Таным • 17 Қыркүйек, 2018

Өз ісінің майталманы

2227 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әдетте өз ісінің майталманы атанып, абырой биігінен көрінген, алқалаған әлеуметтің құрметіне бөленген айтулы тұлға туралы сөз қозғалғанда, оның бастау алған қайнары, қанатын қатайтып, жігерін жаныған ерекше сәттер мен өсіп-өнген ортасының әсері туралы білу әрқашан қызығушылық тудыратыны белгілі. Бүгінгі күні жетпістің заңғар биігін бағындырған мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, экономист ғалым және саясаттанушы Серік Достанұлы ПІРІМБЕТОВТІҢ ғұмыр тарихына, еңбек жолына көз жүгіртер болсақ, алдымыздан қажырлы еңбек пен айтулы жеңістер, әдетте қатар жүретін қиындықтар мен жетістіктер, сонымен қатар қарапайым адами қызықтар сомдаған қайраткер тұлғасы шығады. 

Өз ісінің майталманы

Талай тарландарды түлеткен Сыр елінде – Қызылорда облысының Жалағаш ауданы Аққұм ауылында дүниеге келген Серік Пірімбетов орта мектепті бітірген соң сол замандағы беделді экономикалық оқу орны Алматы халық шаруашылығы институтына оқуға түсіп, 1971 жылы қызыл дипломмен тәмамдайды. Оқуды үздік оқып, жас­тайынан зерттеу еңбегіне бейіл болған ол, студенттердің ғылыми қоғамының (СҒҚ) жұмысына белсене араласып, екінші курс­та жүргенде әзірлеген жобасымен 1970 жылы Бүкілодақтық студенттер жұмысы байқауының лауреаты атанады.

Еңбек жолын 1971 жылы Қазақ КСР Мемжоспары жанындағы Ғылыми-зерттеу экономикалық институтында алдымен кіші, сонан соң аға ғылыми қызметкері ретінде бастайды. Ал 1972-1975 жылдары сол кездегі одақтың басты оқу ордасы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспиранты, кейін ғылыми қызметкері атанды.

Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ оқу мен қоғамдық жұмысты шебер ұштастыра білген Серік Достанұлы 1975 жылы ММУ-дың Жас аспиранттар кеңесінің төрағасы болып сайланады. Дәл осындай жұмысты арада бірнеше жыл өткен соң ол туған елінде жалғастырып, 1977 жылы Қазақстанның жас ғалымдар кеңесіне басшылық жасайды. Бұл жақта да саяси ұйымның жас ғалымдар мен мамандардың қуатты шоғырын топтастырған іргелі бөлімшеге айналуына сүбелі үлес қосты.

Кандидаттық диссертациясын сәтті қорғаған соң Серік Достанұлы 1975-1978 жылдары бір кезде еңбек жолын бастаған, шеберлігін шыңдаған Қаз КСР Мемжоспары жанындағы Экономикалық институтқа оралып, аға ғылыми қызметкер, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісі лауазымдарын кезең-кезеңімен атқарды. Оқу орнындағы қат-қабат шаруалармен ғылымды қатар алып жүріп, республика халық шаруашылығын дамытудың болашағына қатысты іргелі зертеулер жүргізді.

Демократияның лебі есе бастаған 80-ші жылдардың екінші жартысы кеңестік қоғамның құлдырауға бет алған кезі ретінде есте қалғаны белгілі. Серік Достанұлының еңбек жолында маңызды бетбұрыс болған 1987 жылғы қыркүйек айында Қазақстан Компартиясы Алматы облыстық комитетіне жұмысқа шақырылып, 1991 жылдың ақпан айына дейін табан аудармай жұмыс істеген Лекторлық және болжау-сараптау тобының жетекшісі лауазымына тағайындалуы дәл осындай саяси-тарихи кезеңдерге тап келді.

КСРО-ның іргесі сөгілген және еліміз ғасырлар бойы армандаған егемендігіне қол жеткізген сол өліара шақта Серік Пірімбетов тәжірибелі ұйымдастырушы ретінде тәуел­сіз­д­ікті нығайту жолында Елбасы қолға ал­ған саяси және экономикалық бастамаларды жүзеге асыру ісіне сүбелі үлес қосты. Докторлық диссертациясының да ке­шеуілдегені осы жүктемесі ауыр, жұмы­сы қауырт шақтармен байланысты еді. Де­ген­мен, мемлекеттік қызметтің бел ортасында жүрсе де ғылымнан қол үзбеген ол 2002 жылы докторлығын сәтті қорғап шыққан болатын.

Ол 1991 жылы Қазақстан Ком­пар­тиясы Алматы обкомының Саяси жұ­мыстар және іскерлік ынтымақтастық орталығының бас директоры болып бірнеше ай жұмыс істеп, сол жылдың қазан айында Қазақ мемлекеттік телерадио хабар тарату компаниясы төрағасының экономика және менеджмент мәселелері бойынша бірінші орынбасары болып тағайындалды. Ал 1992-1994 жылдары Президент аппараты мен Министрлер кабинетінің жаңадан құрылған ТМД істері бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып жемісті еңбек етті. Бұл бөлімге жүктелген жауапкершілік салмақты еді: посткеңестік кезеңдегі дағдарыс жағ­дайында және «егемендік шеруі» кезеңін­де бұрынғы КСРО-ға қарасты республи­калардың сауда-экономикалық байланыстарын сақтап қалу мен жаңа шарттар негізінде халықаралық келісімдерді жүзеге асыру ісіне атсалысуды оңай деп көріңіз.

1994 жылдың сәуір айында Ыстықкөлде Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан басшылары бас қосып, Орталық Азия мемлекеттері одағының негізін қалау туралы  келісімге келді. Арада екі ай өт­кенде С.Пірімбетов бауырлас үш елдің Ха­лықаралық кеңесі Атқару комитетінің министр дәрежесіндегі төрағасы болып тағайындалды. Осы кезден бастап Серік Достанұлының қызметі дипломатиялық арнаға қарай ойысты. 1997-2002 жылдар аралығында Ортаазиялық экономикалық қо­ғамдастықтың Мемлекетаралық мемлекеттік кеңес төрағасының орынбасары болып жұ­мыс істеді. Оның сол тұста жарық көрген «Орталық Азиядағы өңірлік интеграция: экономикалық серіктестік мүмкіндіктері мен тәуекелдері» (Берлин, 1997 ж.), «Орталық Азия: экономикалық интеграцияның шын­дығы мен болашағы» (Мәскеу, 2000 ж.), «Қазіргі әлемдегі халықаралық экономикалық интеграция» (Алматы, 2003 ж.) сияқты монографияларының маңызы Орталық Азия интеграциясы мәселесі аса өзекті болып тұрған бүгінде арта түскені анық.

Серік Достанұлының өзі бұл жайында: «Осы кезеңнің басты нәтижесі – сол бір­лестіктің посткеңестік кеңістіктегі ең ұтым­ды құрылым болып отырған Еуразиялық эко­номикалық қоғамдастыққа айналуы еді», деп еске алады.

2002 жылдың ақпан айында Мемлекет басшысы интеграциялық үдерістерді жетік білетін, бұл бағыттағы тәжірибесі мол С.Пірімбетовті өзінің көмекшісі, «Орта­азия­лық ынтымақтастық» ұйымының ұлт­тық үйлестірушісі етіп тағайындады. Ар­тынша сол жылдың қыркүйек айында Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитетінің шешімімен аталған ұйымның Бас хатшысының орынбасары болып бекітіліп, осы лауазымды бес жылдан аса уақыт атқарды. Бұл атал­ған қоғамдастықтың бастапқы жылдары мен институционалдық қалыптасу кезеңі бол­ғандықтан, еркін сауда аймағын құру, Кеден одағын, Біртұтас экономикалық кеңістікті құрылымдау сияқты ауыр кезеңдер мен рәсімдердің болуы заңдылық еді.

Атқарылған жұмыстарды қоры­тын­ды­-
лап, болашағын айқындап берген Еуразияның басты интеграторы Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылдың 29 мамырында Ресей және Беларусь елдерінің президенттерімен бірге Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы тарихи Келісімге қол қою сәтінде сөйлеген сөзінде: «ЕАЭО туралы шартқа қол қою арқылы Жер шарының  ең ірі тұтынушылық нарықтарының бірі, энергия ресурстарының ірі экспорттаушысы болып саналатын интеграциялық бірлестіктің құрылуы заңдық тұрғыдан ресімделді. Мемлекеттердің тәуелсіздігіне кепілдік беретін негізгі ресурстар бұл бірлестіктің өзінде жеткілікті. Осылайша бүгін ХХІ ғасырдың жаңа геоэкономикалық ақиқаты дүниеге келді. Ол үлкен қиындықпен құрылды. Ашығын айтайын: біз Еуразиялық экономикалық одаққа көп қиындықпен жеттік. Алдымызда жаһандық тұрақсыздық жағдайындағы қалыптасу мен дамудың күрделі кезеңі тұр. Интеграция бізге өздігінен керемет өмірге кепілдік бермейді. Жаңа сын-қатерлер мен жаңа міндеттер болады. Біз оларды бірі­гіп шешуге және баршамыздың күш-жіге­рімізбен дағдарысты еңсеруге
дайын болуға тиіспіз», деп сипаттап берген болатын.  

2008-2013 жылдарда Серік Пірімбетов еліміздің Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды. Осы кезеңдегі бауырлас екі мем­ле­кет­тің саяси, мәдени-гуманитарлық, сау­да-экономикалық, отын-энергетика са­ла­­лар­ындағы байланысы мен қарым-қаты­нас­тарының деңгейін мемлекеттер басшы­лары­ның өзара сапарлары да айғақтай түседі.

2013 жылдың сәуір айында С.Пірімбетов Еуразия даму банкі басқарма төрағасының орынбасары, ал 2015 жылдың желтоқсан айынан бастап Еуразия даму банкінің Бішкектегі (Қырғызстан) өкілдігінің директоры болып тағайындалды.

Экономика ғылымдарының докторы, «Еуразия» халықаралық экономика академиясының академигі, Бизнес және әкімшілік басшылары халықаралық академиясының (АҚШ) құрметті мүшесі, профессор Серік Пірімбетов – Орталық Азиядағы геосаяси және геоэкономикалық мәселелер бойынша 100-ден аса ғылыми баяндамалар мен хабарламалардың авторы. Оның басшылығымен осы аймаққа арналып «Тұран» тарихи-мәдени атласы» баспагерлік жобасы және бас редактордың бірінші орынбасары лауазымында «Қазақстанның үлкен атласы» жобасы жүзеге асырылды.  

Серік Достанұлы Пірімбетовтің 40 жылдан асатын еңбегі «Достық» орденімен, бірнеше медальдармен, Қазақстан Рес­публикасы Президентінің тасқа басылған  алғысымен, ведомстволар мен қоғамдық ұйымдардың медальдарымен және естелік белгілерімен ескерілді. Ол – Қазақстан Республикасының құрметті қайраткері және Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің құрметті қайраткері, II клас­ты Төтенше және өкілетті уәкіл және I класты Төтенше және өкілетті уәкіл дипломатиялық дәрежелеріне ие. Түйіндей айтқанда, ел мұратына қызмет ету жолында Серік Достанұлы бүгінгі бедерлі белесті үлкен абырой-беделмен қарсы алып отыр.

Қамбар АХМЕТ,

«Егемен Қазақстан»