Әдебиет • 18 Қыркүйек, 2018

Қаламгер қазынасы

1334 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жақында «Ана тілі» баспасынан Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша қазақ прозасында детектив жанрының негізін салып, қасқа жолын қалыптаған қаламгер Кемел Тоқаевтың шығармалары жарық көрді.

Қаламгер қазынасы

Бұл көрнекті қаламгер Кемел Тоқаевтың 95 жылдығына орай шыққан – мерейтойлық бес томдық.

Кемел Тоқаевтың сүбелі шы­ғармасы «Солдат соғысқа кетті» романы бірінші томға берілді. Романға берілген «Ұлы Отан соғысында 22 жа­сында ерлік өліммен қаза тапқан политрук Қасым Бол­таевқа арнаймын», деген эпи­граммаға қарап автордың бұл шығармасына айрықша шынайылықпен, көкейін тескен тебіреністі күй­мен тол­ғай қалам тербегенін көреміз. Кө­лемді шығарманың құры­лымдық жүйесі де «Солдат күнделігінен» үзінділерімен тұз­дықтала отырып, май­дандағы қаһарлы күндер пси­хологиясы мен панора­масы тәптіштей таратылады. Оқиғалардың желісі май­дандағы өмірді жан-жақ­ты суреттеу арқылы бар қы­рынан көрінеді. Соғыстың өр­тіне кеп түскен өрімдей жас жауынгерлердің обра­зы көз алдыңа келеді, со­ғыс­тың қай­ғы-қасіреті мен қатыгездігі жа­ныңды түр­шік­тіреді. Жаралы жауын­герлер өмірі, оның жан қина­лысы, ажал аузындағы ар­па­лыс, жұлынған аяқ пен жаншыл­ған денелердің қанға боялған көріністерінің қаз-қалпында берілгені сондай, сол сұрапыл шайқастың куәгеріне айналасың. Жарылған бомба мен жауған оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің сын сағатта өзін қалай ұстап, қалай көрсететіні, олардың әрқайсысының бір-біріне ұқса­майтын көзқарасы, өмірге құштарлығы, батылдығы мен батырлығы, соған қоса кейбір кейіпкерлерінің қорқақтығы мен сатқындығы, пұшайман пенделігі секілді, әйтеуір адамда болатын қасиеттердің бәрі романда шынайы суреттеледі.

Қаламгердің шығармалар жинағының бірінші томына «Солдат соғысқа кетті» романымен қатар «Түнде атылған оқ», «Тасқын» повестері бе­рілген.

Екінші томға берілген қаламгердің кезекті күрделі шығармасы – «Соңғы соққы» романы. Күрделі деп ерекше атауымыздың мәні мынада. Алдымен қаламгердің таңдаған тақырыбына терең зерттеушілікпен барып, өт­кен өмірдің қиын-қысталаң ша­ғындағы дерегі мен дәйегі, шындығы мен аңызы араласып кеткен оқиғалардың тінін ашуға тайсалмай барғаны тәнті етсе, дәуір тынысына сай дүбірлі оқиғалардың, оған қатысты жандардың қарекеті мен күресінің құпия сырларын аша отырып суреттей білудегі қаламгерлік табандылығы қапысыз шеберлігімен баурап алады. Осы тақырыпты игеру жолында қандай қиындықтар мен кедергілердің барын біле тұра қаламын қайсарлықпен сілтей білуіне қарап қаламгер­дің рухани қуатының қандай болғанын бағалау қиын бола қоймас. Шындығында, бұл роман­ның оқиғалары мен кейіп­­керлерінің нақтылығы мен деректілігі – өткен өмірдің құ­йын желін құрықтай білумен пара-пар дерліктей еді.

Үшінші томның үлесіне «Ұясынан безген құс» романы мен «Қастандық» повесі тиіпті. Жалпы, шытырман оқиғалардың өмірдегі болмысын терең әрі өзіндік тұрғыда танып білетін, шылауында кетпей оның логикалық қисыны мен дамуын зерделей алатын қаламгер әр шығармаға шынайы шындықты арқау етуі – оның қаламгерлік кредосы деуге болады. Оқырманын бау­рап әкететін «Ұясынан безген құс» туындысынан да осы бір ізгілікті әрі иланымды ұстанымды көреміз. Мұндағы ағайын арасының татулығы, қызғаныштың құрық бойламайтыны, көреалмаушылық, мас­күнемдік, зинақорлық секіл­ді адами қасиеттер мен құн­ды­лықтарды оқиғалардың тұз­дығы ете отырып, Шеге­бай мен Нояндардың «жымын біл­­дір­мейтін жылан» жү­ріс­те­рін әшкерелейтін мілиса қыз­мет­керлерінің еңбегін боя­масыз суреттейді. Мұндағы «Ұясынан безген оңбайды...» сөзі ұлт ұясын қадірлеуге ұла­сып жатқанын меңзеу – шы­ғарманың тастүйін толғамы.

Қаламгердің көп тер төк­кен тақырыбы, қазақ прозасына тың үрдіс әкелген шы­ғармалары негізінен көпке мәлім – шытырман оқиғалы повестері. Бұл повестері – байыппен зер салуды, қаламгер ізденісінің тұрақтылығы мен табандылығының айқын ай­ғағындай болған жемісті ең­бектер. Бұл прозаға келген жаңа жанр, күрделі де тәр­биелік мәні зор, оқырманды баурау жағынан ұтқыр да ұшқыр детектив жанрының шебері ретінде танылған қа­лам­гердің шығармашылық із­­деністегі жемісті де же­ңіс­ті жылдары іспетті. Қалам­гердің бұл шығармалары («Сар­ға­банда болған оқиға», «Көш­пенді үйдің қонысы қай­да?», «Таудағы жаңғырық», «Кө­мес­кі із», «Солдат қабірінің ба­сында») төртінші томнан орын алған.

Бесінші томнан оқырман көңілді қызықтыратын сауал­дарға жан-жақты жауап-сыр­лар­ды, толғам-ойларды қа­лауын­ша таба алады дер едік. Мұндағы Кемел Тоқаев өміржолы, отбасы, өткені мен көргені жайлы ұлы, мемлекет және қоғам қайрат­кері, қазақ дипломатиясының көрнекті тұлғасы Қасымжомарт То­қаев­тың «Әке туралы ой-тол­ғауы» эссесі ерекше қызы­ғу­шылық тудырады және ас­қан ықыласпен оқылады деп білеміз. Әке мен анаға деген перзенттік махаббатпен төгілген толғауда ата-анасын сүйіп, оны құрметтеп өткен, олардың жақсылығы мен қуанышын іңкәрлікпен еске алған, оны өмір бойы ұлық тұтып үкілей білген ұлдың сағынышқа толы көңілінің мөлдір моншақтары қағаз бетіне қаз-қалпында түскен, баянсыры әсерлі де айрықша қастерлі. Жүректі тербеп, көңілге нұр құяды, перзенттік адалдықтың осын­шалық пәктігі мен парасат­тылығы, таңғы шықтай тазалығы еріксіз тәнті етеді. Баяндауы байыпты, толғауы тебіреніске толы өмірбаяндық эссенің жазылуы керемет, одан алар әсер де айрықша боларына кәміл сенімдіміз.

Әрбір шығарма қаламгердің жан толқынысынан барып туады. Ондағы кейіпкерлер, оқи­ғалар, ойлар мен сезімдер тол­ғанысы қаламгердің өмірлік танымы мен талғамының, сараптауы мен саралауының желісі мен жемісі.

Кемел Тоқаевтың болмысын, қаламгерлік қарымын тану үшін жазғандарын оқу керек. Ал оқыған жанның өз дәуі­рінің болмысын көр­кем сөзбен кестелеген қалам­гер­дің еңбегіне рия­сыз ықы­ласты болары сөзсіз.

Бес томдық – қаламгердің кемел қазынасы.

Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

«Ана тілі» баспасының директоры

Соңғы жаңалықтар