Өнер • 24 Қыркүйек, 2018

Арбаға таңылған аягөздік суретші

1958 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қалибек Айнажаровтың авторлық құқығын аяққа таптағандар кімдер? Аягөз қаласында тұратын талантты суретші Қалибек Айнажаров жайында бұған дейін талай мәрте жазылған. Ол кісінің талайлы тағдыры жайында 1986 жылы «Диагноз» деген фильм де түсірілген. Осы атпен кітап та жарық көрген. Қылқалам шеберінің өзіне дұрыс диагноз қоймай, мүгедек қылған дәрігерді (оның хирург емес, 4 жылдық санитарлық-гигиеналық маман даярлайтын оқу орнын тәмамдағанын кейін біліпті) атқаны, сол үшін жазаға тартылғаны өз алдына бөлек әңгіме. 

Арбаға таңылған аягөздік суретші

Біз шағын шаһарда, қоларбада отырып-ақ әлемнің мықтымын деген суретшілері, өнертанушылары мен сыншыларын өнерімен таңдай қақтырған дарын иесінің бүгінгі жағдайы, жанын жаралаған жанайқайы туралы сөз қозғауды жөн көрдік.

Әлем әспеттеген өнерпаз елімізде неге еленбей отыр?

«Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» демекші, өз туындыларын ағашқа бедерлеп ойып салумен ерекшеленетін суретші маңдай термен дүниеге әкелген еңбектерін әркімнің қалай болса солай пайдаланып, авторды адам құрлы көрмейтініне қапаланады.

Сонымен, 2009 жылы Мәскеуде өткен «Бітімгер» («Миротворец») бүкіләлемдік Альянсында халықаралық үйлестіру кеңесінің шешімімен бейбітшілік идеясы және әлемдік мәдениеттің дамуына қосқан үлесі үшін «Дарын және қабілет» күміс медалімен марапатталған (2006 жылы тағайындалған бұл халықаралық сыйлық 10 жыл көлемінде Кэри-Хироюки Тагава, Валерий Золотухин, Квентин Тарантино, Мишель Родригес, Римма Маркова, Ежи Штур, Эрик Робертс, Юрий Яковлев, Эдриан Пол, Анатолий Кузнецов, Майкл Мэдсен, Сергей Никоненко, Майкл Дуглас, Дмитрий Миллер, Владимир Этуш, Лидия Федосеева-Шукшина, Алла Демидова, Майкл Йорк, Людмила Касаткина, Юрий Соломин, Александр Панкратов-Черный секілді есімі әлемге танымал тұлғаларға табысталған) тұңғыш қазақстандық, есімі әлем­дік дәрежедегі суретшілердің реестріне енген

Қалибек Айнажаровтың дүниелерін дұрыс бағаламай, авторлық құқығын аяққа таптағандар кім? Рет-ретімен баяндайық. Қылқалам шеберінің «Батырлар айқасы» деген туындысы жазушы Әкім Ысқақтың құрастыруымен Астана қаласында жарық көрген «Ақсауытты Ақтамберді» атты кітабының мұқабасына берілгенімен, сурет авторының кім екендігі көрсетілмепті. «Суретте қазақ батырының жоңғар батырын түйреп жатқаны бейнеленген. Бұл - Мәскеудегі «Бітімгер» халықаралық сыйлығына ұсынған суретім. Оның авторы мен екендігімді дәлелдеудің қажеті жоқ шығар», - дейді ол. Мұны бір деңіз.

Суретшінің «Үш жүз» деп аталатын картинасы 2015 жылы 2 ақпанда «Nur.kz», «БИСС» (бесплатная информационно-справочная служба) сайттары мен «Караван» республикалық газетінің сайтындағы (caravan.kz) «Зачем казахам в современном обществе деление на жузы» деген материалға көркемдеуші сурет ретінде пайдаланыпты. Алайда үш басылым да авторға сілтеме жасамапты. Қалибек Айнажаров бұл сурет «Караван» газетінің сайтында әлі де тұрғанын, ал «Nur.kz», «БИСС» сайттары алып тастағанын, бірақ скриншоты өзінде сақталғанын айтады.

2011 жылы «Бірінші арна Еуразия» телеарнасынан Тұңғыш Президент қорының қолдауымен түсірілген «Зеркало времени» циклі аясында «Байқоңыр» атты тарихи-деректі фильм қазақ және орыс тілдерінде көрсетіліпті. Осы фильмде қылқалам шеберінің «Қобызшы» деген суреті пайдаланылғанымен, киноны шығарушылар («2M рroduction» студиясы) тағы да авторын назардан тыс қалдырыпты. Осы іс бойынша суретші кейін сотқа шағым түсіргенімен, өзінің төл суретін өзі дәлелдей алмай сотта жеңіліс тауыпты.

Биыл 4 наурызда «Аltyn-orda.kz» сайтында Төреғали Казиев есімді азамат «Казах Майкы би дал человечеству Изначальную Истину!..» деген мақаласында Қалибек Айнажаровтың бір емес, екі бірдей суретін («Үш жүз», «Қыз қуу» картиналары) жариялағанымен, сурет авторы жайында жақ ашпапты. «Татар ғалымы Ильсеяр Закирова 2011 жылы «Алтын Орда кезеңіндегі халық шығармашылығы: мифологиялық және тарихи негіздер» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Соның «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырына қатысты бөлімінде менің «Махаббат туралы дастан» атты суретімді басыпты. 2013 жылы 23 қаңтарда «Новая газета» сайтында «Тенгри: созвездие жузов под сенью полумесяца» (авторы – Амантай Дандыгулов) тақырыбында материал жарияланды. Оған «Үш жүз» деген суретім беріліпті. Екі автор да суреттің маған тиесілі екендігін көрсетіп, сілтеме жасаған. 2010 жылы қазан айында Аргентинадан менің электронды поштама: «Құрметті Қалибек Ішпекбайұлы, сіздің жұмысыңызды испан, ағылшын, француз тілдерінде жарық көретін кітапқа шығаруға рұқсат беруіңізді сұраймын» делінген хат келді. Сонау Аргентинадан. Міне, өнерге, өнерпазға деген құрмет. Маған бұдан артық ештеңенің қажеті жоқ. Суреттерімнің жариялануына қуанбасам, мұңаймаймын. Тек автор екенімді көрсетсе болғаны. Ал бізде қалай? Қалай екеніне жоғарыдағы дәйектер жеткілікті шығар. «Сүйенерің болса, сүйек жұтсаң қақалмассың» дейді атам қазақ. Менің сүйенер ешкімім жоқ. Өнеріммен әлемді мойындатқанымды қайтейін, өз елімде қадірім болмай, туындыларымның ту талақайын шығарып, әркім ойына келгенін істеп жүр», - деп налиды кейіпкеріміз.

Шығармашылықпен емес, банкпен басы қатып жүр...

1962 жылы Аягөз шаһарында дүниеге келген, 12 жасында дәрігерлер тарапынан дұрыс диагноз қойылмай, кейін бірнеше операция жасатқанымен ешқайсысы нәтиже бермей, 21 жасында қоларбаға таңылып, бірінші топ мүгедегі болып қалған талант иесі суретті ағашқа ойып салу өнерімен 37 жасынан бері шұғылданып келеді. Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрлерімізді, мұраларымызды, батырлығымызды, ақындығымызды, бір сөзбен айтқанда, халқымыздың жауһарларын сырланған жансыз тақтай арқылы елімізге, әлемге паш етіп жүрген суретшінің талғамы терең, тақырыптары сан алуан. «Адам ата мен Хауа ана», «Балалық шақ», «Дала аруы», «Голгофаға жол», «Үш жүз», «Қо­бызшы», «Періште мен төрт салт атты», «Гур­до­фарид пен Сухрабтың жекпе-жегі», «Қозы Көр­пеш-Баян сұлу», «Омар Хайям»... Осылай жалғасып кете береді. «Мен егер майлы бояумен немесе қылқаламмен сурет салсам, мыңдаған, миллиондаған суретшілердің арасында елеусіз қалар едім», - дейді қылқалам шебері. 

Бойына Алла тағала дарын сыйлаған талантты жандардың өмірі неге тақтайдай тегіс болмайды екен, тәйірі?! Ештеңеге басын ауыртпай, әркіммен алысып-жұлыспай, болмашы нәрсеге алтын уақытын босқа сарп етпей тек шығармашылықпен шұғылданса ғой, шіркін! Бұл – орындалмас арман шығар.   «Жау жағадан алғанда бөрі етектен» демекші, өзіне тиесілі еңбектерін әркімнің талауына бермеймін деп жанталасып жүргенде банк бір жағынан есін шығарып жатқанын да жасырмады суретші. Қалибек Айнажаров 1996-1997 жылдар шамасында жұбайымен бірлесе наубайхана ашып, кәсібін ары қарай дөңгелету үшін 2011 жылы «АТФ» банкінен 950 мың теңге көлемінде несие алыпты. Нарық жағдайға қарай ма, су, жарық, ұн бағасы қымбаттаған соң наубайхана да өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. «Өсімімен қайтаруға тиіс ақшамыз 1 миллион, 382 мың теңге болатын. Соның 300 мыңы ғана қалған еді. Банктегілер уақтылы төлей алмағаннан соң 300-дің үстіне үстемеақы қосып тастапты. Біресе 500, біресе 800 мың төлейсіңдер дейді. Мен ақшаны төлеуден қашып отырғаным жоқ. «Арбада отырған адаммын. Жанымды суырып алсаңдар да, бәрін бірден төлей алмаймын. Жаңа кесте жасап беріңдерші. 400 мыңды қайтаруға тырысайын. Айына 40 мыңнан төлейін» деп банкке хат та жаздым. Алайда өтінішімді құлақтарына ілмей отыр. Керісінше қазір маған күтіп-қарағаны үшін мемлекеттен төлемақы алатын ұлым Тілегеннің төлемақысынан ұстап жатқан көрінеді. Қолымызға берген квитанциясы да жоқ», - дейді ол.

Түйін

Осындай талант иесі еш алаңдаусыз суретін салып, отбасы мүшелерімен қайғысыз-қамсыз өмір сүріп жатқан болар деп ойлап отырған шығарсыздар. Жоқ, онсыз да бұған дейін жан азабы мен тән азабын қатар кешкен, әлі де кешіп келе жатқан суретшінің жан-дүниесі астаң-кестең. Екі сағатқа жуық әңгіме барысында сездірмеуге тырысқанымен суретшінің сүйінішінен, өкініші, қуанышты сәттерінен қамырықты шақтары көп екенін аңғарғандай болдым. Неге екенін білмеймін, іштей талантты қылқалам шеберін өз деңгейінде бағалай алмай, қадіріне жете алмай, басын тауға да, тасқа да соқтырып отырғанымызға қатты ыңғайсыздандым.    

Суретшінің ендігі бір арманы – Аягөздің орталығынан жаңа пәтер алып, шығармашылықпен алаңсыз айналысу. Осыдан бірнеше жыл бұрын сол кездегі облыс басшылығы мен жергілікті билік өкілдерінің қылқалам шеберінің жеке шеберханасын ашуға, пәтер алып беруге көмектесеміз деген уәделері уәде күйінде қалған секілді. Дегенмен әлі де кеш емес деп ойлаймыз.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Аягөз ауданы