Өнер • 18 Қыркүйек, 2018

Икуру Куваджима: Маубастар галереясы

473 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Мен Обломовпын»

Икуру Куваджима: Маубастар галереясы

Фотоөнердегі автопортрет жанрының орны ерекше. Еске түсірейікші, мысалы бұқаралық мәдениет пен әлемдік өнер тарихын шебер ұштастыра білген Ясумаса Моримураның жұмыстары қандай еді? Немесе әлеуметтік наразылығын көркемдік камфуляж әдісімен білдіруді жөн көрген «көрінбейтін адам» атанып кеткен қытай суретшісі Лю Болиннің жұмыстары ше? Ал жапониялық Икуру Куваджима өзі төр деп таныған тұсқа жантая кетіп, аталған екі тәсілді автопортрет жанрымен үйлестіре отырып «Обломовтардың» өткені мен бүгінін жаңа призмадан көрсетуге тырысады.

«Қоныстанған жұрт тұтас қалаға айналуға шақ қалған Горохов көшесіндегі еңселі үйлердің бірінде таңертең өз үйі, өлең төсегінде Илья Ильич Обломов жатты». Осылай басталатын Гончаровтың әйгілі романының алғашқы сөйлемі жапон фотографы Икуру Куваджиманың уақыт пен кеңістікті тұтастырған деректі саяхатына ұласты. Романда жатып ішер масыл бола тұра жақсы өмір сүру салты мен жайлы да тыныш өмір сүруді армандайтын Обломовтың диваннан тұруға мұршасы келмейтін еді ғой. Тіпті қожайынның қууы да, пәтерді босат деп қорқытуы да оған шыбын шаққан құрлы әсер етпейтін. Жобаның «Мен Обломовпын» аталуының да бар құпиясы осында жатса керек. Гончаров бейнелеген бас кейіпкер Обломовпен автор өзін былай ұқсастырады:

 

«Мен Ре­сейде және өзге де посткеңестік елдерде 10 жылдан астам уақыт тұрып келдім. Сонда байқағаным, мұндағы уақыт АҚШ пен Жа­понияға қарағанда өте баяу өтеді. Бос уақытымды үйде жатып өткізетін кездерім көп болды. Ал «Мен – Обломовпын» атауы менің жеке басыма соншалықты қатысты деп айта алмаймын, түрлі мағынада түсіндіруге болады. Бұл өзі абстрактілі әрі екі жақты түсінік».

 

«Мен – Обломовпын» жоба­сының авторы Икуру Куваджима деректі фотосуреттері арқылы өзі қоныстанған мекеннің тау-тасынан бастап, салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі туралы кеңінен толғайды. Ұқыпты автопортреттер сериясы түрлі географиялық орындармен ғана шектелмейді, әр алуан кеңістіктің төрінде ұйықтап жатқан Икуру Обло­мовтың бейнесі арқылы жаңа бір мәдениетке өзге қырынан қарауға шақырады.

Икуру Куваджима Astana Art Show көрмесіне арнайы шақы­рылып отырған сыйлы қонақтардың бірі. Дегенмен Ику­рудың бұл Астанаға алғаш келуі емес. Бұдан бұрын Ал­матыда, Балқаш маңайында, Ақ­тауда, Қарағандыда, шырайлы Шымкентте де болған. Автор­дың аталған қалалардағы ең­селі үйлердің бірінде таң­ертең төсектен тұрмастан су­ретке түс­кен портреттік су­рет­тері алуан жайттан сыр шер­теді.

– Маған Қазақстан ерекше ұнады, тіпті алыста жүрсем сағынатын күйге жеттім. Жал­пы, кез келген жерге бар­ғанда көрнекі орындардан, әсіресе туристерге арналған жыл­­ты­рақ орындардан қашық жү­ремін. Одан да жергілікті тұр­ғындардың шынайы пікірін білген қызығырақ, – дейді фо­тосуретші.

Икуру Куваджима АҚШ-тағы Миссури университетінде журналистика мамандығында білім алған. Содан да болар, оның кез келген визуальды туындыларында журналистика элементтері айқын көрініп тұрады.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»