Экономика • 21 Қыркүйек, 2018

Ауылдан әлемге жол тартқан өнім

296 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Әрине, әуелі жарық болуы керек...» деген ежелгі тәмсілді тура мағынасында қайталаудың реті келіп тұр. Бұл жердегі мысалды көне кітаптардан емес, шаруасы оңынан келген шағын зауыттың күнделікті тіршілігінен алмақпыз.

Ауылдан әлемге жол тартқан өнім

Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Қасымбек атты ауыл бар. Осы ауылда әлемдік стандарттарға сай электр тауарларын өндіретін зауыт жұмыс істейді. 2012 жылы ашылған «Қаз Тек Инвест» кәсіпорны күнделікті тұрмыста қолданатын және көшені жарықтандыруға қойылатын жарықшамдар, лампалар, аспалы шамдар, розеткалар, ток ұзартқыштары мен басқа да жарық техникасы жабдықтарын жасаумен шұғылданады. «Қаз Тек Инвест» кәсіпорны Алматы облысының ғана емес, еліміздің экономикасына қызмет көрсетіп отырған және өңірдегі әлеуметтік мәселелердің шешілуіне үлес қосушы бірегей отандық өндіріс. Өнім өндіруші зауытта 300-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Республика бойынша 4 филиалы мен 13 дилерлік дүкені жұмыс істеп тұр. 

– 2015 жылы «Тексан Ме­талл» жо­балық желісі бойынша электр­қал­қандарды, өрт қал­қан­дарын, қо­қыс жәшігін, шеші­нуге арнал­ған және құжаттар мұ­рағатына арнал­ған металл шкафтарды жасауды жолға қойдық. Бүгінде Біш­кек­те, Душанбеде, Ташкентте және Ду­бай, Панама мен Ганада бөлімше­лері­мізді аштық, – дейді компанияның бас директоры Диас Құрмашев.

Қазір кәсіпорынның зауытында ай сайын 200 мың данаға жуық өнім шығарылады. Яғни кеңседе, көшеде, өндірісте және күн­делікті тұрмыста қол­да­ныла­тын жарықдиодты шамдар­дың 350 түрлі нұсқасы дайын күйін­де нарыққа жөнелтіліп жатыр. Шам­дарға қажетті заттар­дың 92 про­центін жергілікті өнім құрай­ды. Өнімнің сапа­сын Жапо­ния, Түркия мен Гол­лан­диядан әке­лінген құрал-жаб­дықтар қамта­масыз етеді.

«Қазақстанда жасалған» брен­дін әлемге таныту бағытында да «Қаз Тек Инвест» кәсіпорны ай­тар­лықтай еңбектенуде. Аны­ғында, зауыттың экспорттық әлеуеті зор. Қазіргі кезде Қасым­бек ауы­лында жасалған жарық­диодты шамдар Ресей, Өзбекстан, Қыр­­ғызстан, Тәжікстан және Пар­сы шығанағы, Латын Америкасы елдеріне, БАӘ, Гана сияқты мемлекеттерге экспортталады екен. Бұл жайында кәсіпорын басшысы Диас Құрмашев:

– Біз елімізде бірінші болып отандық тауарды Парсы шы­ға­нағы елдеріне, Латын Америкасы мен Африка елдеріне экспорттай бастадық. Гуан Чжоу қаласында жарықдиодты деңгейлер мен дроссельдерді шығаратын жеке зауытымыз бар. Біздің мамандар кез келген өнімге 10 жылға дейін кепілдік береді, – дейді.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы,
Жамбыл ауданы