Білім • 20 Қыркүйек, 2018

Қостанай университетінде ғалым Тобыл Дәулетбаев аудиториясы ашылды

483 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Физика-математика ғылымдарының кандидаты, ғалым, ұстаз Тобыл Дәулетбаевтың есімін есте қалдыру үшін көзі тірісінде қызмет еткен Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде ғалым атындағы аудитория ашылды. Шараға оқытушылар мен студенттер, Тобыл Есләмғалиұлының әріптестері мен достары, туыстары жиналды.

Қостанай университетінде ғалым Тобыл Дәулетбаев аудиториясы ашылды

«Профессор Тобыл Дәулетбаев дарынды ғалым, ұстаз ғана емес, әділетті, адамгершілігі мол, айналасына қамқор кісі еді. Жүздеген шәкірт, маман тәрбиеледі. Оның өмірі мен қызметі, жастарға берген үлгісі кейінгілерге әр кез өнеге болады» деді Қостанай мемлекеттік педагогика университетінің ректоры, профессор Еркін Әбіл.

Тобыл Дәулетбаев 1979 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алады. Одан кейінгі жылдары ұстаздық ете жүріп, ғылыми ізденістерін тоқтатқан жоқ. Арқалық педагогика институтында, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде, Қостанай мемлекеттік педагогика институтында қызмет істеді, жоғары математика кафедрасын басқарды. Ғалым математиканы оқытуды жетілдіру бағытында тыңғылықты еңбек етті, мұғалімдерге арнап екі оқу құралын, 6 әдістемелік құралдар жазды. Кафедра меңгерушісі болған жылдары оқытушылардың екеуі ғылым докторы, 20-сы ғылым кандидаты атағын алды.

Аудиторияның ашылу салтанатында сөз сөйлегендер Тобыл Дәулетбаевтың облыстың ғана емес, республиканың математикалық білім беру ісін дамытуға атсалысқанын айтты. Профессорлар Аманжол Күзембайұлы, Кәрібоз Жапаров, Жеңіснұр Құжыкеев Тобыл Есләмғалиұлының талантты математик және ұстаздығын, жастарға білімді өмірмен байланыстыра білуді үйреткен кәсібилігін ерекше бөліп айтты.

«Оның адамгершілігі айналасына сәуле шашып тұрғандай болатын. Физика-математика пәндеріне балалардың, жастардың ынтасын оятудың өзі педагогикалық кәсібилікке келетін қасиет. Тобыл Есләмғалиұлы өңірдегі көптеген математиктердің нағыз ұстазы бола білді», - деді оның әріптес інісі Жеңіснұр Құжыкеев.

Ғалым-ұстаз атындағы аудиторияның ашылу салтанатына жиналғандар Тобыл Дәулетбаевтың ғылыми жұмыстары мен өмірінен дайындалған фотосуреттер көрмесін тамашалады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай