Әдебиет • 17 Қыркүйек, 2018

Солтүстік Қазақстанда рухани жаңғыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті

352 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресте зардап шеккен тұлғаларды ақтау, олардың есімдерін мәңгі есте сақтау жөніндегі республикалық «Қахармандар» қоғамдық қорының төрағасы, белгілі қоғам қайраткері Сабыр Қасымов жергілікті ғалымдардың, тарихшылардың, өлкетанушылардың, БАҚ өкілдерінің қатысуымен «дөңгелек үстел» өткізіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындайтын міндеттерді талқылады.

Солтүстік Қазақстанда рухани жаңғыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті

Сабыр Ахметжанұлы өз сөзінде қор ел тәуелсіздігі  үшін күрескен, осы жолда азап кешкен, құрбан болған, бірақ әлі  күнге дейін есімдері  атаусыз қалған, ескерусіз келе жатқан тұлғаларды  ұлықтау, олардың өмірлерін насихаттау, жас ұрпаққа үлгі ету мақсатын діттейтінін,бұл бағытта бірқыдыру шаралар атқарылғанымен, заңдық тұрғыдан шешілуді қажет ететін мәселелер бар екенін жеткізді.

«Бұл жағынан көрші Ресей жақсы үлгі көрсетіп отыр. Отан үшін от кешкен боздақтарды ақтау, есімдерін қастерлеу туралы ондаған заң актілерін қабылдады. Біз өз тарапымыздан қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жазаланған отандастарымыздың мәртебесін анықтайтын заң жобасын әзірлеп, Парламент қарауына ұсындық. Ел тарихынан өшпес орын алған оқиғалардың бел ортасынан көрініп, белсене араласқан арыстарды тауып, кейінгі ұрпаққа үлгі ету басты парызымыз болуы тиіс,–дейді  қор төрағасы.

 М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Сабыр Ибраев Қытай мен Ресей архивтерінде 18-19 ғасырларда болған толқулар мен көтерілістер кездерінде нақақтан нақақ жазаланған боздақтар жайлы деректер аз емес, дей келіп тарихшылардың көбіне сталиндік репрессия төңірегінен шықпайтынын сынға алды. «Қызылжар ақпарат» ЖШС-нің директоры Жарасбай Сүлейменов кеңес одағы құрамында болған көп елдер тәуелсіздік алысымен қахармандарын іздей бастағанын, бізде  бұл бағытта жүйелілік жетіспейтінін, артында іздеушісі бар арыстар ғана ақталғанын, қалғандарының тағдыры әлі белгісіз күйде жатқанын, үркіншілік, аштық жылдары шетелге ауған жұрттың бүгінгі»оралман» деп аталатын  ұрпақтары қандай мәртебе иеленуі керек деген мәселені көтерсе, зерттеуші ғалым Зарқын Тайшыбай  өткен ғасырдың 20-шы жылдары кеңес өкіметіне қарсы бағытталған Сібірдегі  көтерілістер Қазақстанды, оның ішінде теріскейді де шарпығанын жеткізді.  Ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Сағындықов кеңес архивінде көптеген қайшылықтар кездесетінін , оның бір мысалына әкесі атылды және Қарағанды түрмесінде өлді деген екі құжат алғанын, әлі күнге дейін әкесінің сүйегі қайда қалғанын білмейтінін  көлденең тартты.

Басқа да сөйлеушілер Қазақ елінің азаттығы үшін шәйіт кеткен кахармандар  аруағына бас ию әрі имандылық, әрі адамшылық, әрі жауапкершілік болып табылатынын, саяси бағалаулар Елбасы тарапынан үнемі айтылып келе жатқанын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде  ғылыми-танымдық жұмыстарды кеңінен өрістету қажет деген шешімге келді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы