Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2018

Ақмола облысында 2870 орынды қамтитын 11 жатақхана салу жоспарлануда

561 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету үшін 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырған болатын. Осы бастамаға орай, Ақмола облысында барлығы 2870 орынды қамтитын 11 жатақхана салу жоспарлануда. Әйтсе де оған дейін жатақхананың жыры студенттердің айықпас мұңына айналып тұрған жайы бар.

Ақмола облысында 2870 орынды қамтитын 11 жатақхана салу жоспарлануда

Сарыала күз туа бауыр басып қалған, білім алып жатқан облыс орталығын сағынған студенттер қайтқан  құстай жөңкіледі. Бірақ, алдарында шешілер-шешілмесі белгісіз сойылдай мәселе тұр. Ол сан жылдан бері қордаланып қалған жатақхана мәселесі. Шынын айту керек, қазір ақылы бөлімде білім алып жатқан студенттер былай тұрсын, мемлекеттік оқу грантын жеңіп алған, болашағынан үлкен үміт күттіретін жастарға да жатақхана жетісе бермейді. Біз осы тақырыпты әлімізше қаузап көріп едік. Жетіспеушіліктің сыры оқу орындары басшыларының уәжіне қарағанда, студенттер санының бұрынғыдан әлдеқайда көбеюінде екен.

Себеп осы болғанымен, салдары жан жүдетерлік. Дәл қазір Көкшетау қаласында жататын жер таба алмай жосып жүрген студенттерден көз сүрінеді.

– Пәтер жалдап тұратын болдық,–дейді Абай Мырзахметов атындағы университеттің студенті Қанат Қапаров,–ауылдағы әке-шешеміздің ахуалы белгілі. Тіпті жатақханасыз қалғанымызды оларға айтудың, жандарын жүдетудің реті де жоқ. Сондықтан, демалыста елге қатынағанда хал-жайымызды сұраған ата-анамызға бәрі жақсы дей саламыз. Қазір Көкшетау қаласында бір бөлмелі үйді бір айға жалдаудың құны 50-60 мың теңге шамасында. Екі адам қосылғанның күннің өзінде ауыр. Сосын төрт-бесеуіміз бірігіп жалдаймыз.

Оқу жылы басталысымен қалта телефонымыз безгек болған баладай қайта-қайта шырылдайды. Ел жақтан келген жастар ғой. әңгіменің ау-жайы баяғы жатақхана жайында.

–Таныстарыңыз көп қой, жатақханадан бір орын алып беруге көмектесіңізші.

Жалынып сұрап тұрған соң жанымыз ашып, осы мәселені шеше алады-ау дейтіндермен тілдесіп көргенбіз. Шынымен жетпей жатыр ғой, қайтсін енді. Олар да жалына қол тигізбейді. Жоққа жүйрік жетер ме?

Күрмеуі қиын мәселені шешудің жалғыз жолы жеткілікті етіп жатақхана салу. Осы мақсатта облыста 11 жатақхананың құрылысы салынады деп жоспарланып отыр. Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің оқушыларына арналған 320 орындық жатақхана құрылысы қолға алынбақшы. Жоғары техникалық колледж 600 орындық тоғыз қабатты екі корпусты жатақхана салуды межелеп отыр. Ал, Біржан сал атындағы музыкалық және Ақан сері атындағы мәдениет колледждері 230 және 300 орындық 9 және 5 қабатты жатақхана тұрғызуды межелеген. Оларға қоса, жоғары екі оқу орнында 2870 орындық жатақхана салу қажеттілігі туындап отыр. Көкшетау қалалық әкімдігі жатақханалардың құрылысына қажетті 4,6 гектар жер телімін белгілеп, бөліп те қойған.

Өңірде жоғары және орта арнаулы білім алып жатқан студенттер мен білім алушылардың саны 25 мыңнан астам. Олардың 7500-і жоғары оқу орындарында оқиды. Ал, олардың ішінде күндізгі бөлімде білім алатын студенттердің саны 5446. Оған сырттай оқитын 2065 жасты қосыңыз. Облыстағы әралуан мамандар даярлайтын колледждерде үстіміздегі жылы 17555 білім алушы оқып жатыр. Осы арада қажеттілікті қаншалықты екендігін оқырман көз алдында елестете алуы үшін мынадай деректер келтіре кетуге болады. Дәл қазір жоғары оқу орындары студенттерінің 1500-і жатақханаға зәру болып отыр. Колледждердегі жағдай да осындай. Айталық, 38 колледждің бар болғаны 24 жатақханасы ғана бар.

Көкшетаудағы студенттерінің саны көп жоғары оқу орындарының бірі – Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті. Бұл оқу орнының күндізгі бөлімінде төрт мыңға жуық студент білім алуда. Олардың екі мыңға жуығы өзге өңірден келген жастар.

–Жатақханаға қолымыз жетпеген соң туыстардың үйін сағалағанбыз. Бірақ, мына заманда кімді-кім асырағандай,–дейді аты-жөнін айтпауды өтінген бір студент,–ұялғанымыздан кетіп қалдық. Қазір бір мекеменің түнгі күзетіне орналастым. Әрі күзетшімін, әрі жататын жерім бар. Бірақ жұрттың бәріне мұндай майшелпек табыла бере ме?

Университет жаңа оқу жылында 1331 студентті жатақханамен қамтамасыз еткен екен. Әйтсе де 750 студент қыркүйектің суығына тоңып, дірдектеп далада жүр. Университетте бес бірдей күрделі жөндеуден өткізілген жатақхана бар. Оған қолы жеткендердің айы оңынан туғанмен бірдей. Өйткені, жылына бар болғаны 31500 теңге ғана төлейді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы жас кеудедегі үміт отын лаулата жағып тұр. Университет жанындағы Смағұл Сәдуақасов атындағы ауыл шаруашылығы институтының 2,24 гектар жер теліміне 500 орындық жатақхана салынбақшы. Әзірге тығырықтан шығу үшін орталықтағы «Көкшетау» қонақ үйінен 100 орынды жалға алу мәселесі бойынша келіссөз жүргізілуде. Бұл оқу орнында «Серпін» бағдарламасымен 1250 студент оқиды. Үлкен мән беріліп отырған жобаны жүзеге асыру қажет қой.

–Жатақханамен алғашқы кезекте шалғайдан келгендер, жетім балалар, көп балалы отбасылардың түлектері және мүгедектер қамтамасыз етіледі,–дейді аталмыш университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Аманай Сейітқасымов.

Ер балалар тырбанып тіршілік етер-ақ, жатақханаға қолы жетпей мұңға батып жүргендердің ішінде қаршадай қыздар да аз емес. Жеті қараңғы түнде түнеп шығатын жер іздеп жүрген бойжеткендердің жайын ойлағанда иманың қасым болады екен. Тезірек жатақхана салынса екен деп тіледім мен. Бей уақытта қыз баласын далада қараусыз қалдырмайтын ел емес пе едік?! 

 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы