Медицина • 17 Қыркүйек, 2018

Медицина саласындағы маңызды міндет

4400 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетіндігін айтқан болатын. Оның ішінде онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдап, ғылыми онкологиялық орталық құру қажеттігін ерекше атап өтті. Өз сөзінде Мемлекет басшысы «Халықаралық озық тәжірибе негізінде ауруды ерте диагностикалаудың және қатерлі ісікті емдеудің жоғары тиімділігі қамтамасыз етілуге тиіс», деді.  

Медицина саласындағы маңызды міндет

Обырды 1 минутта анықтауға болады

Денсаулық сақтау ми­нистрі Елжан Біртанов Қазақ­станда соңғы 10 жылда өлім көр­сеткішінің 28,5%-ке төмен­деу үрдісі байқалғанын айтады. Қатерлі ісіктердің ауырт­палығын төмендету мақсатында еліміздегі онкологиялық аурулармен күрес бойынша 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар жобасы әзірленді. Жоба аясында елімізде саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін жаңа технологиялар арқылы жүзеге асыру тетіктері дамып келеді. Денсаулық сақтау Вице-министрі Олжас Әбішевтің мәлімдеуінше, Алматыдағы «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында» IBM Watson жобасы іске қосылған. Бұл жобаның басты жетістігі – бұрын онкологиялық дертпен ауыратын пациентке диаг­ноз қою үшін дәрігер 1-2 апта уақы­тын жоғалтатын, ал қазір нау­қас­қа небәрі 1 минуттың ішін­де диагноз қоя алатын дең­гейге жетіп отыр. Одан бөлек аталған жоба бойынша, емделу­ші­лердің медициналық тарихы зерттеліп, пациентке жасалған хирургиялық емнің сәттілігі 91 процентті көрсетсе, ал химиотерапиямен емдеудің сәттілігі 83 процентті көрсеткен. Жаңа жүйені жасау үшін әлем елдерінің білікті ғалымдары зерттеу жұмыстарын жүргізген. «Бұл қанатқақты жоба ретін­де жүзеге асырылуда. Осы­ған сәйкес, 250-ге жуық адам зерттелді, дәрігерлермен кездесу де ұйымдастырылды. Ақ желеңділер бұл бастама­ның тиімділігін алға тартып отыр. Себебі онкологиялық аурулар тез асқынады. Ал аталған жү­йеге мәліметтердің бәрін енгізсек, бұл өз кезегінде дәрі­гер­дің жұмысын жеңілдететін қосым­ша құрал болмақ. Нәти­жесінде, аурудың ұлғай­мауы­на септігін тигізетін болады. Қазіргі таңда тұрғындар онколо­гия институттары үшін Корея мен АҚШ-қа барып жатыр. Ендігі кезекте шетелге бару­дың қажеті болмайды», дейді О.Әбішев.

15 науқаста медициналық браслет бар

Бүгінде бірқатар өңірде кар­диологиялық ауруларды емдеу деңгейі жылдан жыл­ға жақсарып келеді. Ал диаг­нос­тикалық қызмет жоғары дең­­гей­де деуімізге болады. Ай­та­­лық, Ақтау қаласындағы №2 ем­ха­нада үш айдың ішінде 90 мың­нан астам адам электронды паспортқа көшіп, денсау­лық саласының цифрландыру ісін­де көш бастап отыр. Сонымен қатар Қарағанды, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстары денсаулық сақтау саласында белсенділік танытып, көптеген жобаларды енгізуде. Бүгінде Қарағанды облысындағы алыс аудандардан азаматты облыс орталығына жібермей-ақ, кардиограммасын цифрлы тұрғыда қашықтықтан қабылдай алады. Егер азаматтың емделу кезеңін емханаға дейін, емхананың ішінде, емханадан кейін деп 3 деңгейге бөлетін болсақ, аталған өңір бүкіл қызметті ем­хана­ның ішінде көрсету ісін жолға қойған. Жаңа технологияларды Павлодар кардио­хирургиялық орталығы да жол­ға қойып отыр.

Цифрлы технологиялар жүрек-қан тамырлары ауруларынан бөлек, адам ағзасын­дағы қант мөлшерін де жылдам әрі қашықтықтан анықтауда үлкен мүмкіндікке жол ашады. Министрліктің мәлімдеуінше, қант мөлшерін қашықтықтан бақылау жүйесі қазір Қарағанды облысында белсенді жүргізіліп жатыр. Қанатқақты жоба ретін­де медициналық браслет тағу жұмысы жүргізіліп, 15 азамат­қа аталған құрылғы берілді. «Мұ­ның басты ерекшелігі – жүрек соғысы төмендеп немесе жоғарылап кететін болса, дәрігерге автоматты түрде хабар береді. Сондай-ақ азаматты тәулік бойы қадағалап, түрлі ауытқуларын біле алады. Браслеттердің арнайы батыр­масы бар. Қажет кезінде ар­найы тетігін басса медбике дереу келіп науқастың жағ­дайын тексереді. Бұл орнынан тұруға мүмкіндігі болмай жатқан науқастар үшін қажет. Сәйкесінше, емделушілердің қол­дарында браслет болса көңіл­дері тынышталып, жүрегі­нің жағдайы жақсармақ», дейді вице-министр.

Сонымен қатар Батыс Қазақ­стан облысында электрон­ды денсаулық төлқұжатының деңгейі 93 процентке жеткен. Бұл жүйенің ерекшелігі – бұрын пациенттен түрлі қабылдаған емдерін сұрау үшін 45 минут кететін, ал қазір 2 минуттың ішінде біле алады. Бұл үшін төлқұжатын көрсетеді, дәрігер оның медициналық тарихын көре алады. Аталған төлқұжатта емделушіге жасалған оталары, қабылдаған емі, барлығы көрсетіліп тұрады.

Министрлік берген мәлімет­терге сүйенсек, елімізде 4 мил­лионға жуық хроникалық аурулар тіркелген. Қазіргі таңда медбикелер олардың үйін аралап, жағдайын білуге асығады. Ал егер жоғарыда аталған облыс­тардың тәжірибесі бойынша елімізде барлық науқасқа браслет тағылатын болса, автоматты түрде азаматтың жағдайы­ның жақсарғанын немесе нашар­лағанын базадан біліп отыруға болады.

Вице-министрдің айтуын­ша, Кореяда адамдар меди­ци­на­лық тексерістен жылына 4 рет өтеді екен. Бұл дегеніміз – аза­маттың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын аң­ғартады. Дамыған елдердің дағдарыссыз көш бастауы­ның басты себебі де денсау­лық са­ла­­сының дұрыс жолға қойыл­ғандығымен байланысты. «Цифрлы технология көмегімен қазір бірнеше бағытта жұмыс істеп жатырмыз. «Сергек камералармен» жаңа жоба бас­та­дық. Оның негізгі мақсаты – адамның терісінің түсіне, адамның көзіндегі майда тамырлары мен бет келбетіне қарай отырып, олардың ұя­лы телефонына хабарламалар жіберу. Мәселен, адамның көз тамыр­лары қызаратын болса оған емханаға барып, қара­луын өтінеміз. Сондай-ақ келе­сі жылы Денсаулық сақтау министр­лігі мен Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министр­лігінің бірлескен жұмыстары іске қосылады. Осыған сәйкес, бірінші қадам – кез келген жұмыс беруші жылына бір рет қызметкерлерін медициналық тексерістен өтуге міндетті түр­де жіберетін болады. Ал екінші қадам – Саламатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орта­лығымен жасалған келісім. Бір сөзбен айтқанда, цифрландыру – бұл технология емес, кері­сінше, денсаулық сақтаудағы мәде­ниеттің өзгеруі», дейді Олжас Амангелдіұлы.

Бүгінде Батыс мемлекеттерін қарап отырсақ адами капиталға үлкен мән береді. Дәрігерлер­дің біліктілігін арттыру мақсатын­да мамандарды шетелдерде оқыту үрдісі де үлкен сапаға жұмыс істейді. Бұл бойынша еліміздегі «Болашақ» бағдар­ламасы және Денсаулық сақ­тау министрлігінің Білім және ғылым министрлігімен бірлес­кен жобалары бар. Осыған дейін 2300 дәрігер шетелде біліп алып келді. Көптеген дамыған елдер мәселен Сингапур қала-мем­лекеті ешқандай табиғи ресурсы болмаса да, IT cаласына көп көңіл бөлу арқылы денсаулығы бойынша да, экономикалық тұрғыдан да дамыған елдердің қатарынан көрінді.

Телемедицина тетігіндегі ілгерілеушілік

Жаһандық медицинада қарқынды дамып келе жат­қан салалардың бірі – телемедицина. Елімізде телемедицина бойынша күніне 20 мың қызмет көрсетілді. Жалпы, бұл көрсеткіш жылына шамамен 300 мың адамды құрайды. «Осы бағытта жұмыс істеп келе жатқан жобалардың бірі «Дәрігер-дәрігерге» деп аталады. Себебі пациентке жергілікті дәрігер диагноз қоя алмайтын болса, ол республикалық деңгейдегі дәрігерге шығып, Skype арқылы сөйлесе алады. Мұны ұжымдаса отырып, қыз­­мет атқару десек болады. Мәсе­­лен, шалғайдағы дәрігер елі­­міз­дегі білікті маманға хабар­­ла­сып, науқастың ем қоры­тын­ды­лары мен рентген сурет­­терін көрсетеді де, бір-бірімен ақыл­дасып, кеңесе­ді. Нәти­жесінде медициналық қате­ліктер орын алмайды. Ал теле­­медицина қыз­метін көбірек қол­­данатын об­лыстарға келетін болсақ, Ақтау және Атырау өңірлері», дейді вице-министр.

Денсаулық сақтау министр­лігінің мәліметінше, аталған саланы цифрландыру бойынша медициналық сақтандыру енгізілмек. Электронды ден­саулық паспортымен 2020 жы­лға дейін 100 процент қам­ту жос­парланған. Ең негізгі бағыт – электронды денсаулық төл­­құ­жатын республикалық деңгейде іске асыру.

Нәзерке Еркінқызы

Соңғы жаңалықтар