Медицина • 19 Қыркүйек, 2018

Жүректерге жылылық ұялатқан

309 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жүректерге жылылық ұялатқан

Елбасы Жолдауында өңірлерде сырқат жандарға медициналық қызметті жақсартып, заманауи жабдықтар мен қондырғыларды орнату, саннан гөрі сапаға көңіл аудару қажет­тігі айтылған. Міне, осы бағытта Өс­кемендегі облыстық аурухананың кардио­логия бөлімшесі заманауи озық медицина аппараттарымен жабдықтала бастады. Соңғы бірер жылда мұнда жүрек-қан тамырлары, инфаркт миокардасы, инсульт, басқа да сырқаттарды емдейтін шетелдік қондырғылар орнатылған. Кардиология бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Инна Олейниктің айтуынша, жүрек-қан тамырларына жиналған холестеринді коронограмма арқылы тазарту, жүрекке операция жасау, ишемиялық сырқаттарды емдеу жақсы жолға қойылған.

 – Өкінішке қарай, атеросклероз, қор­шаған ортаның бүлінуі салдарынан инфаркт, инсульт, жүректің ишемиялық сыр­­қат­тары «жасарып» барады, – дейді бөлім­ше меңгерушісі Инна Александровна. – Сене­сіз бе, қазір, 27, 30, 35 жастағы жас­тар жүрек сырқатына шалдыға бастады. Дұрыс тамақ­танбау, таза ауада серуендемеу, ден­сау­лы­ғына салғырт қарау салдарынан адамдар ауру­ханаға жиі түседі. Біздің бөлімшеде 20 медбике, 12 дәрігер қызмет етеді. Олардың барлығы өз ісінің мамандары. Атап айтқанда, дәрігерлер Бақыт Қайырбекова, Сәуле Кәрменова, Гүлмира Смағұлова, Гау­хар Байдашева, Айзада Садықова, Дар­хан Қарымсақов, аға медбике Кенжегүл Мағ­жаева, медбике Шынар Мұхамеджанова сыр­қат­тардың қас-қабағына қарап, қолдан кел­ген көмек­терін аямайды. Реті келгенде айта кету керек, сырқаттарға барлық жағдай жа­сал­ған, төрт мезгіл тамақ беріледі.

Кардиология бөлімшесімен іргелес эндо­вис­кулярлы хирургия бөлімін тәжіри­белі, өз ісінің білімді де білікті маманы Қуат­жан Әбішев басқарады. Семей меди­цина академиясының түлегі, Новосібір қаласындағы академик Металкиннің клиникасында білімін жетілдірген, Вашинг­тон, Париж, Ыстанбұл қалаларын­­дағы атақты клиникаларда тәжірибеден өткен Қуатжан Марат­ұлының айтуынша, өткен жылы өңір­дің 4800 адамына ангиоград тәсілі ар­қылы операция жасалған. «Стендграфт тәсілі (білек­ тамырынан аса сапалы металл жіберу арқылы бітеліп қалған жерді ашу) Еуропа­да алғаш рет 2011 жылы, бір жылдан кейін Қазақ­станда қолданылған. Жүрек-қан та­мыр­л­арын май басу қауіпті сырқатқа әке­ле­ді. Сондықтан адамдар майлы тағамды шектеп, таза ауада жиі қыдырғанды әдетке ай­нал­­дыр­ғандары жөн, – дейді бөлімше меңгерушісі. – Тек жүрекке стенд қоюмен шектелмей, ұйқы безі, тамыр, бұғана, бүйрек, аяқ, бас­қа да сырқаттарды емдеуге тура келеді. Ангиоград тәсілімен емдейтін заманауи аппараттар ала бастадық. Бас, ми, аяқ тамырларына қан жүгірту сияқты күрделі опе­рация­ларды жасау – медицина­ның озық үлгісі. Облыстық аурухананың басшылары Жайық Жұмаханов, оның орынбасары Төлеген Жігітаев күн са­йын жүрек сырқатына шалдыққандармен жолығып, олардың тілегіне құлақ асады, барлық жағдайды жасайды, көмек көрсетеді».

Эндовискулярлы хирургия бөлімшесінде Қуат­жаннан басқа тағы үш білікті дәрігер қыз­мет етеді. Дамир Жүнісжанов, Роман Давы­дов, Руслан Салимов бүгінге дейін жүз­деген сырқатты емдеді. Олар жыл са­йын шетелдің озық клиникаларында білім жетілдіріп жүр. 

Сырқаты меңдеп, қиналған кезде қол ұшын созған ақ желеңді абзал жандарға Зайсан ауданынан келген егінші Жеңісбек Қабылаш, Дүйсен Күдеров сияқты азаматтар алғыстарын жаудырды. 

Оңдасын ЕЛУБАЙ, 

журналист

ӨСКЕМЕН 

Суретте: кардиология және эндовискуляр хирургиясының дәрігерлері