Білім • 21 Қыркүйек, 2018

300 мың адам диктант жазды

1620 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде екі жылдан бері мемлекеттік тілді білуге деген қызығушылықты арттырып, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту, Қазақстан халқын топтастырушы фактор ретінде мемлекеттік тілдің рөлін арттырудың ілкі қадамы пайда болды. Ол – жалпыхалықтық диктант. Осы аралықта іс-шараның ауқымы кеңейгендігін оған қатысушылардың арта түскенінен көреміз.

300 мың адам диктант жазды

Мәселен, 2016 жылы бір мезетте синхронды түрде еліміз бойынша 3 мың адам диктант жазған болса, биыл қолына қағаз-қаламын алып партаға отырғандар саны 300 мыңнан асып кетті. Биыл жалпықазақстандық диктант Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналып, «Астана – бейбітшілік бесігі» тақырыбында жазылды.

«Қазақ елі кеңестік кезеңде астанасын екі рет көшірді...», деп басталатын мәтінді Жазушы­лар ода­ғының мүшесі, филология ғы­лымдарының кандидаты, ілес­пе-аудармашы Камал Әлпейі­сова аса байыппен, буынға бөліп, түсінікті етіп оқуға тырысты. Өйт­кені аудиторияға тек студенттер ғана емес, әр түрлі сала­дағы қызметшілер, ондаған эт­нос­тардың өкілдері жиналып, өз білім деңгейлерін және қаншалықты сауатты жазатындықтарын тексеріп көруді жөн санаған болатын. Мұндай шара әрбір қала, ауылдарда бір мезетте өткендігімен де ерекше. Астанадағы шараның негізгісі М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде ұйым­дас­тырылып, оған Мәжіліс депутат­тары, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар және этномәдени бірлестіктер өкіл­дері, қоғам қайраткерлері, Қазақ­стан Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ қыз­меткерлері, магистранттар мен студенттер қатысты. 

Диктант алдында тіл­дес­ке­німізде жазушы К.Әл­пейісова: «Биыл Елбасының қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассам­блея­сының сессиясында мақұл­данған «Қазақтану» жобасы бойын­ша елімізді мекен ететін барлық этностарға қазақ тілін, мәде­ниетін, дәстүрін, тарихын білу ұсынылған еді. Бүгінгі шара сол жобаның заңды жалғасы. Диктант­қа бастапқы есеп бойынша 300 мың адам қатысады деп болжан­ғанымен, нақты көрсеткіш асып түсіп жатыр», деген еді. 

Елімізде 2025 жылға дейін Қазақстан халқының 95 проценті қазақ тілінде еркін сөйлейді деген болжам бар. Бұны Мемлекет бас­шысының өзі айтты. Осы биік мұ­ратты ұстанған халықтың алдын­дағы ендігі міндет – қоғамның жа­ңа талабына сай сауатты болу­дың маңыздылығына назар аударту. 
Алайда, Камал Әлпейісова жас­тардың жазу сауаттылығына көңілі толмайтындығын жасырмайды. Бұл пікірін аға буынның қай кезде де жастарға көңілі толмайтын көзқарасымен ақтағандай болғанымен, айтылған сөздің төркіні тереңде жатыр.

– Біздің балалардың сауат­ты­лық деңгейін әлеуметтік желі­дегі жазбаларынан байқауға бола­ды. Қазіргі кезде өздерінің ойын айта алмайтын, көркемдеп жеткі­зе алмайтын буын өсіп келеді. Ал мұндай іс-шаралар сол бала­лар­дың сауатты жазуына түрткі болар деген ойдамын, – дейді филология ғылымдарының кандидаты. 

Қазақ тілін жетік білетін Мә­жі­ліс депутаты Геннадий Ши­повских та жиында жалпықазақ­стан­дық диктант шарасына қа­ты­су­шыларға ақжарма тілегін арнады. 

Мәжілісте депутаттық сауал­дарын қазақша жолдап, баян­дамашыларға мемлекеттік тілдің майын тамызып сұрақ беретін Г.Шиповскихтің әрбір сөзі те­леоператорлардың нысанасына айналатыны рас. Сондықтан да тілімізді төрге шығаруға ынталы тұлғаны сөзге тарттық. 
«Қазақ тілі қазір мемле­кеті­міздің дамуына, мәдениетіміздің өрістеуіне зор ықпалын тигізуде. Екіншіден, бұл диктанттың ма­ңыз­дылығы жоғары. Ең басты­сы, осындай шаралар арқылы тілі­міздің мәртебесі биіктеп, құнды­лық­тарымыздың қадірі арта түс­пек», – деген депутат қазақ ті­лін­дегі сауалдарына министрлерден орыс тілінде жауап алған сәтте іші күйетіндігін және Парламенттегі көптеген әріптестерінің қазақ тілін үйренуге ден қойып, баян­дамаларының көбін қазақша жа­сауға тырысатынын атап өтті. 

Осы шараны Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге өткізген М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ-дің проректоры Арман Пірзадаев бүгінде сту­денттердің мемлекеттік тілде білім алулары үшін бар жағдайдың жасалғандығын, жастардың қазақ тілінде оқуға ынталарының зор екендігін айта отырып, салалық әдебиеттердің аз екендігін де тілге тиек етті.

«Еліміздегі заңгер ғалымдар құқық тақырыбындағы еңбектерін қазақша жазып, оқулықтар қорын молайтуға үлес қосса құба-құп», деген проректор қазір студенттер бір желіге біріктірілген кітап­ха­налар жүйесіндегі кез келген оқулықтың электронды нұсқа­сын пайдалана алады деп пікір білдірді.
Қазақ тілін жетік меңгергендігі арқасында елдің батасына ие болып, көсегесі көгере түскендердің бірі – Қазақстан халқы Ассам­блея­сының «Жаңғыру жолы» рес­пуб­ликалық жастар қозғалы­сының төрағасы Максим Спот­кай: «Шараның ерекшелігі – Қазақ­станды тұтас қамтығандығында. Еліміздегі эт­нос­тардың өкілдері осындай нау­қандарда тұтастығын, ауызбір­шілігін көрсетіп келеді», деп ой тұжырымдады. 
Алдағы күндері жалпы­ха­лықтық диктанттың нәтижелері шығарылып, үздіктеріне ұйым­дастырушылар естелік сыйлықтар табыс етпек. Әрине, 300 мың адам­ның еңбегін бағалау да оңайға соқпасы анық. 

Жалпы, аталған шара Қазақ­стан халқы Ассамблеясының «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасының аясына кіреді. 
«Мың бала» түрлі этнос өкіл­дерінің балалары мен жастарына қазақ тілін үйретуге, Қазақстан халқының тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрін тану арқылы қа­зақ­стандық бірегейлікті қалыптас­тыруға бағытталған-ды. 

Жоба 2015 жылдан бастап Қа­зақ­станның барлық өңірлерінде өткізіліп, бастапқыда тек аты айтып тұрғандай, мың баланың ғана мемлекеттік тілді білуінің са­палық деңгейін арттыруға ық­пал етуі тиіс болғанымен, қоғам тарапынан қолдаудың арқа­сында бұл сан бірнеше есеге ар­тып кетті. Бұл – қазақ тіліне деген сұраныстың боямасыз көр­сет­кіші.

Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»