Білім • 19 Қыркүйек, 2018

Рухани жаңғыру және білім беру ісі

4997 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты халқымыз үшін стратегиялық мәні зор бағдарламалық еңбегінде бірқатар маңызды міндеттерге, Қазақ елінің болашағын кемелдендіруге қатысты өзекті мәселелерге баса назар аударылғаны мәлім. Мұнда ол басты мақсатымыз – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін санамыз ісімізден озып жүруі, яғни ой-сана күнделікті өмір талабына сай рухани тұрғыда жаңғырып отыруы қажет екенін, бұл еліміздегі саяси және экономикалық жаңаруларды толықтырып қана қоймай, солардың өзегіне айналуы керектігін ерекше ескертті.  

Рухани жаңғыру және білім беру ісі

Әрине, осынау бағдарла­ма­лық құжаттағы тарамдалып жіктелген өзекті міндеттердің қай-қайсысы да еліміз үшін аса маңызды екені айтпаса да белгілі. Алайда білім-ғылым саласы­ның өкілі болғандықтан бізге ең алдымен осы мақаладағы білім мәселесіне арналған «Білім­нің салтанат құруы» атты арнайы бөлімінің орны ерек­ше деп ойлаймыз. Өйткені мұн­да Елбасы әр жылғы халық­­қа арнаған Жолдаулары мен бас­қа да еңбектерінде, сөйлеген сөздерінде айтылған ордалы ойларын жаңа қырынан дамы­тып, ел руханиятына байланыс­ты тың ұсыныс-пікірлерін ортаға салады.

Мұнда Елбасы білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұм­тылу халқымыздың қанын­да бар игі қасиет екенін айта келіп, Тәуелсіздік жылдарында қыруар жұ­мыс­т­ар атқарылға­ны­на, атап айтқанда: «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес он мыңдаған жастар­ды әлемнің маңдайалды жоға­ры оқу орындарында оқы­тып даярлағанымызды, елімізде халықаралық деңгейдегі бір­қатар университеттер ашылға­нын, жалпы орта білім беретін зияткерлік мектептер жүйесін қалыптастырғанымызды тілге тиек етті.

Осы ретте Елбасының «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасынан ке­ліп туын­даған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» бүгін­гі таңдағы жоғары білім алу­дың қолжетімділігі мен он­дағы білім сапасын арттыру, сту­дент-жастардың жатақхана­лық жағдайын жақсарту жөнін­дегі ұсыныстары да ел ішінде тың сер­пін туғызғанын атап өтуіміз керек. Бұл нағыз дер шағында көтеріліп отырған, көптен айтылмай келе жатқан ең өзекті мәселе екені сөзсіз. Өйткені жыл өткен сайын жастарымыздың жоғары білім алуға деген ын­та-ықыласы артып келеді. Оның үстіне елдің демо­графия­лық өсімі де жоғарылай түсу­де. Сондықтан да Елбасының жоға­ры білімінің қолжетімділігін арттыру үшін жыл сайын бөлініп жүрген 54 мың грантқа қосым­ша осы оқу жылында тағы да 20 мың мемлекеттік грант бөлу туралы ұсынысы өте орынды бол­ды. Мұны ата-аналар қауымы, сту­дент­тер жұртшылығы, қалың көпші­лік ризалықпен қабыл алды. Ал студент­терді жатақхана­мен қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылдың соңына дейін елімізде студенттер үшін кемінде 75 мың орындық жаңа жатақханалар салу жұмысы атқарушы билік өкілдері мен сала басшыларына міндеттелді. Сондықтан аталған қиындықтан шығу үшін қазіргі кезеңде әрбір жоғары оқу орны және арнаулы кәсіптік оқу орындары студенттік жатақханалар салуды ойластырып жатқан жайы бар. Бұл шаралар қалың елдің, жалпы жұрттың көңіліне қуаныш ұялатты.

Мұны «Бір жылдығын ой­лаған дән егеді, он жылдығын ой­лаған тал егеді, мың жылдығын ойлаған – ұрпағы­на білім-нәр егеді», деп ежелден тәмсіл­деген дана халқымыз «Оқу – білім азығы, білім – ырыс қазығы» деген секілді талай ұлағатты ой қорытқан. Сондықтан бүгінгі таңдағы кез келген көзі қарақ­ты ата-ана ұл-қызының білім алып, қатарынан кем болмаға­нын ойлайтыны белгілі. Мұн­дай көзқарас бұрынғы өткен замандарда да, қазіргі кезеңде де, алдағы уақытта да қайталанып отыратын игілікті құбылыс, өмірдің заңдылығы.

Мақаланың алғашқы тарау­ларында айтылатын ұлттық, қоғамдық сананы жаңарту туралы мәселелер таяу жыл­­дары атқарылатын нақтылы жобаларды жүзеге асыруды талап ететіні, осыған орай алдағы жылдарда қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру мәсе­лесін сөз етеді. Бұл жауапты іс-шара да оқу-білім ісімен тіке­лей байланыс­та орындалатыны еш дәлелдеуді қажет ет­пейді. Мұны яғни латын жазуына көшу жайын Елбасы сонау 2006 жылы Қазақстан хал­қы Ассамблеясының мәжілісі­не қатысып, сөйлеген сөзінде ресми түрде алғаш әңгіме еткен болатын. Сонда ол: «Латын әліп­биін қарайтын кез келді. Бұл мәселені кезінде кейінге қалдырған едік. Қалай болғанда да, латын әліпбиі бүгінде теле­коммуникациялық салаларда басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан да бұрынғы кеңестік елдердің көпшілігінің латын әліпбиіне көшуі де кездейсоқ емес. Мамандар осы мәселені зерттеп, нақты ұсыныстар жасауы тиіс», деген еді. Ал арада алты жыл өткен соң 2012 жылғы желтоқсан айында жарық көр­ген «Қазақстан-2050» стратегия­сында Мемлекет басшысы бұл тақырыпқа қайта оралып, «2025 жылы Қазақстан латын әліпбиі­не көшеді», деп нақтылап айт­қаны жұртшылық назарында. Президент Н.Ә.Назарбаев бұл мәселеге одан бері де бірнеше рет оралып, ел болашағы үшін өзекті мәселеге айрықша көңіл бөліп келеді.

Рухани жаңғыру және білім беру ісі дегенде еңбектің екінші тарауындағы «Жаңа гума­ни­тарлық білім: Қазақ тіліндегі 100 оқулық» атты жобаны атамай кетуге болмайды. Бұл игілікті іс те қазір­гі кезеңде өз шешімін тауып, жаңа құрыл­ған Ұлттық аударма бюросы тара­пынан аударылған әлемдегі үлгілі оқу­лық­тар­дың алғашқы легі биылғы жаңа оқу жылында студенттермен табысты.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мағынасы терең еңбегіндегі туған жер, патриотизм, өз елінің мәдениеті мен салт-дәстүріне ел­жан­дылықпен атсалысу, Қазақ­стан­ның қасиетті рухани құнды­лықтары немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын іске асыру жұмыстарын білім беру ісі мен ғылым саласы өкілдерінің қызметінсіз көз­ге елестету еш мүмкін емес дер едік. Сондықтан да мұны ел Пре­зи­денті: «...бұл білім беру сала­сында ауқымды өлкетану жұ­мыс­тарын жүргізуді, экология­ны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көз­дейді. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқу­дан көрініс тапса игі»  деп орын­ды ескер­теді. Аталған игілікті шараларды орындау жұмысы білім беру саласының қызметкерлеріне, жергілікті жерлердегі билік өкілдеріне үлкен міндеттер жүктейді.

Қорыта айтқанда, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ламасының іс-шараларын жүзеге асыру жұмысы оқу-біліммен, ғылыммен тығыз байланыста ат­қарылатын жүйелі үдеріс. Мұны күн­делікті өмір тәжірибесі көр­сетіп келеді.

Елбасы Н.Назарбаев айтпақ­шы: «Сы­наптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс... Екі дәуір түйіс­кен өліара шақта Қазақстанға түбе­гейлі жаңғыру және жаңа идеялар ар­қы­лы болашағын баян­ды ете түсудің тең­д­е­с­сіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр». 

Олай болса, біздің ендігі жердегі мақ­сатымыз – осы мүм­кіндікті пайдаланып қалу бол­мағы ләзім дейміз.

Бақтияр СМАНОВ,

ҰҒА академигі

Соңғы жаңалықтар