Қазақстан • 19 Қыркүйек, 2018

Жаңа жылдан бастап дәрілік заттардың бағалары реттелмек

978 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңа жылдан бастап барлық дәрілік заттардың бағалары реттелетін болады, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Жаңа жылдан бастап дәрілік заттардың бағалары реттелмек

Баспасөз мәліметіне сүйенсек, Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын іске асыру мақсатында «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» ҚР Заң жобасы әзірленді. Онда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық дәрілік заттар бағаларын реттеу көзделген. Жоспарланып отырған өзгерістер бағаны реттеудің 4 деңгейін көздейді: өндіруші, көтерме сауда, бөлшек сауда, тегін медициналық көмекті кепілді көлемі (ТМККК) шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сатып алу деңгейлері. Өндірушінің бағасын тіркеу референттік елдердің тұтынушылық орамының бағасы негізінде жүргізіледі, сондай-ақ үстеме бағаның регрессивтік шкаласы арқылы дәрілік препараттарды көтерме және бөлшектеп сату маржасы реттелетін болады. Қазіргі таңда аталған Заң жобасы ҚР Парламент Мәжілісінің қарауында. Таяу уаытта заң жобасы екінші оқылымға кіргізіледі және еліміздің Парламент Сенатына жолданады. 2018 жылдың соңына дейін заңға қол қою жоспарлануда.

Сонымен қатар, 2017 жылдың басынан ТМККК шеңберінде амбулаториялық деңгейде тұрғындарды тегін дәрілік заттармен қамтамасыз ету үшін фармацевтикалық қызметтер мен дәрілік заттар, медициналық бұйымдар тізбесін орталықтандыруды есепке алу мен Бірыңғай дистрибьютор тізімі толықтай қайта қаралды. Яғни, амбулаториялық тұрғыда тегін қамтамасыз ету үшін дәрілік заттар тізімі экономикалық жағынан тиімді препараттарды қосу жолымен қайта қаралып, кеңейтілді. Мысалы, С вирустық гепатитін емдеу үшін қымбат және тиімділігі төмен (60%) пегилирленген интерферондармен терапия тиімділігі жоғары (98%) емдеу схемасымен (софосбувир+даклатосвир) алмастырылды, ол емделген науқастар санының 500-ден 40 000 адамға жоғарылауына мүмкіндік берді.

Дәрілік заттарды шетелдік өндірушілермен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 175 аталымдағы медициналық препараттар бағасы орташа 23%-ға төмендеді, ал отандық өндірушілер ұзақ мерзімді шарттар аясында бағаны төмендету жөніндегі қабылданған міндеттілікке сәйкес, 134 аталымдағы дәрілік заттар бағасын 5% төмендетті. Қазіргі таңда дәрілік нарық дәріхана арқылы дәрілік заттарды коммерциялық сату және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін дәрілік заттармен қамтамасыз ету болып бөлінеді. Әзірге нарықтағы коммерциялық сату бағасы реттелмейді.