Жазғы спорт • 19 Қыркүйек, 2018

Велошабандоз Андрей Кивилевтің құрметіне арналады

453 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

29-30 қыркүйек аралығында велошабандоздар арасында өтетін дәстүрлі «Алматы туры-2018» жарысының бірінші кезеңі танымал спортшы, көптеген республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпазы Андрей Кивилевтің құрметіне арналады.

Велошабандоз Андрей Кивилевтің құрметіне арналады

Спорттық жолын өзінің туған жері – Талдықорған қаласында бастаған Андрей Кивилев жастайынан жасындай жарқырып, еліміздің маңдайалды велошабандоздарының біріне айналады. 1994 жылы Хиросимада алауы тұтанған Азия ойындарының топтық сайысында жеңімпаз атанды. Одан кейін де талай байрақты бәсекеде Қазақстанның намысын абыройлы қорғады. 1997 жылдан бері жерлесіміз кәсіпқойлар арасында бақ сынау құрметіне бөленіп, қарт құрлыққа танымал «Фестина», «Ag2r Prévoyance» және «Cofidis» клубтары сапында табысты өнер көрсетті. 2001 жылы Кивилев өзінің спорттық мансабындағы ірі жеңістерге қол жеткізеді. Сол маусымда бірқатар жауапты жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілген ол велоспорт әлемінің ең белді додасы –  «Тур де Франс» көпкүндігінде төртінші орынға табан тіреп, төрткүл дүние жұртшылығы назарын өзіне аударды.

2003 жылдың көктемінде Андрей Кивилев Францияда дәстүрлі түрде өтіп тұратын «Париж–Ницца» додасына қатысады. Мәре сызығына 40 шақырымдай қалғанда ол польшалық Мареко Руткевич және германиялық Фолькер Ордовскимен қақтығысады. Жарыс жолына дулыға кимей шыққан жерлесіміз басымен жерге оңбай құлайды. Аса ауыр хәлде жатқан қазақстандық спортшы әуелде жақын маңда орналасқан ауруханаға жеткізіледі. Көп кешікпей оны тікұшақпен Сент-Этьен қаласындағы зерттеу орталығына апарады. Дәрігерлер қанша жанталасқанымен, Андрейді ажал тырнағынан аман алып қалу мүмкін болмады. 12 наурызда 29 жастағы өреніміз көз жұмды. 

Ал «Алматы турына» келер болсақ, бұл бәсекеде 2013 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Тұсаукесер додада Максим Иглинский топ жарса, одан кейін қатарынан төрт рет Алексей Луценко жеңімпаз атанды. Биылғы жарыс та әдеттегідей екі кезеңнен тұрады. Ол «Астана» алаңынан бастау алып, «Медеуде» өз мәресіне жетеді.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ