Әдебиет • 17 Қыркүйек, 2018

Бәтима Сақауова жайлы кітап жарық көрді

650 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Есімі Жетісу өңіріне әйгілі еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің иегері, Алматы облысының құрметті азаматы Бәтима Сақауова жайлы естеліктер жинағы жарық көрді.

Балалық шағы екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарына тап келіп, еңбекке ерте араласқан Бәтима Сақауова ақтық демі үзілгенше туған өлкесінен қол үзген жоқ. Колхоздың қарапайым жұмысшысынан басталған еңбек жолы түрлі  партия, кеңес қызметінде басшылық жасауға дейін жеткізіп, абыройлы ел анасы атануға жол ашты. Жетісу өлкесінің қадірменді қариясына айналған Бәтима апа былтыр, 92 жасқа қараған шағында дүниеден өткен еді.

Тұсауы кесілген «Бәтима ана» кітабы қария жайлы естеліктер, эсселер, очерктер мен арау өлеңдердің басын біріктірген 5 бөлімнен тұрады. Кітапты өңірдің танымал журналисі, «Егемен Қазақстан» газетінің ардагері Күмісжан Байжан құрастырды. Ал оның жарық көруіне Мәжіліс депутаты Серік Үмбетов мұрындық болды.

- Ғибратты ғұмыры ел жадынан орын алып, жұртшылықтың жүрегінде мәңгілік өшпестей жатталып қалған Жетісудың азаматтары көп. Солардың бірегейі көзі тірісінде Жетісудың анасы атанған Бәтима Есболатқызы Сақауова.  Ол жайлы кітапта өңіріміздің өркендеп өсуіне өлшеусіз үлес қосқан Бәтима апамыздың көпке үлгі боларлық өнегелі өмірі мен биік адамгершілік қасиеті, жоғары ұйымдастырушылық қабілеті туралы жан-жақты айтылады, - дейді облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдар Башбаев.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы

Соңғы жаңалықтар