Әдебиет • 18 Қыркүйек, 2018

Термин жасаудың тарланбозы

1059 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақтың ұлттық сөз қоры уақыт көш-керуенінің тоқтаусыз алға жылжуына байланысты жаңарып-жасарып, үздіксіз дамиды. Ғаламды толық қамтып отырған жаһандану дәуірінде технологиялық-инновациялық үрдістерге байланысты жаңа терминдермен байытылып отырады. Елбасымыз Н.Назарбаевтың соңғы кезде мемлекеттік тілімізді жаңа терминдермен байытуға ерекше көңіл бөлуі де тегіннен-тегін болмаса керек. Өзі өмір сүрген дәуірде қолданысқа енген терминдердің ана тіліміздегі баламасын асқан шеберлікпен дәл тауып, әдеби қалыпқа келтіріп, халықтың қолданысына енгізіп отырған ғалымның бірі Ісләм Жарылғапов болатын. 

Термин жасаудың тарланбозы

Қазақ тiлi тоқырап тұрған кездiң өзiнде Iсләм Жарылғапов лексикология, лексикография, жаңа сөздер жасау саласында 500-ден астам жаңа сөздердi, нео­логизмдердi, орыс және шет­ел тiлдерiндегi сөздердiң лек­сикалық, сөз тiркестiк бала­ма сөздерiн өмiрге алып келдi. Термин жасаушы, сөз­жа­сау­шы ғалымның төл туынды­лары – жаңа сөздерi қазақ хал­қы­ның, ғалымдарының, ақын-жазушылары мен жур­на­лис­терінiң шығармашылық шабытына қуат бердi, кәдесiне жарады. Кезiнде жазушы, драматург Асқар Сүлейменов Iсләм Жарылғаповтың көркем сөз зергерлiгi туралы «Жақсыдан сөз шығады жан секiлдi, тамырдан атқылаған қан секiлдi» деп бағалаған екен. Күнделiктi тұрмысқа енгiзiп кеткен, қалада да, ауылда да кең қолданысқа ие, тiлiмiзден түспейтiн аялдама, бал­мұздақ, анықтама, күнделiк, жан­ұя, көрермен, оқырман, саяжай, жағажай, ғарыш, зымыран сияқты көптеген жаңа сөз­дерi туған халқымен бiрге мәң­­гi жасай беретiн болады. Ескi мен жаңаны жымын бiлдiрмей жал­­ғастырып, ана тiлiмiздi сара соқ­­паққа салып жiберу үшiн кө­р­е­гендiк қабiлет пен жан-жақ­ты те­рең бiлiм, бай сөздiк қорды мең­герген сирек дарын иесi болды.

«Көп тiлден түйiп ой-сезiм,

Төл тiлдiң аршып көл көзiн.

Төлдетiп ана тiлiмдi,

Бес мың сөз қостым мен өзiм.

Саяқ сөз тарап кендейiн,

Көрсетпес сөзге деңгейiн.

Романға кiрсе әр сөзiм,

Романнан қалай кем дейiн»  деп жазады Iсләм Жарылғапов.

Бұл өлеңiнде Iсләм Жарыл­ға­пов өзiнiң тапқан жаңа сөз­дерi, сөз тiркестерi бар, шетел тiл­дерi­нен аударған балама сөзде­рiнiң жал­пы санын көрсетсе керек. Оның iшiнде жаңа сөздерi мен тер­мин сөздерi бес жүздiң басын құрайды.

Қазақстан Жазушылар ода­ғы­ның мүшесi ретiнде Iсләм Жа­рылғапов өзiне «Негр» деген лақап атты (псевдоним) таңдап алады. Бұл теңеу бүкiл саналы ғұмырында жалқаулық дегендi бiлмей, елi үшiн тер төгіп, еңбек еткенiн бiлдiрсе, екiншi мағынасы аудармашылық қызметіне байланысты айтылады. Аударма ісімен ұзақ жыл айналысқан, бұл саланы үлкен өнер деп қабылдап, шығармашылық қызметпен егiз ұғымда зор құрметпен қарап кел­ген Iсләм Жарылғапов жазушымен бiрдей тер төгiп, еңбек ететiн аудармашы заңдылық, материалдық және моральдық тұр­ғыдан көп төмен екенiне ке­йiстiк бiлдiредi. Аударма сөзi кезiнде «тудырма» сияқты қо­лайлы әрi мазмұнды мағынасын таба алмағандықтан құлаққа сiңiсiп кеткен. Шын мәнiнде «аударма» сөзi ақыл-ойсыз, сезiмсiз, қол­дың қимылымен атқарылатын әре­кет. «Туынды» қол еңбегi емес, ой еңбегiн бiлдiредi.

Көркем аударма өнерiнде үне­мi бұлжымай қолданатын тұ­рақты, тұрлаулы үлгi жоқ еке­нiн алғаш айтқан, аударма iсiне елеулi жаңалық енгiзген жан­дар­дың бiрi де Iсләм Жарылғапов едi. Көркем аударма әрбiр көркем туынды секiлдi қатып қалған үлгiден тумайды. Шалқыған шабыт­тан, сан-қилы шеберлiктен өр­бидi. Сондықтан да көркем шығарманы аудармашылар түр­лi-түрлi аударады. Олардың қай­сысы сөзбе-сөз емес түбiрдiң әсе­рiн, ой құнарын дәлме-дәл жет­кiзсе, жақын келсе, нағыз көр­кем аударма сол болады. Iсләм Жа­рылғапов бiр тiлден екiншi тiлге аударуды, аударма iсiн үлкен өнер деп түсiнедi. Бiр халық пен екiн­шi халықты үндестiретiн, жа­қындастыратын алтын арқау, дә­некер, достық көпiр деп тү­сiнедi. Шiлдедегi шегiрткедей ұшып келген кiрме сөздер ұлт­тық тiлiмiздiң бақшасына қап­тады да кеттi. Iсләм аудармалар арқылы қазақ тiлiне бiрнеше сөз қосты. Орыстың ұлы жазушысы И.С.Тургенов орыс тiлiне «шур­шит», яғни, «Камыш шуршит» («Қамыс сыбдырлайды») деген сөз қосқанын замандас­тары қуана қабылдаған. Ал Iсләмнiң тiл саласындағы рухани байлығы – сирек кездесер жайт. Қазiр қа­зақ бiткен қолданып жүр­ген басылым (издание книги), көрермен (зритель), оқырман (читатель) деген сөздер Iсләм қала­мының жемiсi. Формальды түрде қарасақ, бұл сөздер әрине, лин­гвистикалық фактiлер, бiрақ осы сөздер арқылы әрқилы сезiмдi, ойды құбылта суреттей бiлгенде, әлбетте әдеби фактiлер болары өзiнен-өзi түсiнiктi нәрсе ғой… Ғалым өмірінің соңғы жылдары қосқан оқулық (учебник), жем-шөп (корм), санамақ (считалка), мазақтама (дразнилка), ойынхана (игротека) әдемi табылған терминдер.

«Бiзде сөз жасампаздық өне­рiмен шұғылданып, көптеген сөз­дерге балама тауып, кейiн әде­би тiлде қабылданған әдеби сөз­дердi дүниеге келтiрген I.Жа­рылғапов, М.Әлiмбаев, Ә.Са­тыбалдиев сияқты ақын-жазушы, журналистерiмiз бар. Мысалы, тiлiмiздегi балмұздақ (мороженое), басылым (издания), жазы­лыс (подписка), көрермен (зри­тель), теледидар (те­ле­виде­ние), аялдама (останов­ка) сияқты сөздердiң пайда болуы iзденiмпаздықтың жақсы үл­гiсiн көрсетiп жүрген Iсләм Жа­рылғаповтың есiмiмен байланысты. Бiлгiр аудармашының кейiнгi кезде ұсынып жүрген уыз­дық (яичница), бейдауа (рак), iлдiрiк (оправа), азагүл (ве­нок), қазанама (некролог), жағажай (пляж) сияқты сөз­дерi де әдеби лексикамызды нәр­лендiруге дайын тұрған сөз­дер» деп жазды ғалым Шора Са­рыбаев 1971 жылы 27 тамыз­да «Лениншiл жас» газетiне жазған «Әдеби тiл – дiттеген мүд­де» атты мақаласында. «Егер «роддомның» баламасы ретiнде I.Жарылғаповтың ұсы­нып жүрген «анахана» сөзiн пай­даланатын болсақ, онда пер­зентхана сөзiне «яслидiң» мағы­насын жүктеу керек. «Хана» арқылы жасалған осы тақылеттес сөздер қазақ говорларында көп. Мысалы, дәмхана, атхана, майхана, мұзхана, тойхана сияқты қалтарыста жатқан сөздердi жиып-терiп, сөз байлығымызға қосу жағын ойластырсақ».

Iсләм Жарылғапов ұзақ жылдар теледидар мен радио эфирiнен сөз сөйлеп, ұлтымыздың мәде­ниетiне, әдебиетi мен тiлiне қа­тыс­ты келелi әңгiме қозғаған. «Ту­ған Қазақстан туралы ойлар», «Сөз­станға саяхат», «Сөз туралы сөз» деген тақырыптарда он төрт хабарға қатысып, сөз сөйлеген екен. «Сөз туралы сөз» атты кiтап та жазу ойында болған. Қа­зақ халқының арасындағы қысқа да нұсқа шешендiк сөз­дер мен шағын шумақтан тұра­тын нақыл сөздердiң басын құ­растырып, «Гүлгүл» деген атпен жинақ шығару да ойында жүрген. Ой-санасы өсiп келе жатқан халқымыздың жас ұрпақ өкiлдерiне арнап «Орысша-қазақша сөздiк» жасап, кiтап етiп шығаруды да армандаған. Сол кезеңдерде баспадан шыққан «Орысша-қазақша сөздiктерге» онша көңiлi толмаған. Олар бiлiмдi жандардың, әсiресе, жазушы-аудармашылардың талабын толық қанағаттандыра алмайды, жоғары талғамға сай емес деп бағалаған. Жаңа сөз жасауда бiрiншiден, қазақтың ертедегi сөз жасау тәжiрибесiне, екiншiден, орыстың классикалық және кейiнгi сөз жасау тәжiри­бесiне, үшiншiден, әлем халық­тары тiлдерiнiң бай сөз жасау тәжiрибесiне, төртiншiден, клас­сикалық және орыс лингвистикасы негiздерi философия тiлiнiң классикалық үлгiлерiне көбiрек сүйенедi.

Тiл бiлiмi ғалымдарының па­йым­дауынша, қай халықтың тiлi болмасын – ол өзiнiң байырғы тiлдiк қорын кәдеге асыру, кө­нерген, диалектизм, жаргон сөздер, синоним сөздердi пайда­ланады. Сөзжасаушы ұмыт бо­ла бастаған көне сөздердi жаң­ғыртып, уақыт ағымына сәйкес жаңартады. Ертеде жолдас сөзi – ұзақ жолға жолаушылап шыққан адамның серiгi деген мағынаны бiлдiрiп келсе, кешегi кеңестiк дәуiрде бiр-бiрiне дос, бауыр деген мағынаға ие болды. Яғни бұрынғы қолданыстағы бар сөзге жаңаша мағына берiлдi. Екiншi жолы басқа халықтардың сөздерiн өзiмiздiң ұлттық тi­лiмiзге телiп алу. Түбi бiр түркi тiл­дес халықтарының, орыс және шетел тiлдерiнен ауысып келген сөздер. Ғылыми-техни­калық, бiлiм-ғылымға байланысты ғарыш, ұшақ, зымыран, ғарыш­кер сөздерi өмiрге келдi. Үшiншi жолы тiлдiк қорымызда мүлде жоқ жаңа сөздердi жасап шығаратын тiл мамандарының, әдебиетшiлердiң шығармашылық еңбегi. Жаңа сөздердiң жалпы­халықтық қолданысқа ие болып, сiңiп кетуi де оңай емес. Жаңа сөздер мемлекеттiк терми­нологиялық комитетiнiң бекi­туiнен өткеннен кейін мерзiмдiк баспасөз бетiнде жарияланады. Ақын, жазушылардың көркем шығармаларында, журналистер қауымының жазған материалдарында жарияланып, телерадио хабарларында оқылып, жұрт­шылықтың құлағына естiлiп, бiртiндеп көңiлiне қона бастай­ды. Сәтiн салып табылған өмiршең сөздер әдеби тiл нормасына енiп, кең қолданысқа ие болады.

Кешегi кеңестiк дәуiрде ұзақ жылдар орыс тiлiндегi ученик, учащихся, читающий книги сөздерiнiң мәнiн «оқушы» деген жалғыз сөз бiлдiрiп келген болса, Iсләм Жарылғаповтың читательдi – оқырман деп аударып, жаңа сөз табуы әлгi орыс тiлiндегi бiрнеше сөздердiң аражiгiн ажыратып, тiл мәдениетiнде үлкен жеңiлдiк жасап бердi. Қазақ тiлiнiң сөздiк қорын байытатын жаңа сөздер жасауда тiл заңының талаптары сақталуы тиiс. Онсыз жаңа сөздер нанымсыз, жасанды болып шығады. Жаңа сөз жасағанда ана тiлiмiз қорына және үлкен сөз зергерлерiнiң сөзжасау үлгi­лерiне көп сүйенуге тура келедi. Дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин шығармаларында «жұмыскер» деген сөздi көп қолданып жүрдi. Ал Iсләм Жарылғапов художник слованы – суреткер деп атады. Балмұздақ сөзi балқаймақтың үлгiсiнен жасалған. Бiрiккен сөздер дыбыстардың үндестiк заңы арқылы жасалады. Алайда iшiнде балы жоқ, балдай тәттi, мұздай салқын сөз тiркестерiнен балмұздақ сөзi шығып тұр. «Аял­дама» – остановка – тоқтау, кiдiру, аялдаудан келiп осы атау­ды таңдап алады. Тоқтау сөзi ұзағырақ уақытты бiлдiредi, кiдiру сөзiндегi «i» әрпiнiң буыны қысыңқы келедi. Сөзжасаушы естiлуi жiңiшке дыбыстан қашып, ашық, жатық айтылатын «аялдау­ды» алуды дұрыс көрген. Бұл сөзжасаушының тапқырлығы. Осы аялдаманың – баяндаманың үлгiсiнде жасалғаны көрiнiп тұр. Өткен ғасырдың 40-жылдарына дейiн газет-журналдарда докладты сол күйiнде жазып келiп, қазақ жазушылары баяндама деп алатын болған.

Iсләм Жарылғаповтың аударма еңбектерi арқылы енген «өткелiн бiлмей, өзенге түспе» (Незнавший броду, не лезьте в воду), «Жаныңыз жадырасын!» (С легким паром!) дейтiн тұрақты сөз тiркестерi әбден тiлде де, ауызекi сөзде де еркiн қол­данысқа ие болды. Осы аударма арқылы келiп, ана тiлiмiздiң қорына енiп, бiте-қайнасып кет­кен жаңа сөздер мен сөз тiркес­терi, сөйлем орамдары, жазба және ауызекi тiлiмiзде жиi кез­деседi.

«Мен үшiн ең жоғары награда оқырмандар мен тыңдар­мандардың маған деген ықыласы, қазақ тiлiнде жатық сөйлеткен аударма кiтаптарым, газет-журналдарда жарияланған әңгiмелер, өлеңдер, мақалаларым туралы жұртшылықтың ризашылық сезi­мiн бiлдiрген хаттарын алдым, ауызекi сөзде жылы пiкiр­лерiн естiдiм. Мұның бәрi мен үшiн үлкен марапат» деп жазады аудар­машы, ғалым.

Биыл туғанына ғасыр толған ұлтымыздың аса көрнекті ғалымы Ісләм Жарылғаповтың мерейтойы елімізде кеңінен аталып өтіп, туған жері Қарағанды өңірі мен Алматы қаласындағы бiр көшеге, бiлiм ошағы мен мектепке есiмi берiліп, соңында қалған жазба мұраларын мемлекеттік тапсырыспен жарыққа шығару, жаңа сөздері мен терминдерін түркі халықтарының тілдеріне аудару мәселесі де кезек күттір­мейтін міндет болып тұр.

 Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Ісләм Жарылғапов мұрасын зерттеуші