Өнер • 18 Қыркүйек, 2018

Өнер тартуы

389 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры ұжымы соңғы уақытта еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан республикалық, халықаралық өнер додалары мен фестивальдарда сирек көрініп жүр еді, айтулы жаңалық өнерге жаны құштар бас шаһар көрермендерін елең еткізгені анық. Міне, сөйтіп Астананың 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған елорда төріндегі Қостанай облысының мәдени күндері аясында өнер көрсеткен ұжымның шығармашылық тынысымен танысуға тамаша мүмкіндік алдық.

Өнер тартуы

Астанадағы Оқушылар сарайында Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры ұжымы қос бірдей қойы­лымын көрермен назарына ұсынды. Жазушы-дра­ма­тург Жолтай Жұмат-Әлмаш­ұлы­ның пьесасы бойын­ша қойыл­ған «Қайырымды қала­дағы қар­лы­ғаштар» (режиссері – Ер­жан Қауланов) және «Мұң­мен алыс­қан адам» (режис­сері – Ер­сайын Төлеубай) спек­такль­дерін тама­шалағаннан кейін, көңілге түрлі сезім мен сан алуан пікір де қа­лыптастырып үлгердік.

Жазушының «Қайырымды қаладағы қарлығаштар» драма-абстракциясының оқиға өзегі негізінен Астананың сәулетті қала болып тұрғызылуы, осы жолдағы кездескен қиын­шы­лықтар мен ке­дергілер пье­са­ның бас кейіпкері – сәулетші жігіт тағдыры арқылы баяндалады. Қойылымда қазақ елінің қала салу жолындағы арманы Әбу Насыр әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Абылай хан заманынан бері қарай тарқатылып, қызықты бейнелер түзуге бірқа­тар талпыныстар жасалған. Атал­ған шығарма 2017 жылы Мәде­ниет және спорт министрлігі жария­лаған «Тәуелсіздік толғауы» бай­қауында жүлделі орынға ие бол­ған пьесалар қатарында.

Ал театр ұжымы елорда хал­қына тарту еткен «Мұңмен алысқан адам» аталатын екінші қойылымда өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы нәубет кезеңде туған жерін тастап, ел­ден жырақ кетуге мәжбүр бол­ған бір отбасының тағдыр-та­лайы оқиға өзегіне айналған. Режиссер Ерсайын Төлеубайдың режиссерлік қолтаңбасында көпшілікпен қауышқан туынды ­көрерменін Отанды сүю мен азаматтық болмысыңды сақтап қалу төңірегінде ойлантады.

Десек те, біз күткендей, І.Омаров атындағы Қостанай об­лыс­­тық драма театрының шы­ғар­машылық қуат-қарымын айғақтауға, репертуарлық сая­сат мәнін бағамдауға аталған қос қойылым толыққанды мүм­кіндік берді деп айта алмаймыз. Әрине театрдың заманауи төл драматургтермен бірлесе жұмыс істеуге, оның ішінде айтулы байқауларда топ жарған шығарманы сахнаға шығаруға деген талпыныстары құптарлық. Әйтсе де, нақты шығармашылық процесте спектакль идеясы­нан бөлек, драматургиялық шие­леніс түзу мен қойылымның сахналық көркем бейнелер сомдауында, сондай-ақ актерлік ойын мен режиссерлік сараптаудың да әлі де біраз ширыға түсуге сұранып тұрғанын аңғаруға болады. Осы орайда театр репертуары жөніндегі сауалымызға театр директоры Сабыралы Кемелбаев: «Театрымыздың репертуарлық аясы кең. Соның ішінде, әсіресе төл драматургтерімізбен етене жұмыс істегенді қолдаймыз. Сіздер тамашалаған Жолтай Әл­машұлының қос қойылымы – осы ойымыздың айғағы. «Тәуел­сіздік толғауы» байқа­уын­да жүлдегер атанған «Қайырымды қаладағы қарлығаштар» драмасы елордамыз Астана қала­сының алғаш іргесінің қа­лануы мен бүгінгі мегаполис дең­гейіне көтерілген алып ша­һардың салтанатты сәулет түзіп, әлем қызыға көз тігетін әсем орталыққа ай­налғанға дейінгі тағылымды та­рихынан сыр қозғайды. Со­ны­сымен де қойы­лымның та­қырыптық мәні құнды ғой деп ойлаймыз. Кез келген тарихи оқиға жайдан жай орын алмайды. Оның астарында қыруар еңбек пен өлшеусіз күш-жігер, табандылық жатыр. Міне, сол табандылықтың нәтижесі – бү­гінде тарихына 20 жыл толтырып отырған Сары­арқаның кіндігі Астана қа­ласы. «Қайырымды қала­дағы қар­лығаштар» арқылы көрер­менге осы ойды жеткізгіміз кел­ді», – деп жауап берді.

Рас өнердің талабы, сахна­ның міндеті – көркем бейне, шиеленісті оқиғалар арқылы көрерменіне ой салу десек, бұл талап тұрғысынан келгенде, І.Омаров атындағы Қостанай об­лыстық драма театры тарту ет­кен қос спектакльдің де тари­хи оқиғалар мен деректерді сөй­летудегі ізденісі де, жастар­дың бойына отансүйгіштік рухын сіңірудегі тақырыптық, идеялық, мазмұндық мәні де көңілге құрмет орнықтырады. Әйтсе де, театр алдағы уақытта репертуарлық бағдарламасын жанрлық ерекшеліктеріне сай жан-жақты етіп, әдеби гео­гра­фия­сын кеңейтіп, шы­ғар­ма­шылық ізденістерін бұдан да гөрі сан­тараптандыра түссе, тек Қос­танай халқы емес, елі­міздің түкпір-түкпіріндегі талғампаз кө­рер­меннің асыға күтіп, арнайы іздеп барып кө­ретін сүйікті өнер ошағына айналатынына сенеміз. Бұған театрдың да, шы­­ғар­­машылық ұжымның да қа­рымы толықтай жетеді.

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар