Қазақстан • 24 Қыркүйек, 2018

Сиқыры мол сауда нарығы

511 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астанадағы «Барыс-Арена» стадионында «Astana Bastau. Бизнес аумағы» бірінші инвестициялық және кәсіпкерлік форумы өтті. Бұл форум өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге кеңес беру түрінде ұйымдастырылды. 

Сиқыры мол сауда нарығы

Форумда сөз болған мәселелер, көбінесе, кәсіпкерлердің өздері өндірген немесе сатуға лайықтаған тауарларын қалай тиімді өткізуге болады, сауда саласында табысқа жетудің сыры неде, өнімді жарнамалаудың қандай әдіс-тәсілдері бар, табысты адам қандай болуы керек деген сұрақтар төңірегінде өрбіді. Бір сөзбен айтқанда, бұл жиынды елімізде бірінші рет өтіп отырған саудагерлер форумы деп атасақ болады. 

Күнделікті форумдардан бір ерек­шелігі, бұл «атына заты сай болсын» дегендей шоу түрінде өтті. Құлақты жа­рып, жүректі қатты соқтырып жіберер­дей қуат­ты әуен, форумды жүргізушінің той­­дағы асабадай жұлқына айқайлаған сөз­дері залда отырған адамдарды өзіне қарай магниттей тартуға бағытталған­дай. Форумға қатысушылардың басым көп­шілігі, тіпті түгелге жуығы, кілең жас­тар болғандықтан бұл әдіс оларға ұнаған да секілді. 

Форумды өткізу идеясының авторы «Синергия» ресейлік бизнес мек­тебінің қазақстандық филиалының дирек­­­торы Гульнара Гумарова форумға қаты­су­шыларды құттықтау сөзінде бүгін жасалған бұл қадам жиынға қатысу­­шылар үшін бизнес пен өмірде табыс­тың жаңа деңгейіне көтерілудің соны бір қадамы болып табылатындығын түсін­діріп беруге тырысты. «Форумнан ала­тын­дарыңызды алып қалыңыздар» деп ұран да тастап жіберді. 

Форумға қатысушыларға сауданың айла-тәсілдерін үйретуде бірінші болып сахнаға шыққан Асылан Қанатов шешендік шеберліктен Қазақстандағы №1 спикер атанған азамат. Әртүрлі компаниялардың қаржы қызметтерінде 12 жылдан астам уақыт жұмыс істепті. Қазір жеке тренингтік компаниясын құрып алған. Бірқатар оқу орындарының штаттан тыс оқытушысы. 358 семинар мен тренинг өткізіп, 7249 адамды оқытқан. Оқытушылық өтілі 5176 сағат­ты құрайды. Шешеннің сөзі «Сөйле және сата біл» тақырыбында өрбіді. Шынын айту керек, сахна төрінде әрі-бері жүріп, кейде дауысына екпін беріп сөйлеген Асылан көрермендерін жа­лық­­тырған жоқ. Мұның себебін де өзі айтып берді. Жұрт алдында сөйлей білу үшін ең алдымен оны сендіре білу керек екен. Бұл үшін, әрине ширақтық қажет. «Сүмірейіп тұрған адамның сөзіне кім сенеді, ондай адам жұртты жа­лықтырып алады» деген Асылан осы сөзінің дәлелі ретінде сондай адам­ның кейпіне еніп, баяу сөз сөйлеп көр­сетті. Мұндай адамның жұртты өзіне тарта алмайтындығын дәлелдеп бер­ді. Сонан кейін өзінің қызуқанды мә­неріне қайта оралып, жұрт алдында сөй­л­ей білу – тауарды сатудың бас­ты арналарының бірі екендігін түсіндірді. Осының бәрі оқумен, ізде­ніспен, тәжірибемен келетіндігіне екпін түсіре келе бірдемені үйренуге деген құш­тарлықтың өзі табыстылықтың 50 процентін қамтамасыз ететіндігіне тоқ­талып өтті. «Тауарды өткізу үшін алдымен тұтынушыларға жақындай білу керек, өйткені олар саған сенгенде ғана тауарыңды сатып алатын болады. Әдет­те өзіміз де қажетті заттарды білетін адам­нан сатып алғанды жөн көреміз ғой. Себебі сенім артамыз. Соның сау­да дүкеніне барғанды іштей қалап тұрамыз. Сөйтіп ақыр аяғында оның бізге зат қана емес, сонымен бірге «эмоция» сат­қан­дығын да аңғармай қаламыз» дегендей ақыл-кеңестерін айтты. Сонымен қатар тұтынушылардың жан дүниесіне тереңірек бойлаудың бірқатар жолдарына да тоқтала кетті.

Мұнан кейін сөз алған Гил Петерсил Нетворкингтен ТМД бойынша №1 сарапшы екен. Қысқасын айтқанда, тренинг өткізушілердің қай-қайсысы болмасын – өздері атқарып жүрген қызмет сала­сындағы кіл шеберлер. Гил Петер­силдің сөзі «Бизнесіңізді страте­­гиялық серіктестіктердің көмегі­мен қыс­қа мер­зімде өсіре біліңіз» деген та­қы­­рыптағы ақыл-кеңестерден бастау алып, соған жетудің жолдарын үйретумен аяқталды.

Жиынға қатысушылардың асыға тосқаны дүние жүзіне әйгілі көрнекті экономист, болашақты болжаушы, «Фанк стиліндегі бизнес» бестселлерінің авторы Кьелл Нордстрем еді. Оны жұрт­шылық қошеметпен қарсы алды. Кьелл Норд­стрем «Матрицадағы өмір – ультра­заманауи бизнес құру» тақырыбында сөз сөйледі.

Астанаға алғаш ат басын тіреп отыр­ған әйгілі швед экономисінің бір­қатар болжамдары осыған дейін дәлме-дәл деп айтуға тұрарлықтай орындалып қойған. Енді бірқатары заман бағыты­мен үндестігіне байланысты кеңінен та­рап отыр. Сондықтан ол әлемдегі 50 биз­нес ойшылдары рейтингінде тоғызыншы орында тұр. Енді автордың кейбір болжамдарын назарға ұсына кетсек, артық болмас. 

«Енді 50 жылдан кейін әлемдегі 218 елдің орнында 600 қала қалатын болады. Елдер жоғалмайды, бірақ олар­дың орнына қалалардың рөлі артады. Мәселен енді 25 жылдан кейін біз Вена мен оның маңайындағы қалаларды бүкіл Аустрия деп есептейтін боламыз. Мұ­ның өзі біздің ақпараттарды қабыл­дауы­мыз­дан, көліктің және бүтіндей ал­ған­да технологиялардың дамуынан туындайды».

«Цифрландыруға лайықтылардың барлығы цифрландырылады. Медицина, қауіпсіздік, білім, әскер – барлығы цифрландыруға көшеді».

«Facebook, Apple, Amazon, Netflix, Google – бұлар жаңа шындықтың негіз­дері. Олар әлемде өз тәртібін орнататын болады».

«Ақпараттар дамыған сайын ақылы­мыз азая беретін болады. Өйткені ақпа­рат­­тық жүйе күн сайын дамуда, ал адамзат оған ілесе алмауда. Бірақ мұның өзі биз­нес­тің дамуына жаңа мүмкіндіктер сый­ламақ».

«Жоғары білім құндылығы жойылады. Университеттік жаңа әлемде сізге Гар­вардта оқудың қажеті де болмай қала­ды. Өйт­кені білім жаңа технология­лар ар­қы­лы бәрімізге қолжетімді болады. Ен­ді білім емес, адам қасиеті алға шығады». 

Кьелл Нордстрем осындай ойларымен бөлісті. Қоғамда бизнестің рөлі артатындығын айтты.

Сондай-ақ осы күні Қытаймен биз­нес жүргізу саласының сарапшысы Дмитрий Ковпак, Бокстан ҚР еңбек сіңір­ген спорт шебері, 2005 және 2007 жылғы әлем чемпионы Серік Сәпиев, маркетинг бойынша сарапшы, «Синер­гия» университетінің маркетинг бойын­ша директоры Дмитрий Юрков, «Синер­гия» холдингінің негізін салушы және ат­қарушы директор Вадим Лобов, трафик тарту бойынша сарапшы-практик, DNK club негізін салушы Михаил Колмаков, «Rumi Group» мейрамханалар желісінің негізін салушы әрі басқарушы Қуаныш Шонбай, супермарафоншы, Гиннесс рекордтар кітабының 7 дүркін рекордсмені Марат Жыланбаев жұртшылық алдына шығып, табысқа жету сырымен бөлісті.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»