Кино • 20 Қыркүйек, 2018

Кинематографияға қатысты құжат мақұлданды

449 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұр­лан Нығматулиннің төра­ға­лығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар «Кинематография туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заң жобаларын бі­рінші оқылымда мақұл­дады. Сонымен қатар «Қа­зақ­стан Республикасы­ның кейбір заңнамалық ак­тілеріне халықтың жұ­мыспен қамтылуын формализациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы өндіріске қабылданды. 

Кинематографияға қатысты құжат мақұлданды

Үш жылда 20 көркем фильм түсірілді

Кинематография сала­сын­дағы қоғамдық қатынастарды рет­тейтін дербес салалық заң­ды қабылдау ұлттық фильм­дердің сапасын және бәсекеге қа­бі­леттілігін арттыруға, кино көрсетілім қызметінің халық­қа қолжетімді болуына, ки­но­индустрияның ашықты­ғы мен инвестициялық тартым­ды­лығына, шетелде қазақстандық кино мәртебесінің өсуіне және мойындалуына заңнамалық дең­гейде жағдайлар жасау үшін қажет. 

Сонымен қатар жекелеген заңды тұлғалардың жұмыс істеуі арқылы ұлттық мәдени игіліктің ажырамас бөлігі ретінде ұлттық фильмдерді және олардың бастапқы материалдарын сақтау жолымен ұлттық кинематографияны қолдау да көзделеді. 

Кинематография саласына түбегейлі өзгеріс әкелуі тиіс заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мәдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл саланың тынысын ашатын алғашқы заңның қабылдануы маңызды оқиға болатынына сенімді екенін айтты. 

– Әрине бұл – өте күрделі де ауқымды заң. Ол ұлттық ки­но­ның әрі қарай дамуы жолында түбегейлі өзгерістер алып келеді және үш негізгі міндетті шешуге бағыт алады. Біріншіден – ұлттық фильмдер өндірісіне қолдау, екін­шіден – ұлттық киноның кең таралуын қамтамасыз ету, үшін­шіден – қазақстандық кино­ның халықаралық нарыққа шы­ғуы, оның ішінде бірлескен ки­нофильмдер және әлемнің же­текші кинокомпанияларымен бірлескен өнімдер жасау, – деді министр. 

А.Мұхамедиұлының айту­ынша, бірнеше жыл ішінде про­каттағы ұлттық киноның үлесі 2014 жылғы 6%-тен 12,5%-ке екі есе өскен. Соңғы үш жыл­да министрліктің тапсыры­сы бойынша 20 көркем, 67 дерек­ті, 4 анимациялық картина шыға­рылған. Олардың барлығы елі­міз­дің тарихы, мәдениеті, дәс­түрі, қазіргі жетістіктері, тари­хи тұлғалары, «біздің заманы­мыздың қаһармандары» сияқты тақырыптарды қамтыған. 

– «Елбасы жолы», «Қазақ Елі» – «Алмас Қылыш», «Анаға апа­рар жол», «Оралман», «Құнан­бай», «Аманат» сияқты ауқымды тарихи жобалар қазақстандық прокаттың сөзсіз көшбасшысы болды. «Елбасы жолы» – «Ас­­тана» киноэпопеясының жалғасы, «Қазақ Елі» тарихи картина­сының келесі фильмі, «Томирис» тарихи фильмі, «Балуан Шолақ», «Жеңімпаз» көр­кем фильмдерінің, «Күлте­гін», «Мұзбалақ» анимациялық кар­тиналарының және басқа да көптеген жобалардың тұсау­ке­серлері күтілуде. Қазақстан киносы тарихта алғаш рет ха­лықаралық прокатқа шықты. Жасыратыны жоқ, бұрын біз тек халықаралық фестивальдар мен байқаулардағы бір жолғы көрсеткіштермен шектелетінбіз, бүгінгі күні бірлескен өнімнің арқасында 2017 жылы ресейлік прокаттың көшбасшысы болған қазақстандық-ресейлік «28 панфиловшылар» кинокартинасы әлемдік деңгейде мойындалды, голливудтық компаниялармен бірлесіп түсірілген «Әміре» картинасы үлкен жетістікпен өтіп, 4 апта бойы прокатта жетекші орынға ие болды, – деп атап өтті Арыстанбек Мұхамедиұлы. 

Министрдің баяндауына қарағанда, Мемлекеттер бас­шы­ларының бастамасымен түсі­рілген алғашқы Қазақстан-Қытай бірлескен «Композитор» фильмі әлемнің барлық жетекші кинокомпаниялары армандайтын Қытай кинопрокатының кең нарығына шығады. Сондай-ақ жақында «TokyoNewCinema» компаниясының қатысуымен Алматы облысында Қазақстан-Жапония бірлескен өнімі – «Конокрады» толық метражды көркем фильмінің түсірілімі бас­талып кеткен. 

Ұлттық кинематография тарихында 2017 жылдың елеулі же­­тістіктерінің бірі ретінде қала­тын Канн фестивалінде қазақ­стандық павильонның ашылуын айтуға болады. Аталған фести­вальда «Үздік әйел рөлі үшін» бас жүл­дені иеленген отанда­сы­мыз Самал Еслямованың жеңі­сіне әлем жұртшылығы қол соқты. 

Ал биылғы жылдың басты оқиғасы 75-ші Венеция ха­лық­­аралық кинофестивалінің «Го­­ризонт» бөлімі бойынша «Үз­­дік режиссура» сыйлығын минис­­тр­­ліктің тапсырысы бойын­ша тү­сірген қазақстандық ре­жис­­сер Эмир Байғазиннің «Өзен» фильмі­нің алуы болып отыр. 

Айта кетерлігі, заң жобасын әзірлеу барысында АҚШ, Фран­ция, Германия, Қытай, Жаңа Зеландия, Ұлыбритания, Кана­да, Ресей, Корея, Румыния тәріз­ді кино шығарудағы жетек­ші мем­лекеттердің озық тәжіри­бе­лері мен заңнамалары зерделен­ген. 

– Елбасының АҚШ-қа жа­саған сапары барысында аме­ри­калық бизнес «капитандармен» өткен кездесуде Америка кино өндірісі қауымдастығы, Голливуд және тағы да басқа америкалық компаниялардың Қазақстанда түсірілім жасауға қызығушылық білдіргені өз­деріңізге мәлім. Бүгінгі таңда біз «Warner Bros. Entertainment», «Motion picture», «20th Century Fox», «NBC Universal», «The Walt Disney Company», «Paramount Pic­tures Corporation» және тағы бас­қа компанияларының басшы­лық­тарымен кеңесіп, келіссөздер жүргізудеміз, – деді министр. 

Кейбір ірі қалаларда кинотеатр жоқ

Заң жобасы талқыланған жалпы отырыста Палата Төр­ағасы киноиндустрияны дамыту үшін жағдай жасап, оның ин­вестициялық тартымдылығын арттыру қажеттігін атап өтті. 

Сондай-ақ Н.Нығматулин кино өндірісі бизнес желі­лерін­де болса, бюджетке айтар­лықтай кіріс әкелуі мүмкін екен­дігін жет­кізді. Кинемато­графия саласын­дағы басты проб­ле­ма­ларға тоқ­талған Мәжіліс Төр­аға­сы бү­гінгі күннің өзінде кей­бір ірі қа­лаларда бірде-бір кино­театр жоқ екендігіне назар аударды.

Кинематография туралы заң жобасын әзірлеу барысын­да депутаттар тарапынан бір­шама ұсыныстар енгізілген. Олардың қатарында балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңға сәйкестендіріп, фильмдердің жасқа қатысты классификациясы бойынша, сонымен қатар жергілікті атқа­рушы органдардың құзы­реті­не кинематография туралы заң­наманы ұстану бойынша мем­ле­кеттік бақылауды жүргі­зу жө­нінде толықтыру және қа­зақ тілінің тазалығын сақтау, оның дамуына ықпал ету, қол­да­ну аясын кеңейту мақсатын­да, фильмдердің прокаттау тілі жө­нін­дегі нормаларға да толық­ты­ру­лар және басқа да бірқатар түзе­ту­лер енгізілгенін айтуға болады. 

Заң жобасы депутаттар тарапынан қолдау тапты. Осы ретте Мәжіліс Төрағасы еліміздің кинематография саласын мемлекеттік қолдау алғаш рет құқықтық не­гіз­ге ие болғанын, бұл қазақ кино­сының дамуы мен сапасын жә­не бәсекеге қабілеттілігін арт­тыруға мүмкіндік беретінін атап айтты. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»