұмыс істейміз. Балалардың тамақтану жүйесінен құрамында тағамдық қоспалар, бояғыштар бар тағамдарды алып тастап, тек табиғи өнімдерді қолданамыз, - дейді кәсіпорын басшысы Калауша Садықова.

Комбинат қызметімен танысқан соң Тамара Дүйсенова бұл тәжірибені басқа қалаларда, соның ішінде Астанада да енгізуге болатынын айтты.

Содан соң партия Хатшысы партиялық жоба бойынша Ақтөбе политехникалық колледжі жанынан ашылған ІT-орталықтың жұмысымен танысты.

Оқыту және қайта даярлау IT-орталығында "Full-stack әзірлеу", "Мобильді әзірлеу", "Big Data Analysis", "Әкімшілік деректер" бағыттары бойынша білім беріледі.

Мемлекет басшысы таяуда өткен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында қажеттілігіне байланысты ауыл және қала тұрғындарына, әсіресе жастарға шағын несие ұсыну қажеттілігіне ерекше назар аударған болатын.Елбасының Үкімет алдына жүктеген тапсырмасы бүгінде өз жемісін беруде.

Ақтөбелік Мира Жиенбаева 10 млн. теңге несие алып, бір ай бұрын мектепке дейінгі балаларды дамыту орталығын ашқан. Орталық 120-ға дейін бала қабылдай алады. Мұнда хореография, ағылшын тілін үйрену, логопед қызметі, "Гало Әлемі" тұзды шахта, ойын алаңы, медициналық кабинет және т. б. білім беру қызметтері көрсетіледі.

Партия Хатшысы осы күні мемлекеттік қызметкерлермен де кездесті.