Бизнес • 19 Қыркүйек, 2018

Көмірге кезекке тұрғандар көбейді

477 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше редакциямызға Астанада жеке тұрғындарға көмір жетпей, бар көмірдің өзі тоннасы 20 мың теңгеден сатылып жатқаны туралы хабар келіп түсті. Бұл шағымды естігеннен кейін көмір сатылатын орындарға барып, қалыптасқан жағдайды көзбен көргенді жөн көрдік.

Көмірге кезекке тұрғандар көбейді

Жалпы, Астанада көмір сататын нүктелер көп емес. Біз білетін, бұған дейін әкімдік хабарлаған 6 орын бар еді. Соның бірі Жұбанов көшесі бойындағы 25 үй мекен жайында автокөлік жолы да, темір жол да тұйықталатын жер. Шыны керек, Жұбанов көшесіндегі тұйыққа келгенімізде топырлап кезек күткен халықты көрмедік. Көмір тиейтін жерге кіретін тұстағы қақпаны күзетіп тұрған жігіттің айтуынша, таңертеңнен түске дейін топырлап кезек күткен жұрт түс ауа тарап кетіпті. Себеп – көмір таусылған. 

– Көмір алғыңыз келсе ертең ертерек келіңіз, таңғы жетіден бастап кезек көбейеді. Түске дейін алып үлгермесеңіз, сағат 13-00-ге қарай таусылып қалады,– деді күзетші жігіт. 

Айтуынша, бұл орынға күн сайын бірнеше вагон көмір келеді екен. Халық ең көп тұтынатын, жақсы жанатын, қызуы күшті Шұбаркөл көмірінің тоннасы 13 500 теңгеден сатылады. Көмір алатын адам алакеуімнен қимылдауы керек екенін түсіндік. 

Мән-жайды білмек болып, қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне хабарластық. Баспасөз қызметінің хабарына сенсек, дәл қазір көмір тапшы деп дабыл қағуға себеп жоқ көрінеді. 

– 18 қыркүйектегі жағдай бойынша көмір сатылатын жерлердегі жалпы қор 7329,75 тоннаны құрайды. Астана қала­сының отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы баға өсімінің алдын алу үшін көмір сатушылармен меморандумдарға қол қойды, – деп хабарлады баспасөз қызметі. 

Елордаға тамыздан бері 52,2 мың тонна көмір жеткізіліпті. Бұл былтырғы көрсеткіштен екі жарым есеге артық. Дегенмен, көмір сатылатын жерлердегі топырлаған кезекті де әкімдік жоққа шығарған жоқ. Оны:

– Көмір өнімін жеткізуде кезектің пайда болуы байқалады. Сату нүктелеріндегі кезек трейдерлердің көмірді уақтылы жеткізбеуінен туындайды, – деп түсіндірді. 

Бағаға байланысты да байбалам салудың жөні жоқ сияқты. Шұбаркөл көмірінің тоннасы – 13 500-14 500 теңгеден, «Қаражыра» – 14 000 теңгеден, «Майкүбі» – 12 000-12 500 теңге, Богатырь көмірінің тоннасы – 8500-9500 теңгеге сатылып жатыр екен. Әкімдіктің жауабы осындай. Бұл біздің естіген дерегімізбен де үйлеседі. 

Астананың бұрынғы әкімі Әсет Исекешев тамыздың аяғында халықты ертерек көмір сатып алуға шақырғаны есімізде. Ол 200 мың тоннадан артық көмір, 6 мың тоннадан артық мазут дайын екенін, қатты отын ЖЭС-терге де, жеке үйлерге де жететінін айтқан болатын. 

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»