Қазақстан • 19 Қыркүйек, 2018

Судың да сұрауы бар

1963 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кез келген мемлекеттің экономикасында су ресурсының алатын орны ерекше. Әсіресе кейінгі жылдары судың тапшылығы сезілген сайын, оның маңызы одан сайын артуда. Отандық мамандар таяуда Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның қабылдануы мен Түрікменстанда өткен Арал аумағын сауықтыруға байланыс­ты саммиттегі уағдаластықтар аясында трансшекаралық суларды пайдаланудағы көкейкесті мәселелер шешімін табады деген сенімде. Осы орайда пікірлерімен бөліскен су саласының білікті мамандары жылдар желісінде қордаланған мәселелерді ортаға салды.

Судың да сұрауы бар

Еліміздегі трансшекаралық өзен­дерді пайдалану туралы келісімдер­дің тарихы әріде жатыр. Оған Қазақстанның Ресей, Қытай, Ор­талық Азия мемлекеттерімен жасал­ған өзара келісімдері дәлел болады. 1992 жылы Орталық Азияның бес мем­лекетімен Арал бассейні аясын­да су ресурстарын бірігіп пайда­лану келісімдері жасалды. Ол кезде Су шаруашылығы одақтың ми­­нис­­тр­лігіне қарайтын. Кеңес одағы ыды­рағаннан кейін судың айнала­сын­дағы мәселелер күн сайын күрде­­лене берді. Бүгінде еліміздің су ре­сурс­тарын басқару жұмысын Ауыл ша­руа­шылығы министрлігінің құрамын­­дағы Трансшекаралық өзендер де­­пар­таменті мен Су ресурс­тары жө­ніндегі комитет жүргізеді. Алайда елі­міздің су жүйесінің күр­делі мәсе­лелерін саладағы санаулы ғана ма­манның игере алмайтыны анық. 

Су саласының осындай түйт­кілдеріне тоқталған Жаһандық Су әріп­тес­тігінің Қазақстан бойынша төрағасы Нариман Қыпшақ­баев мәселе­нің күрделенуін Қазақ­­стан­ның транс­шекаралық өзендер­дің тө­менгі ағы­сының бойында ор­на­лас­­қан­­ды­ғымен байланыстырады. 

«Өзендердің жоғары ағысында отырған мемлекеттер өз мүддесін көздейтіні анық. Мысалы, Қытаймен трансшекаралық өзендерді қорғау және пайдалану туралы 2001 жылы келісімдер болғанымен, мемле­кетаралық өзендерден әр мемле­кетке тиісті судың үлесі әлі анықталған жоқ. 

Қазақстан аумағына Іле өзені­нен ағатын судың мөлшері жылына 10-12 млрд текше метрді құрайды десек, Қытаймен арада 24 трансшекаралық өзен бар. Әр өзеннің жағалауында тіршілік жыл сайын дамып келеді. Бүгінде Қазақстан мен ҚХР-дың өзендерден алатын үлесі кезінде қабылданған құжаттар аясында нақтылануда. Осы тұста Қытайдың өзеннің жоғары ағысында отырған Моңғолиямен өзара келісімге келу тәжірибесіне баса назар аударуымыз қажет», – дейді ғалым. 

Су үлесі бойынша құжаттар Сырдария мен Жайық және басқа өзендерде де анықталған. Нариман Қыпшақбаевтың айтуынша, оны жүргізуде бір олқылық бар. Кестесіне сәйкес, суға сұраныс жаз айларында артатыны белгілі.

«Бүгінде жіберілетін су жүру кестесі бұзылды. Қыста Тоқтағұл су қоймасына су жинау үшін Қырғызстанға Қазақстанның көмірі, Өзбекстанның газы берілетін. Енді осы тәртіп бұзылып, Қырғызстан өз талабына сәйкес электр энергия­сын шығаруды көбейтті де, қыста су көп жіберіліп, соның салдарынан еліміздің кейбір жерлерінде өзен арнасынан асып кетті. Ал жаз айларында өзеннің төменгі ағысында отырғандар су тапшылығына ұшырады. Осылайша, мемлекетаралық су қарым-қатынастары кейінгі жылдары бірте-бірте шиеленісе берді. Ақыры Қырғызстан 1992 жылы құрылған мемлекетаралық Суды басқару комиссиясы мен халықаралық Аралды құтқару қоры Атқару дирекциясының жұмыстарына қатысуын кейінгі жылдары уақытша тоқтатты», дейді Н.Қыпшақбаев.

Н.Қыпшақбаевтың айтуынша, ішкі су үнемдеу мәселесі де өзекті. Мысалы күрішті өңір Қызылорда облысында тәжірибе жасаған мамандар бір гектар күрішті суару үшін 25 мың текше метр ресурс кететінін айтады. Демек, суды аз қажет ететін, өнімділігі жоғары сұрыптарды өсіруге назар аудару қажет. Әр өңірдің топырақ құрамы мен климаты да назардан тыс қалмауға тиіс. Сырдарияның бойында жалпы ұзындығы 60 мың шақырым канал бар, өзен суының 20-25 проценті (7-8 млрд текше метр) осы каналдар бо­йында жоғалып кетуде. Еліміздегі суармалы жерлердің көлемі шамамен 2 млн гектар десек, оның әр гектарына орта есеппен 12-18 мың текше метр су кетеді. 

Техника ғылымдарының кандидаты, халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы Атқару дирекциясы Су ресурстары департаментінің жетекшісі Әмірхан Кеншім: «Егер дұрыстап пайдалансақ, өз суымыз өзімізге жетеді. Бірақ су үнемдеу мен трансшекаралық өзендерден алатын үлесіміз нақтылануы қажет», дейді. 

Әмірхан Кеншімнің айтуынша, Қазақстан Қытайдан өзге елдермен су үлесін анықтап алғанымен, жеме-жемге келгенде, әр мемлекеттің жеке мүддесіне байланысты талаптар сақтала бермейді. Мысалы Сырдарияға қатысты төрт мемлекет арасында 1998 жылы жасалған келісім бар, 2004 жылы Өзбекстан бұл келісімнен бас тартқаннан кейін өзен суын пайдалану екіжақты келісімдер аясында жүзеге асып келді. 

«Одақ ыдырағаннан кейін де осы тектес құжаттар аясында жұмыс істеу жалғасады деген келісім болған-ды. Алайда бұл құжаттар тарих қойнауына кетіп, «жоғарыдағылар су, төмендегілер у ішедінің» кері келді. Қазір тиесілі суымызды ала алмай отырмыз», дейді ғалым. Ең қиын мәселе, Өзбекстанның Фарход гидроторабынан су алатын деривациялық каналдан бас­талып, Достық каналы арқылы келетін 1,1 млрд текше метр су мәселесі. Бүгінде түрлі себептермен Өзбекстан тиесілі судың 50 процентіне жуығын ғана беріп отыр. Қырғыздар да отын-энергетика қорымыз жоқ, төменгі ағыстағы мемлекеттер бізге қор бермей отыр, сондықтан да қыстың көзі қырауда жылу электр стансаларымыз тиісті дәрежеде жұмыс істей алмайды дегенді желеу етіп Тоқтағұл су электр стансасын энергетикалық жүйеге көшірді. Тәжіктердің де өз мүддесі бар. Осылайша әркім өз бетінше әрекет етіп, кезіндегі су бөлу жүйесі мен үйлесімі бұзылды. 

Ал Өзбекстанға жаңа президент келгеннен кейін саясат өзгерді, бұрынғы келісімдерді жандандыру туралы ұсыныстар айтылды, кездесулер өтті. Осы тұста Өзбекстанның су қауіпсіздігін күшейту мақсатында 50-ден астам су қоймасын тұрғызғанын да қаперге алғанымыз жөн. Шағын болғанымен, су қоймалары да біраз суды тежейді. Құрылысы аяқталуға жақын қалған Сардоба су қоймасына 1 млрд текше метр су сыяды. Мерзімдік Шарбақ су қоймасы көпжылдық жүйеге көшірілді. Шарбақтан Үлкен Келес каналы тараса, бері қарай Бозсу трактысынан су алатын, шекараны бірнеше жерден кесіп өтіп жатқан Зах пен Ханым каналдар жүйесі бар. Сонымен қатар осы бассейндегі мемлекеттердің мүдделерін қорғау мақсатында Кеңес одағы тұсында құрылған Сырдария мемлекетаралық су бассейні мекемесі бар. Оны қазіргі таңда негізінен Өзбекстан қаржыландыруда, Қазақстан да тиісті қаражат бөліп отыр. Бірақ аталған мекеме тек Өзбекстанның мүддесін қорғап келеді. Қалыптасқан жағдайды өзгерту үшін осы ұйымның құрамына қазақстандық мамандарды енгізу мәселесі де кешеуілдеп отыр.

Соңғы жылдарда Жайық өзенінің деңгейі төмендеп кеткендігіне алаңдау­шы­лығын білдірген Ә.Кеншім Ресейден келетін 9 млрд текше метр судың көлемі азайып бара жатқанын айтады. Ресей тарабы мұның себептерін табиғи өзгерістермен түсіндіреді. Алайда бұл елде де үлкен су қоймалары салынды. Ең үлкені Ирикли, Жоғарғы Орал, одан кейін Магнитогор су қоймалары. Самара бойында да үлкен су қоймалары бой көтерді. Қазіргі таңда Оралды қорғау бо­йынша қор немесе комитет құру қажетілігі туындауда. 

Қытаймен су мәселесіне қайта оралатын болсақ, Іле мен Балқаш алабына қауіп басымдау. Іле өзенінен орта есеппен 11,8 млрд текше метр су келеді. Таяу жылдары осы көлем төмендеп, Балқаш көліне қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан да біздің мемлекеттік органдар мен сарапшы ғалымдар Қытай жағымен бірлесіп есептеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыс 2002 жылдан бергі аралықта жүргізіліп келеді. Алайда мамандар қанша текше метр су бөлінеді деген нақтылыққа әлі қол жеткізе алмады.

Ертісте де жағдай күрделі. Қара Ертістің 9,8 млрд текше метр суының 2 млрд текше метрі бізде түзіліп, Қытайдан қайта ағып Зайсанға құйылады. Қытайда қазірдің өзінде 7 млрд текше метр су ұстайтын су қоймасы бар. Одан канал тартылып, Қарамай мұнай кешеніне қарай жылына 2,8 млрд текше метр су ағады. Тағы да басқа жобалары бар. Осы үрдіс жалғаса беретін болса, бірігіп жатқан Зайсан мен Бұқтырманың арасы алшақтап, Зайсанның төмендеп кетуі ықтимал. 

Ә.Кеншім елімізде суды үнемдеп пайдалану мәселесіне де баса назар аударған абзал дейді. Бүгінде шамамен 2 млн гектарға жуық суармалы жер бар екенін жоғарыда айтып өттік. Мамандар суармалы жерлерге заманауи инженерлік жүйелерді енгізіп, селекциялық бағыттағы зерттеулерге күш салу керектігін айтады. Жаңбырлатып, тамшылатып, жерасты құбырларымен суару сияқты тиімді әдістер арқылы жоғары өнім беретін сұрыптарды егу уақыт күттірмейтін жайт.

Бүгінде салада қордаланған тағы бір басты мәселе – маман тапшылығы. Ә.Кеншім оқу бағдарламасында инженерлік пәндерді оқыту жағы кенже қалғанын алға тартады. «Кезінде су мамандары физика, жоғары математика, механика теориясы пәндерін оқитын, инженерлік конструкция­ны меңгеретін. Егер мәселені қазір түбегейлі шешпесек, кезінде бір маман атқарған шаруаны келешекте бірнеше маман атқаратын болады. Мұның қаншалықты тиімді немесе ұтымсыз тұстары бар екені назардан тыс қалды», дейді ғалым.

Мамандар су көздерін үнем­деуге басымдық беру, саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету, озық технологияларды игеру арқылы жоғары өнімділікке қол жеткізу және судың сапасын арттыру, елімізге келетін трансшекаралық өзендерден алатын үлесімізге кәсіби тұрғыдан қарау кезек күттірмейтін мәселе деген пікірде. Осы айтылғандарды жүзеге асырмайынша, су рес­урс­тарын басқаруға қатысты күрмеуі күрделі мәселелер түбегейлі ше­шілмейді.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»