Қазақстан • 22 Қыркүйек, 2018

Жаңа Жібек жолы: Алматы

871 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлы Дала Eліне саяхат» жобасы шеңберінде өтіп жатқан «Жаңа Жібек жолы» бағыты бойынша экспедиция бүгін Алматы қаласына келіп жетті, деп хабарлайды «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы

Жаңа Жібек жолы: Алматы

Жобаның алтыншы бағыты 17 қыркүйекте жолға шыққанын естеріңізге сала кетейік. 13 күнде қатысушылар Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарына барып қайтатын болады.

Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің тапсырысы бойынша экспедицияны ұйымдастырушы «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы. «Жаңа Жібек жолы» экспедициясының бағытын «QazaqGeography» Республикалық қоғамдық бірлестігі жүзеге асыруда.

Экспедиция құрамы тәжірибелі саяхатшылардан, туроператор өкілдері мен шетелдік және қазақстандық тревел-блогерлерден, сондай-ақ «National Geographic Россия» командасынан құралған.

Экспедицияның алғашқы күндері Алматы облысында өтті. Қатысушылар Қазақстан-Қытай шекарасында болып, Қорғас бекетіне барар жолда Жаркенттегі ерекше мешітке соқты. Бұл мешіт бірде бір шегесіз, Тянь-Шань шыршасынан салынған. Ары қарай  экспедиция мүшелері Қазақстандағы ең көрікті жерлердің бірі – Көлсайға барып, оның сұлу көлдері мен Қайыңды көлін тамашалады.

Ары қарай экспедиция Ақтау тауына, Айғайқұмға, Шоқан Уәлиханов бұлағына, Талхиз қалашығына барып қайтты. Сондай-ақ саяхатшылар Алматы облысында ЮНЕСКО дүниежүзілік мұрасының нысаны болып табылатын Тамғалы шатқалында болы.

Бүгін экспедиция мүшелері Алматы қаласының көрікті жерлері: «Медеу» мұзайдынын, «Шымбұлақ» ТШК мен Үлкен Алматы көлін тамашалады. Бұл жерлер әрқашан Қазақстандық және шетелдік туристерді өзіне тартады. Одан бөлек, Алматыда саяхатшыларымызды қазақстан эстрадасының жұлдызы – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері Бақыт Шадаева қарсы алды.

«Қазақстанда ішкі туризмді дамытуға бұрынғыдан да көп көңіл бөлініп жатқаны үшін қуаныштымын. Отанымыздың сұлулығын айтуға сөз жетпейді, табиғаты қандай көркем, әрі сұлу! Алматыға берекелі күз кезінде келдіңіздер, жеміс-жидек піскен, күздің керемет кештеріне куә болатын сәт. Оған қоса, экспедицияларыңызға өз ісінің хас шеберлері жиналыпты. Қазір жолдың дәл ортасына кедіңіздер, алда жаңа жерлер әлі де көп. Бүгін көптеген әсер алып, жаңа дүниелермен танысасыздар деп үміттенемін. Қазақстанның беймәлім жерлерін зерттейтін бағыттарыңыз – Жаңа Жібек жолында сапарларыңыз сәтті болсын», - деп әнші Бақыт Шадаева өз әсерімен бөлісіп, сәт сапар тіледі.  

Содан соң қатысушылар екі мың жылдық тарихы бар ежелгі Тараз қаласына барады. Ерте кезден бері Ұлы Жібек жолының бойында тұрғандықтан бұл қаланың маңызы өте жоғары болған. Тараздың және оның айналасының көрікті жерлерін көріп болған соң, жоба қатысушылары Жамбыл және Түркістан облыстарының аумағында орналасқан, Орта Азия мен Қазақстандағы ең ескі қорықтардың бірі Ақсу-Жабағылыға бет алады.

Ары қарай олар Батыс Тянь-Шань тауларының солтүстік-шығысындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына барып, сол жерден теңіз деңгейінен 2350 метр биікте орналасқан Сайрамсу көлін көріп қайтады. Сондай-ақ қатысушылар Түркістан облысының аумағындағы Отырар қаласы, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелері, Сауран қаласы мен басқа да нысандар тәрізді археологиялық және табиғи ескерткіштерге барады.