Аймақтар • 19 Қыркүйек, 2018

«Герцептин» тапшылығы алаңдатады

373 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласында сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан 5426 әйел тұрады. Бұл көрсеткіш өт­кен 8 айдың ішінде 5 процентке ұл­ғай­ған. Сол себепті қатерлі ауру­дың бірден-бір емі саналатын «Герцептин» дәрілік препаратына сұраныс көбейе түсті. Сон­дық­тан тиісті орындардан оған қаржы бөлудің талап етілуі орынды.   

«Герцептин» тапшылығы алаңдатады

Алматы қалалық онкология орталығының бас дәрігері Нұрсұлтан Ізмағамбетов қазіргі таңда қалыптасқан жағдайдан шығудың барлық амалы жасалып жатқанын айтады. 

«Герцептин»дәрісінің бір құ­тысы 300 мың теңге тұра­ды. Демек, кезекте тұрған науқас­тарға сондай 290 құты керек. Бұл 90 миллион теңге деген сөз. Аса қымбат дәріні шетелден тасымалдау да оңайға түспей тұр. Дегенмен дәрілік заттың бүгінге дейін уақытында жеткізілмеуі себептерін ашып айтқан «СК-Фармация» өкілі Наталья Зелен­ская 20 қыркүйекке дейін Қазақ­стан аумағына зәру препа­рат­тың қажетінше жеткізі­леті­ніне сен­дірді. Осы орайда Әлеу­­мет­тік ме­дициналық сақ­тан­­дыру қоры­ның Алматы қалас­ы бөлім­шесі­нің ди­ректоры Төлеухан Әбілдаев:

– Биыл Алматының онколо­гия­лық қызметі 2017 жылғы дең­гей­де қар­жыландырылды. Дәрі­лік зат­тар­мен қамтуда түйт­кілді мә­се­ле жоқ. Тек бір ауру бо­­йы­н­ша дәрілік заттың бір түрі жет­кі­зіл­мей жатыр. Қор­дың орталық аппараты мен ми­нистр­лік бұл мәселенің шешілу жолын жан-жақты қарастыру үстінде, – деп түсініктеме берді.

Оның айтуынша, тек қана биыл Алматының онкология­лық қызметі үшін 3 млрд 222 млн теңге бөлінген. Жалпы, биыл Швей­цариядан құны 2,5 млрд теңге болатын 55 атаулы дәрілік зат жеткізу жоспар­лан­ға­ны да осы брифингте атап өтілді.

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ