Білім • 19 Қыркүйек, 2018

Ғасырдан астам тарихы бар

337 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының Т.Рыс­құлов ауданындағы №1 мек­теп-лицейінің 105 жылдық тарихы бар. Үш жыл бұрын «Электронды мектеп» жүйесіне енген білім ошағында бүгінде тілдерді тереңдетіп оқытумен қатар, таңдау курстары да ұйымдастырылған. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 79-қадамында жоғары сыныптар мен жоғары оқу орындары ағылшын тілін оқытуға кезең-кезеңімен көшу керектігі айтылған болатын. 

Ғасырдан астам тарихы бар

Аталған білім беру ошағы директорының ғылыми-әдіс­темелік ісі жөніндегі орынбасары, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша жауапты қызметкері Гауһар Елғонова бұл ретте де бірқатар жетістіктің бар екенін айтты. Байқағанымыздай, мұнда биология пәнінің мұғалім­дері Айжан Қарғабаева, Жаңагүл Тілебалдиева, Әйгерім Оспанова, физика пәнінің мұғалімі Ләззат Айдарова және информатика пәнінің мұғалімі Айжан Қуаныш­баева сияқты біліктілік курсынан өткен мұғалімдер өз пәндерін ағылшын тілінде жүргізеді екен. Ал 2015-2016 оқу жылынан бас­тап №1 мектеп-лицейінің ұжымы Кембридж университеті білім беру факультеті зерттеу тобының Олена Фимьяр, Тседисо Макоель, Мишель Сомертон сияқты жетек­шілерімен жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде ағылшын тілінде білім беру мәселесі аталған мектепте біржола жолға қойылады.

Т.Рысқұлов ауданындағы №1 мектеп-лицейі 2015 жылдан бері жаңартылған білім беру мазмұнын апробациядан өткізді. Қанатқақты сыныптың мұғалімі Айжан Ша­жалиева бізді өзінің сабақ өту ерекшелігімен таныстырды. Яғни, оқушыларды өзі оқып отырған сабаққа ынталандыру, олардың көзқарасын білу – басты мақсат. Мұғалім оқушылардың ойлау деңгей­лерін білу, түсіну, қолдау деп үш түрге бөледі. «Өнер» сабағында «Ақын деген кім?» деген сауал арқылы оқушыларды кейіпкерлердің іс-әрекетін баға­лау, тыңдарманның назарын аударту, әдеби шығарманың жанрын анықтау, қатені табу және түзету сияқты ерекшеліктерге үйретеді. «Сабақтың мақсаты – негізгі тірек сөздер мен сөз тіркес­тері арқылы шығарманың тақырыбы бойынша ақын туралы түсіндіру. Құндылықтарды дарыту бойынша оқушы ынтымақтастық, бірлік және сыйластықты түйсінеді. Ал оқулықпен жұмыс барысында балалар мәтінді тізбектеп іштей оқиды, жұппен талқылайды және рөлге еніп орындайды. Соңында балалардың сабаққа қаншалықты қатысқандарын өздерінің көме­гімен кері байланыс жасату арқылы білеміз», дейді Айжан Қойшығұлқызы. Сонымен қатар бұл айтылғандардың, сабақ барысында жазылған дүниелердің бәрі де оқушыларға ағылшын тілінде түсіндіріледі екен. 

Әр мұғалімнің сабақ өту тәсілі әрқалай. Десек те жаңа­шыл­дыққа ұмтылу арқылы оқу­шыларды өзіндік ойлауға жетелеу әрбір ұлағатты ұстаздың ісі болмақ. Бүгінде аталған мектеп интерактивті тақталармен жабдықталған. Сонымен қатар тарих және ағылшын тілінен ресурс орталығы, психологиялық және медициналық орталық та бар. Бұдан өзге де білім ошағында оқушылардың бәсе­кеге қабілеттілігін арттырып, заманауи білім алуға тиісті мүмкіндіктер қарастырылған. 

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы