Әдебиет • 21 Қыркүйек, 2018

Антон қарттың айтқандары

406 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Тымық ауаны тілгілеп, кезекпен қонып, кезекпен көк аспанға көтеріліп жатқан әуе кемелерінің гүрілі құлақ тұндырады. Астана халықаралық әуежайына төрткүл дүние­нің төрт бұрышынан келіп жатқан адамдар легінде де толас жоқ.

Антон қарттың айтқандары

Уақыт ағымына ілесуге асық­­­қан жолаушылардың бір-біріне көз тоқтатып қарауға да мұршасы келе бермейді. Осын­дай бір қарбалас сәтте әуежай алдындағы алаңда қара жерге тізерлей бас иіп, тас аралас топырақты өбіп жатқан ап­пақ қудай орыстың шалы ерік­сіз назар аудартты. Ол әлде­не­лерді күбірлеп, қара жерге маңдайын үш рет тигізді де тізелері дірілдеп орнынан тұр­ды. Бірақ белін тіктеуге ша­масы келмей, тәлтіректеп кетті. Мен еркімнен тыс шалт қимыл­дап, қалталақтаған қартты қол­тығы­нан демедім. 

– Рахмет, балам! Мен қазақ­тың қасиетті топырағын бір иіскеуге зар болып жеткен не­містің шалымын ғой...

Қарт қалтасынан шығарған көлдей орамалмен жасқа толы жанарын сүрткілеп, неміс­ше акцентпен орысша мен қазақ­шаны қойыртпақтап, тіл қатты. Қарсы бетте тұрған машинаның жүк салғышын жылдамдата жауып, жүгіре жеткен жас жігіт те қарттың қолына жармасты. 

– Айәділ, ағаңа сәлем бер! – деді қарт жас жігітке мейірлене қарап. – Немерем ғой. Осы үй­ле­нетін болды деген соң, қа­сиет­ті Қазақстаныма тағы да ұшып келген бетім еді... ана бір орындыққа отырып, сәл тыныс­тайықшы...

Айәділ екеуміз сексеннің сең­гіріне молынан шыққан ақ­с­ақалды екі жағынан демеп, алаң шетіндегі орындықтардың біріне жеткіздік. Ол арқалы орын­дыққа шалқалай жайғас­қаннан кейін сәл ентігін басып, әңгіме тиегін ағытты. 

...Мен Антон Антонович Гаук деген Германияның азаматы боламын. Өткен ғасырдың сонау бір сұрапыл 1934 жылы Қырым жерінде дүниеге келіппін. Әкем Антон Григорьевич пен анам Фелемина Фридриховна Қырым республикасы Ақшайт ауданы Атай ауылында Қырым татарларымен ұзақ жылдар бойы тату-тәтті тұрмыс кешіпті. Атай ауылының жартысы татарлар болса, жартысы неміс ұлтының өкілдері екен. 

Бір күні біздің ауылды мыл­тық асынған әскерилер қор­шап алды. Ауылдың ересек адамдарын түгелдей алаңға жинап, өкі­меттің арнайы бұйрығын оқы­ды. Сөйтсек, соғыс басталыпты. Қырым татарлары да, немістер де сенімсіздер ретінде әскерге алынбайды. Соғыс жағдайының арнайы заңымен тұрғындар тү­гел жеке тізімге алынады, оның ішінде неміс ұлтының өкіл­­дері тегіс отбасымен, бала-ш­­аға­сымен 24 сағаттың ішін­де темір жол стансасына жет­кі­зіліп, қоныс аударылады. Тыныш жа­т­қан Атай ауылының тұ­р­ғын­­­дары төбесінен жай түс­кен­­д­ей сенделіп, азан-қазан бол­д­ы да кетті. Менің жеті жас­қа енді қараған шағым болатын. Жылауға да қорқып, үрей мен қайғыдан қабырғалары қа­йы­са күйзелген әке-шешеме жау­таңдаймын. 

Айналасы үш-төрт сағаттың ішінде Атай ауылының бас көтеретін неміс тұрғындарын қойдай тізіп, темір жол бекетіне жаяу айдады. Алыс сапарға аттанған жұртқа киім-кешек пен азын-аулақ азық-түліктен басқа ештеңе алуға рұқсат берілмеді. Тұрғындардың асығыс буып-түйген, жылдар бойғы жиған-тергендері шашылып, далада қалды. Темір жол бекетінің басы да азан-қазан. Бүкіл Қырым түбегінде тұратын неміс ұлтын түгел осында жинаған сияқты. Ересектердің етегіне жармасып, ботадай боздаған бала-шаға, ұлардай шулаған әйелдер дауысынан жер теңселгендей. 

Бір уақытта бекет басына мал тиейтін вагондар тіркеген ұзын составтар келді. Мылтық асынған көп әскер қалың жұртты мылтықпен үркітіп, көгендеген қойдай қызыл вагондарға тоғыта бастады. Вагондар адамдарға лықа толғаннан кейін жылжымалы есіктерді тарс жауып, ұзын составтар ыңырана қозғалып кетті. 

Қапырық иістен қаңсыған ағаш вагондарда сеңдей соғылы­сып, ұзақ жүрдік. Бір кезде ұзын состав жүрісін бәсеңдетіп, ай­далаға тоқтады. Әскерилердің «Воздух! Воздух!» деп жан­ұшы­ра айғайлаған дауыстары ес­тіледі. Кенет қарауылдар вагон есігін ашып, адамдарды жер­ге түсіре бастады. Жұрт­тың барлығына жол бойын жа­ға­лай бұғып жатуға бұйрық беріл­ді. Көп ұзамай көк аспанда құй­ғындай зулаған неміс ұшақ­тары пайда болды. Олар айдалада тұрған біздің пойызға, жол жиегінде жапырлай жатқан адамдарға оқ жаудыра бастады. Есіктерін ашып үлгермеген бірнеше вагон отқа оранды. Ағаш вагондарға қамалған адам­д­ар тірідей өртеніп жатты. Темір жолдың бойын жаға­лай жатқан адамдар да жау ұш­қыш­тарының тірі нысаналарына айналды. Орныңнан тұрып жан-жаққа қашуға рұқсат жоқ, жаныңда жатқан қарауылдар атады. Сөйтіп төбеден төнген неміс ұшқыштары мылтықтың күшімен еріксіз жер аударылып бара жатқан бейбіт немістерді жаңбырдай жауған оқтың астына алды. Жау ұшақтары кеткеннен кейін тірі қалған адамдарды қайтадан сау қалған вагондарға тиеді. Жаралы состав орынынан қозғалғанда, жол бойы жазықсыз адамдардың жансыз денесіне толып қалды. 

Соғыс басталысымен-ақ жер аударылған Қырым немістерін алғашқыда Солтүстік Кавказға әкелді. Кейіннен анықталған деректер бойынша, 1941 жылғы 18 тамызда басталған Қырым немістерін депортациялау барысында 60 мыңға жуық адам Солтүстік Кавказға жеткізіліп, айналасы екі-үш айдан кейін олардың 50 мыңнан астамы қайтадан Қазақстанға жер аударылады. 

– Желтоқсан айының ызғар­лы бір күнінде біздің пойыз Солтүстік Қазақстанның шеті­не ілігіп, Петропавл деген қала­ға келдік, – деді Антон ақсақал сол кезді күрсіне еске алып. – Қақаған аяздан қалтыраған бізді вагоннан түсіріп, темір жол бекетінің басында сапқа тұрғызды. Орджоникидзеден мінген адамдар саны әжептәуір сиреп қалған екен. Өгіз жеккен үлкен шаналармен келген, үлкен тұлып пен тымақ киген адамдар бізді бөліп ала бастады. Қазақ деген халықты мен алғаш рет осында көрдім. Біздің отбасы Дайындық атты ауылдан келген қазақ отағасының қарауына берілді. Ол бізді шөп төселген шананың үстіне отырғызып, бір-екі тұлыппен орап тастады. Тері торсыққа құйылған қышқылтым айран беріп, бір уыс бауырсақ пен ірімшік ұстатты. Сол бауырсақ пен ірімшіктің уыз дәмі жетпіс жылдан асса да таңдайымнан кетер емес... 

Сеңсең тонның жылуына балқып, азын-аулақ тамақтың нәрі бойға тарап, ұйқыға беріл­дім. Өгіз арбаның аязды түнді артқа тастап, таң ата ауыл­ға келгенін де аңғармаппын. Ота­ғасы бізді тоқал тамнан тұра­тын қоржын үйге бастап кірді. Бұл үйде де үпір-шүпір балалар бар екен. Отағасы өзінің бала-шағасын төргі бөлмеге көшіріп, бізге ауызғы бөлмені босатып берді. Міне, мен бүгінде 85 жас­қа толып отырмын. Осы уақытқа дейін көңілі дархан, ниеті кең қазақтай халық көргенім жоқ. Балалы-шағалы екі отбасы ұядай екі бөлмеде жарты құртты бөліп жеп, алты ай қыстан аман шықтық. 
Жаз ортасында біздің отбасын көрші аудандағы Плюшкино деген орыс кентіне көшірді. Әкем осындағы фермаға мал дәрі­гері болып орналасты. Бірақ емексіген үмітіміз ұзаққа бар­мады. 1942 жылдың күзін­де әкем Антон Гаук еңбек армия­сы­ның қатарына алынды. Ке­йін­нен білдік, ауыр жұмыс, аш­тық пен суықтан ауруға шал­дығып, бес-алты айдан ке­йін қайтыс болыпты. Біз ауру­шаң анамызға еріп, Ленин ауданы­ның орталығы Явленка деген кентке келдік. Осы жердің ко­­мен­данты бізді тіркеуге алып, қы­рыққабат өсіретін корей­ге жал­шылыққа берді. Біз корей қожайынымыздың лашығында тұрдық. Таңның атысы, күннің батысы арам шөп жұламыз, егістік баптаймыз. Корей қожайынымыз өте сараң адам болып шықты. Тамақтан тарықтырды. Ол бізді қашып кетпесін деп, құжаттарымыз­ды түгел өртеп жіберді. Күз түс­кен соң өсірген қырыққабат­ты жинап, өнімді өткізген­нен кейін корейдің үйінен қашып шықтық. 

Барар жер, басар тауымыз қалмаған біз шұбырып, Явленка кентіне қайта келдік. Осында жеткенде, сырқаты асқынған анам Фелемина Фридриховна қайтыс болды. Анамызды жер­леу­­ге де жағдайымыз жет­педі. Жер аударылып келген чешен­дердің қайтыс болған баласымен бірге бір шұңқырға көмуге тура келді. Біз үй-үйді аралап, қайыр сұрап, күн көруге көштік. 

Қол жайып, үй жағалап жүрген күндердің бірінде, он төрт жастағы үлкен ағам Пиус Плюшкино селосына трак­торшының көмекшісі болып орналасты. Аштан бұра­лып жүр­ген бауырларын бір той­ғы­з­ғысы келіп, ағам колхоз­дың қам­басынан бір дорба ар­па ұрлап әкелді. Арпадан ас пісі­ріп те үлгергеніміз жоқ, қы­зыл жағалылар келіп, Пиус­ты тұт­қын­дады. Кейіннен кәме­лет­тік жасқа толмағаны ескеріліп, 5 жылға сотталды. 

Қараусыз қалған неміс балаларын жетім балалар үйіне де қабылдамайтын еді. Бір күні қол жайып, қайыр сұрап жүр­ген Питрус деген ағам екеумізді колхоз басқармасы ұстап алды. Ол екеумізді Петровка деген кентте орналасқан жетім балалар үйіне алып келді. Аты-жөнімізді өзгертіп, Орлов деген орыс балалары ретінде тіркетті. Кейіннен мен өз тегімді қайтып алдым. Сөйтіп он жыл бойы осы балалар үйінде тәрбиеленіп, комбайншы мамандығын игер­дім. 1952 жылы Қиялы деген қазақ ауылында тракторшы-комбайншы болып еңбек жолымды бастадым. 1954 жылы шоферлар даярлайтын курсты бітіріп, Смирнов кентіндегі автобазада автобус жүргізуші болып, зейнеткерлікке шыққанша еңбек еттім. Зайыбым Полина Кондратьевна екеуміз бес бала тәрбиелеп өсірдік. Кіші қызым Татьяна Целиноград меди­цина­лық институтында оқып жүр­генде, Серік атты қазақтың баласына тұрмысқа шықты. Күйеу балам Серік Балгазаров медицина ғылымдарының кандидаты, Астанадағы білікті травматолог-ортопедтердің бірі...

– Бауырым, сен ертең менің балаларымның үйіне кел. Құдам Сабыржанды көр. Ой, менің құдам қонақжай, нағыз жайсаң қазақ... – деді Антон ақсақал Айәділдің машинасына мініп жатып. – Қалай, келесің бе?

Қарт қолымды жібер­мей, ұзақ қысты. 

– Иә, иә... Келемін...

Уәде – құдай сөзі. Ертеңіне «Егемен Қазақстанның» сурет­шісі Орынбай Балмұрат екеуміз «Үркер» шағын ауданына кел­дік. Антон ақсақал айтқан­дай, біз­ді қос құда қауқылдай қар­сы алды. Антон Гауктың құдасы Сабыржан Балгазаров осы Арқа өңірінің тумасы көрінеді. Ұзақ жылдар бойы мына Егіндікөл ауданындағы «Буревестник» кеңшарында жүргізуші болып, еңбек зейнетіне шығыпты. Құдай қосқан қосағы Рая екеуі 4 бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырыпты. Бүгін­де балалардан тараған не­ме­релері мен шөберелерінің қызы­ғын көріп отыр. Сабыржан ота­ға­сының ортаншы ұлы Серік Целино­град медициналық инс­ти­тутында оқып жүргенде, осы Антон қарттың кіші қызы Татьяна­мен көңіл жарасты­рып, ша­ңы­рақ көтеріпті. Серік пен Татьянаның Аманжол, Айәділ, Абзал атты ұлдары түгелдей кезін­де әкелері білім алған Ас­тана­дағы №4 қазақ орта мекте­бін үздік тәмамдапты. Ұлдардың алды бүгін әке жолын қуып, дәрігерлік мамандықты игеріп жүрген көрінеді. 

– Отыз жылдан астам уақыт­­тан бері Антон құдамен қатты сый­ласып келеміз. Сонау тоқ­саныншы жылдары бәй­бішесі қайтыс болғаннан кейін ол Гер­манияға көшкен бала­лары­ның қолына барды. Сонда да қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Германияның Даниямен шекараласатын жерінде, құдаларымыз тұратын Фленсбург атты қалаға барып, Антон ақсақалдың сексен жылдық мерейтойын тойлап қайттық. Тұрмыстары жақсы. Антон құда 1 мың еуродан астам зейнетақы алады. Қаланың қақ ортасында бес бөлмелі, кең сарайдай үйі бар. Тек біз барғанда Қазақстанын сағынып жылайтыны болмаса, жағдайы жақсы, – деді Сабыржан отағасы Антон құдасын құшақтай қалжыңдап. 

– Иә, иә... Қазақ жерінің қа­сиет­ті то­пырағына табанымды бір ти­г­ізіп, самал желін жұтпасам, тынысым тарылады да тұрады, – деді Антон қарт ағынан жарылғандай аңқылдай сөйлеп. 

Көп кешікпей қауқылдасқан қос құда Айәділ немерелерінің қалыңдығына құда түсу үшін Қарағанды қаласына аттанып бара жатты... 

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»