Білім • 21 Қыркүйек, 2018

Қазақ сыныптары қағажу көре бере ме?

633 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Қазақ сыныптары қағажу көре бере ме?

Солақай шешім сергелдеңі


Қызылжар ауданына қарасты Шахау ауылы мен облыс ор­та­лығының арақашықтығы 15 шақырым ғана. Демек, жетуі қиын, жол қатынасы нашар, жас мамандар бара бермейтін қиян­дағы елді мекендерге қарағанда мұнда білім мазмұны да, мұға­лімдердің сапалық құрамы да әлдеқайда, көш ілгері болуы заңды. Алайда жаңа оқу жылы­ның айғай-шумен баста­луы, атап айтқанда, қазақ сыны­бын­дағы оқушылардың бір апта бойы сабаққа бармай қалуы аудандық оқу бөлімі мен мектеп әкімшілігінің мемлекеттік маңызды іске деген «жаны ашымастың қасында басы ауырмас» салғырт көзқарасын танытса керек. Шетін мәселені жан-жақты зерделеудің орнына кабинеттік солақай ше­шімнің шығарылуы тұрғын­дар­дың ашу-ызасын тудыр­ғанын Ботагөз Оспанова ащы жанайқаймен жеткізді. Қазақ сыныптарын жабу еш қисынға келмейтінін біле тұра, ата-аналардың қарсылығына қарамастан өз ұстанымдарын күштеп өткізбекші болғанына күйінеді. Расында да, жаңа оқу жылының басталып кеткеніне, мұғалімдердің сағат саны жүктемесінің бекітілгеніне қарамастан мектеп ішін ала тайдай дүрліктіріп қойғандары қалай деген оймен мәселенің мән-жайына үңілуге тырыстық.
 

Аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Жанар Ақылбекова мен «Парасат» мектеп-лицейінің директоры Сағат Елеукина алашапқын болып жүрген ата-аналармен кездесіп, тығырықтан шығудың жолы ретінде көздері жаутаңдаған оқушыларды аудан орталығындағы интернатқа орналастыруды, болмаса орыс сыныптарына көшіруді ұсыныпты. Олардың айтуларынша, қазақ сыныптарындағы оқушылардың саны – 10. Бесеуі 6, 7, 8-жинақталған сыныптарда, қалғандары 10-сыныпта оқиды. «Парасат» қазақ мектебі үздік білім ордаларының бірі саналады. Қосымша білім алуға мүмкіндік мол. Спорт, өнер үйірмелері жұмыс істейді деп үгіттеп баққанымен, қарсы тарап иілмеген. Ата-аналар «балаларымыз ана тілінде білім алуға құқылы» деп табандап тұрып алған. Мектеп директоры Әдемі Қалмұрзинованың сөзіне қарағанда, тарих, информатика, география, физика, химия, биология пәндерінің мамандары тапшы. Ал орыс сыныптарының ұстаздары жауапкершілік ар­қала­ғысы келмейді. Мысалы био­логия пәнінің мұғалімі ұлты қазақ болғанымен орыстілді. Сон­дықтан «оқушыларға сапалы білім бере алмаймын» деген желеумен ат-тонын ала қаша­тын көрінеді. 

«Жаңа оқу жылына дейін кадрлар іздестіру, та­бу сіз­дердің тікелей мін­дет­­теріңіз, неге айналыс­па­дыңыз­дар?» деген сауалға күміл­жи жауап берулеріне қара­ған­да таяқтың бірі ұшы өз­дері­не тиетінін іштері сезетін се­кіл­ді. Шынында да шабан қи­мылдауы ала жаздай «гу­ляйттап», уақытты босқа өт­кізген шырылдауық шегірт­кенің тірлігіне көбірек ұқсай­тын тәрізді. Алдын ала қам­данып, жүйелі түрде айналыс­пағандарын аңғару қиын емес. Сөз арасында қазақ сыныптары бойынша мектепті «Алтын бел­гіге» бітірген, ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсеткен шәкірттер болғанын айта кеткен жөн. Демек, білім сапасы еш күмән тудырмайды деген сөз.

Экономикалық әлеуеті жо­ғары ауылда 300-ден астам отбасы тұрса, дені – қазақ­тар. Бірақ басым бөлігі ұл-қыз­дарын қазақша оқытуға селсоқ. Мұның себебін директордан сұраған кезімізде оның қызы да орысша тіл сындыратын болып шықты. «Бастауышта ана тілінде оқыды. Әрі қарай алып кете алмады. Амалсыз ауыс­тыруыма тура келді» деген уәжіне күлерсің бе, жыларсың ба? Қосшы басшыға қарап ой түзей­тінін ескерсек, ана сүті­мен бойға даритын туған тіліне қамқор болудан тар­тын­шақ­тайтыны түсініксіз. Өзге­лерді жұмылдырып, ұлт тілі­нің өсіп-өркендеуіне қарлы­ғаштың қанатымен су сепкендей шырылдап жүрсе, жағдай осылай шиеленісіп, оның соңы дау-дамайға ұласпас еді. Мұғалімдердің дені балаларын орыс тілінде оқытуды қош көретіні байқалады. Біреуге кінә артудан аулақ­пыз. Дегенмен, Кеңес Ода­ғы тұсында жөргегінде тұн­шық­тырылып, айбынынан айрыла жаздаған асыл тіліміздің босағадан төрге озуына зия­лы қауымның бетке шығар қаймағы іспеттес ұстаздар қауымы алдымен ықыласты болуы керек емес пе? «Жал­ғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» демекші, балаларын ұлттық рухта тәрбиелейміз деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген «арпа ішіндегі бір бидай» секілді үркердей топтың шырылы жүректі еріксіз шымырлатады. Өз­бек­станнан атажұртқа қоныс аударған Абай Жораев ұл-қыз­дарым ұлттық құнды­лық­тан ажырамай өссе екен деген жүрек түкпіріндегі ар­манын жасырмайды. Ал әкімшілік интернатқа бер­гілерің келмесе орыс сыныбына ауыстырыңдар деген талап қойыпты. Бұдан асқан мәңгүрттік, сорақылық жоқ шығар! «Интернатқа орналастыру қиын шаруа емес. Бірақ бұдан кейін Шахау ауылында қазақ сыныбы ашыла ма, міне, мәселе қайда? Біздің бар ойымыз – қазақ сыныптарын сақтап қалу. Білім бөлі­мінің басшылары қолдау көр­сетудің орнына шиқандай жарылғалы тұрған мәселені бір ғана бұйрықпен белден басқысы келеді», дейді ат­қа­мінерлердің әрекетіне қара­дай күйінген азамат. Дастан Айдыралиевтің ұлтжанды кесек мінезі де сүйсіндірмей қоймайды. Отағасы отбасы­мен басқа жаққа көшсе де қа­зақ сыныбы жабылып қал­маса деген игі тілекпен бала­сын туысының үйіне қал­дырып кетіпті. «Ұлымды қа­лада да оқытуға болар еді. Бірақ ол кетсе бала саны азайып, сынып жабылып қала ма деп уайымдадым», дейді ол.

Сапар барысында осы ауданға қарасты Соколовка ауылында да қазақ сыныбы жабылғалы жатқанын естідік. Білім бөліміндегілер оны оқушының азды­ғы­мен түсіндіргенмен жанашыр­лықтан гөрі салқын ызғар лебі соғып тұрғандай сезілді.

Үркердей ғана топтың ана тіліміздің беделін арттыру, мәртебесін көтеру жолында ешкімнен қаймықпайтын қайт­пас қайсар мінезінен ықты ма, әлде қоғамдық дүм­пуден сақтанды ма, жергілікті билік бастапқы шешімін өзгертуге мәжбүр болған. Сон­дай дейміз-ау, көпшілікті сең соққан балықтай әре-сәре күйге түсірулері қалай?

Сыныққа сылтау іздегенше...


Облыс орталығында тұң­ғыш қазақ сыныбы өткен ға­сырдың тоқсаныншы жылдары әупіріммен ашылғанын сол кезде табанынан тозып, үй-үйді аралаған, оқушы жи­нау үшін ата-аналарға жалынып, пұшайман халге түскен «Қа­зақ тілі» қоғамының бел­сенділері ұмыта қойған жоқ. Ол уақытта қазақ тілді мұғалімдердің, оқулық­тар­дың, әдістемелік құрал­дар­дың қасқалдақтың қанын­дай тапшылығын былай қояйық, жеке сынып бөл­месі дәретханаға тақау тұс­тан бұйырғанына шүкір­ші­лік дескен. Қолдан жасал­ған кедергілер мен қарсы­лық­тарға қарамастан партаға 15 балдырған отырып, «Әліп­пе­мен» қоштасу кешіне жұрт­шы­лықтың тайлы-тұяғы­мен жиналуы естен кетпес ерекше оқиға ретінде қалып еді. Ел тәуелсіздігіне дейін Пет­ро­павл қаласында бір ғана ұлт­тық мектеп болса, одан кейінгі кезеңде іркес-тіркес төрт білім үйі бой кө­терді. Оларға ба­лалар сыйма­ғандықтан 20-шы шағын ауданда ағай­­ын­­дарымыздың көп тұраты­­ны ескеріліп, обалы не керек, осы маңдағы № 9 орыс мек­­тебінің дирек­торы М.Ро­мановскийдің қол­дауымен бірнеше қазақ сынып­тарын қоныстандыруға тура келген. Уақыт өте келе бас­тауыш мектеп мәртебесі бері­ліп, орысшамен терезесі тең то­лыққанды білім үйіне айналып келе жатқан шақта бәз­біреулердің өңменіне тікен­дей қадалып, көзіне түрпі­дей көрінді білем, биыл үш сы­ныпты басқа мектептерге көшіру жөнінде пәрмен бері­ліпті. Бұл жайтты мектеп бас­шысы Сәуле Байболова раста­ғанмен, шырылдаған шын­дықты бүкпесіз жайып салуға батылы жетпей тас жұ­тып алғандай күмілжи берді. Жоғарының нұсқауын қалт­­қысыз орындауға төселіп алған басшы өзіне де, өзге­лерге де шаң жуытпауға тырысты. Оны 1074 орынды мектепте 1338 оқушының екі ауысымда оқитыны көбірек толғандыратын сияқты. Қазақ сыныптарында балалар аз, пән мамандары жетіспейді деген уәжіне сендіруге тырыс­қанымен, ақиқат ауылынан әлдеқайда алыс жатқанын қолдағы деректер айғақтап берді. Сегіз сыныпта 100-ге жуық бала оқиды. Басқа мектептерге көшірілетін 5, 6, 7 сыныптарда да оқушы саны аз емес. Әбден үйренісіп, бауыр басып қалған жылы орын­нан қозғауға аралас мектептерде қазақ тілді оқу мең­герушілерінің тапшы­лығы, қосымша білім беру мүм­кін­діктерінің қарастырылмауы, кабинеттердің жетіспеушілігі сыныққа сылтау болмаса керек. Сегіз жыл бойы күр­меуі қиын проблемаларды бір­тіндеп шешудің орнына көз жұма қарап келген қалалық білім бөлімі мен мектеп басшылығының салғырттығы салдарынан қазақ сыныптары неге жапа шегеді? То­лық­қанды мектептерде де келіп-кетіп жұмыс істейтін мұғалімдер аз емес. Ауызды қу шөппен сүртіп, «жоқ» деп қол қусырып отыра бергенше жоғары оқу орындарын, колледждерді бітірген жас мамандарды тартудың жолдарын ойластырған абзал», дейді ата-аналар. 

Қазақ сыныптарын бас­қа мек­тептерге ауыстыру ту­ралы қалалық білім бө­лі­мі­нің шешіміне №21 орыс мек­тебінде ана тілінде оқып жүрген балалардың ата-аналары түгелдей қарсы шығып, жартыкеш бұйрықтың орындалуына жол бермепті. Мек­­теп директоры Болат Саты­бал­­­диновтың айтуына қара­ған­да, жетінші сынып­тың екі оқушысы №20 қа­зақ мек­те­біне баратын бо­лып­ты. Үш оқу­шының қай­да орна­ла­сары әзірше бел­гісіз. Қал­ған сы­ныптар осын­да оқу­­ларын одан әрі жал­ғас­тыра­ды. 420 орынды ғи­ма­ратта 710 ба­ланың білім ала­тынына қара­мастан жоғары­да сөз еткен проб­лемалар мұнда шеші­лгенге ұқсайды. Оқу­шылар санының аздығын көл­­денең тартып сыныпты қыс­қарту немесе басқа мек­теп­тер­ге ауыстыру басты мұ­рат санал­ма­ған тәрізді. Пән мұға­лім­дері де, кабинеттер де жеткілікті. 

Егемендігіміздің елең-алаң шағында ұлттық мүд­де­міздің жаңғыруына көлденең тұрушылар жиі кездесетін. Бүгінгідей тәуелсіздік зама­нында аралас мектептер жанында онсыз да өгей бала­ның күйін кешіп отырған қа­зақ сы­ныптарын негізсіз жа­уып тас­­тамақ ниетінде жүр­­ген­дер­ге тоқтам салмай бол­майды. 

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан», 
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
журналист 

Солтүстік Қазақстан облысы