Өнер • 20 Қыркүйек, 2018

Оралда бұқаралық домбыра тартудан рекорд жасалды

1468 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әйгілі күйші-композитор Құрманғазы Сағыбайұлының ЮНЕСКО деңгейінде аталып жатқан мерейтойы аясында «Нағыз қазақ – домбыра!» атты республикалық акцияға 1700 домбырашы қатысты.  Орал қаласындағы Тұңғыш Президент алаңында өткен шараға қатысушылар Құрманғазының «Балбырауын» және «Адай» күйлерін орындады. 

Оралда бұқаралық домбыра тартудан рекорд жасалды

- Домбыра культі, ұлттық аспабымызға деген құрмет әр шаңырақтан бастау алуы керек. Бүгінгі акцияға домбыра ұстап, күй тарта алатын батысқазақстандықтар өз еркімен қатысып отыр. Бұл үлкен патриоттықтың белгісі. Бүгін алаңға Батыс Қазақстан облысының әр түкпірінен 1500-ден аса домбырашы жиналды. Менің ойымша, елімізде мұнша көп адам бір мезгілде бір шығарманы орындаған жоқ. Қазақстан рекорды жаңаратын шығар, - деді шара басталар алдында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Күн бұлттанып, күздің қара суық ызғары соғып тұрса да алаңға жиналған халықтың қарасы шынында да көп еді. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және «Құрмет» орденінің иегері, Дәулеткерей атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Еркін Нұрымбетовтің «сыйқырлы таяғына» бағынған мың сан адам бір мезетте Құрманғазының «Балбырауын» күйін ойнай жөнелді. Алғашқы күй ойналып біткен соң сәл-пәл үзілістен кейін адуында «Адай» күйі күмбірлеп кетті. 

- Бүгінгі тарихи іс-шараға қатысқан барша өнерпазға алғысымды айтамын. Шынында да бүгін тарихи күн, ата-бабамыздың аңсаған арманына жеткен күн. Құрманғазы бабамыздың өмірі күреспен, арпалыспен өтті. Күйлерінің атауы да «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан» болып келеді. Еркіндікті, азаттықты сүйген күйші бабамыздың да арманы еліміздің тәуелсіздігі болғаны анық. Ендеше осы бақытымызды бағалауымыз керек, қадірлеуіміз керек. Тәуелсіздігімізді сақтайық! – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов толқып тұрып.

Бұдан кейін мінбеге көтерілген Қазақстан рекордтар кітабына рекордтарды тіркеу департаментінің директоры Бақытжан Тастүлеков бүгінгі «Нағыз қазақ – домбыра!» атты республикалық акцияға қатысушылар саны 1700 адам болғанын жариялады. «Мен бүгін Орал қаласында Құрманғазы күйлерін бұқаралық орындауда жаңа рекорд жасалғанын куәландырамын! Бұдан үш жыл бұрын Атырау қаласында өткен шараға 1017 адам қатысқан болатын. Бүгін жаңа рекорд жасалды» деді Бақытжан Сәбитұлы.

Акция соңында осы шараны ұйымдастырып өткізуге атсалысқан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, күйші, профессор Айтжан Тоқтаған, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, күйші Орынбай Дүйсен, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, профессор, күйші-домбырашы Айгүл Үлкенбаева, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, дәулескер күйші Ермек Қазиев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және «Құрмет» орденінің иегері, Дәулеткерей атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, күйші Еркін Нұрымбетов, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Құрманғазы атындағы Орал саз колледжінің директоры Нұржан Сертек арнайы сертификатпен марапатталды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Динара КЕНДІРБАЕВА

Батыс Қазақстан