Қазақстан • 24 Қыркүйек, 2018

Тіл арқылы этномәдени кодтарды ашу

3153 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ел тарихындағы егемендік, онымен сабақтас жаңғыру кезеңдері мен жаһандық бәсеке қоғамдық өмірдің барша салаларына соңы тыныс әкелді. Осымен байланысты қалыптасушы қоғамдық сана мен саяси-әлеуметтік өзгеріс­терді, кез келген мемлекеттің әлем тоғысындағы қарқынды даму әрекеттерін адам факторынан тыс қарау мүмкін емес. Ал адам жанының рухани-әлеуметтік жаңғыруының айнасы, әрекеті мен әрекеттесуінің, ғаламдасуының тиімді құралы – тіл. Оның себебі – тіл арқылы ұлт болмысын анықтайтын мәселелердің мазмұны мен түйін-дәйектері ұлттың мәдени кодында астарланған. Ал мәдени кодты ашудың кілті – лингвомәдени таңбаға салынған ақпараттарды аша білу. 

Тіл арқылы этномәдени кодтарды ашу

Осыған орай, біріншіден, ұлттық рухты жаңғыртып, ұлттық мәдениетті тану мен танытуда соның бір жолы тіл арқылы рухани-мәдени мұрамызды ежелден келе жатқан тәжірибе негізінде қорытып, тарихи қызметін саралап, қайта бағалауға бағытталған кең арналы терең зерттеулердің қажеттілігі туындап отыр. Мысалы, кез келген этно­мәдени атау белгілі бір затты атап қана қоймай, ұлттың өзіне тән дү­ниетанымдық ерекшелігіне сай туын­даған бұйымды дәйектейді. 

Себебі сол сөздердің мазмұнында айшықталған халықтың басынан кешкен тарихы, бүкіл рухани және дүнияуи мәдени байлығы, болмысы, дүниетанымы мен әдет-ғұрпы, салт-санасы, т.б. ұлттық ұжымда, сол тіл­де сөйлеуші ортада қалыптасып, тілін­де сақталады. Бірақ сөз – заттың тура таңбасы емес, дүниенің тікелей бей­несі емес, адамның я белгілі бір ұлт­тық ұжымның дүниені тануы мен күн­делікті тұрмыс пен еңбек тәжірибесі бары­сындағы архетиптік тілдік санасында, тілдік шығармашылық процесс нәтижесінде туған бейнесі.

Сөз қазынасының ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын қызметі қазақ ұлты­ның этностық табиғатына сай мәде­ни-танымдық ерекшеліктерін бойына сіңіріп, қазақы шындық болмысты жинақтайды. Демек, тіл ақиқатты се­зіну, қабылдау тәсілдерінің бірі ретін­де бір ұжым мүшелерін тек тілдік жағынан ғана емес, мәдени-танымдық жағынан да өзара жақындастырады.

Соның аясында ұлттық санада құры­лымдалған дәстүрлі дүниетаным мен руханият жүйесі оларды таңбалаған тілдік бірліктердің (фразеологиялық, паре­миологиялық, прецеденттік тіркес­терде, этнолексикада, т.б.) мазмұны ке­шенді зерттеу негізінде жаңғырып, «кілті» ашылады. 

Бұл арада тілдің тек коммуникативтік емес, кумулятивтік (мұрагерлік) қызме­тіне сай тұтастырушы, ұластырушы, жаңғыртушы қызметінің маңызы ерекше. Соның негізінде ата-бабала­рымыз ғасырлар бойы ұлттық тәрбиенің мұраты ретінде дәріптеп, белгілеген, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан, ұлттық мәдениеттің өзегін құрайтын қастерлі ұғымдарды белгілейтін заттық мәдениет пен рухани-мәдениеттің түрлері тіл­дік қазынамызда сан түрлі тілдік құ­рал­­дармен айшықталған. Олардың мәніне тереңдеп, табиғатын тану қазіргі қоғамдық сана мен мәдениеттің бүгінгі деңгейіне сабақтастыруды мақсат ететін мемлекеттік рухани жаңғыру бағдарламасының ғылыми-танымдық, ғылыми-әдістемелік негізін құрайды.

Осыған орай, ел боламыз деген жұрт­тар өзінің ұлттық болмысын, ел­дігін сақтау үшін осы тектес ұлттық құндылықтар дүниесін түгендеп, оның мән-мазмұнын, қадір-қасиетін бағалайтын рухани-танымдық зерттеулер мен алуан түрлі іс-шаралар жүргізуде.

Белгілі тілші-ғалым Н.Уәлидің пі­кірінше, жаһандану кезеңіне тән жағымсыз сипаттың бірі ретіндегі ұлт­тық сана сезімінен алшақтап, ұлт­сызданған сана, тобырлық мәдени сана т.б. көрінісі тіл тәрбиесі осал, тілді игеру деңгейі төмен ортада қалып­тасады. Осы мәселелердің өзектілігін ерекше түсініп, тіл арқылы рухани дү­ниені жаңғырту мәселесін жан-жақты зерттеуге атсалысып жүрген қазақ тіл біліміндегі ғалымдардың ішінде Н.Уәли мен З.Ахметжанованың еңбектері жүйелілігімен, ғылыми-танымдық мазмұнының тереңдігімен ерекшеленеді. Олар қалыптастырған мектептің зерттеулері лингвомәдени білім жүйесіндегі рухани кодтарды ашуда мәдени танымдық құзыреттілігімен сипат­талады. 

Осы зерттеулердің нәтижесі тіл­дің тек коммуникативтік құрал емес екенін, тілде екі түрлі білімдер жүйесі бар екенін көрсетеді. Оның бірін­шісі, тілдік білім, яғни тілдің лексика-фразеологиялық жүйесіндегі мағыналар. Олар – этномәдени тілдік ұжымның санасында ғасырлар бойы қалыптасқан білімнің айрықша түрі. 

Екіншісі, тілдік емес, дәстүрлі білімдер жүйесі (халықтық білім). 

Білімнің бұл түрі – этностың (халық, ұлт) өмір тәжірибесінен ғасырлар бойы жинақталған, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан этнос санасындағы дәс­түр­лі дүниетанымы. Бұл білім тіл­дік емес деп аталғанымен, ол ұжым­дық санада тіл арқылы сақталған. Линг­вомәдениеттанушы бұл жерде тілді емес, тілдік дерек арқылы сақ­талған ақпаратты пайдаланады. Демек, ұлт болмысын тұтас тануда лексика-фразеологиялық бірліктердің лингвистикалық сипатын ашатын жалаң тілдік білім жеткіліксіз болып, олардың мағынасындағы мәдени танымды ашудың маңызы артады.

Мысалы, зерттеуші Н.Уәли «қой үс­тіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деген фразеологиялық тіркестің мәдени семантикасын былайша ашады: Бұл біріншіден, образбен шегенделген дүниетаным. Оның тура мағынасы экономикалық, рухани, экологиялық (табиғат балансы сақталған) заман.

Екіншіден, оның сипаттаушы маз­мұны: молшылық (ақтылы қой, алалы жылқы, т.б.); мамыражай ты­ныштық; дау-дамайсыз; (Тәуке хан заманындағы үш би – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би қызметі); береке-бірлік.

Жалпы, бейнелеп айтып, бейнелеп сөйлеу қазақтың сөз өнерінде, салт-дәстүрінде, жұмбақтарында, шешендік сөз­дерінде кеңінен қолданылған тәсіл екені белгілі. Осымен байланысты, мы­са­лы, жаугершілік заманға сай ха­лық басындағы қилы-қилы хал-ахуал­дар мен хандық билік аясындағы түрлі әлеуметтік-саяси жағдаяттарға куә бо­лып, ортасында жүрген жырау­лар поэ­зия­­сында астарлап айту, тұспалдап сөй­леу сөз мәдениетін жаңа деңгейге көтер­ген. Көшпенді мәдениеттің өрісіндегі қор­шаған табиғаттың флорасы мен фаунасы, ландшафттың ерекшелігін өздерінің таным көкжиегіне сай теңеп кейіптеуі тұтас көркемдік-рухани әлем кеңістігін, жүйе­сін қалыптастырды. Бұл, айналып келгенде, өзін табиғаттың бір бөл­шегі ретінде санайтын көшпенді мәде­ниеттің негізгі қағидасы.

Сондықтан қазақ тұрмысын бей­не­ле­ген ақын-жыраулардың шығар­маларында олардың мәдени коннотациясы жиі кездеседі:

Елбең-елбең жүгірген,

Ебелек отқа семірген; Немесе,

Құладын құстың құлы еді,

Тышқан жеп жүнін түледі, т.б.

Демек, бұл атаулардың этномәдени кодын ашу үшін олардың тек фитоним­дік, орнитонимдік т.б. ақпараттарын, яғни ғылыми кодын ашу жеткіліксіз. Ол үшін, мысалы, «Ебелек оттың семір­тетінін», «Құладынның текті құс еместігін», т.б. күнделікті тұрмыс тәжі­ри­бесінде таныған кәсіби таным да керек. 

Табиғатпен астас өмір кешкен көш­пенді мәдениеттің өкілдері ре­тіндегі ата-бабаларымыздың өмірі мен тұрмысында, қоғамдық-әлеуметтік, тәрбиелік, тағы басқа сөз қызметінің мәні ерекше болға­нын рухани құндылықтарымыз бен асыл қазыналарымызда сөзді өнер деп таныған дүниетанымдық пайымдарынан көреміз: өнер алды қызыл тіл; сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді; сөздің майын тамызды; сөздің тиегін ағыт­ты; сөз тапқанға қолқа жоқ; сөзі қамшы болды; сөзі мірдің оғындай; сөзі түйеден түскендей, т.б. сөз тіркестері сөз қуатын, сөз ажарын, сөз қызметін айшықтап, соған сәйкес сөздің түрлерін де жіктеп атаған: ақтық сөз, аталы сөз, басалқа сөз, бос сөз, бірауыз сөз, жел сөз, жылы сөз, т.б.

Демек, қазақ танымында сөзге (тіл­ге) ерекше мән беріліп, сөз мазмұны­ның жан-жақты толық сипаты қазақ өмі­рінде алуан түрлі күрделі істердің күрмеуін шешкенін мәдени-тарихи мұраларымыз дәлелдеп отыр. Соның нәтижесінде билердің, шешендердің сөздеріндегі қазақтың сөз құдіретін, сөз әлеуетін қазақ болмысынан тыс қарауға болмайтыны айқын көрінеді.

Сондықтан да жыраулар поэзия­сында астарлап айту, тұспалдап сөй­леу, көшпенді мәдениеттің таным­ көк­­жиегіне сай теңеп, кейіптеуі тұтас көр­кемдік рухани кеңістігін қалыптас­тыр­ған:

Ел жағалай қонбаса, Бетегелі бел ғаріп; Хандар киген қамқа тон, шүберек болар тозған соң; Сақ етер тиді саныма, сақсырым толды қаныма; Жүрген аяққа жөргем ілінер; Айылын жимады; Дөнен қымыз; Бесік құда; Қанжығаға байлады; Жығасы жығылды; Жарғақ тон; Пұшпағы қанамаған, т.б.

Осы сипаттағы лингвокультуремалар мен этнографизмдер, одан туын­дайтын тұрақты тіркестердің түп-тамыры ұлт санасында тұрақты түрде сақталып, этномаркерлік деңгейге жеткен таңбалардан бастау алады.

Олар (тілде қалыптасқан символ, бейнелі сөз, эпитет, метафора, ме­то­­ни­мия) ақпаратты жеткізу, яғни ком­муникативтік, ақпаратты қабыл­дау (прагматикалық), сипаттаушы, бел­гі­леуші, бағалаушы, жалпылаушы қыз­меттерді атқарады. 

Осындай тілдік мұра арқылы ұлт­ты, ел мәдениетін барынша толық таны­тудың негізгі бір тетігі – ұлттық әлемнің тілдік үлгісін жасау, ұлттық мә­дениеттің кілтін ашу. 

Қазіргі таңдағы тәуелсіз Қазақ­стан­­ның өткенін сараптап, болашағын бағдарлайтын Үшінші жаңғыруға сәйкес халықтың тарихы мен мәде­ние­тін мәңгілікке ұластырып, жетіл­діріп, кемелдендіріп отыратын төл мәде­ниетінің қазынасын заманнан-заманға этнотаңбалық ақпарат түрінде жеткізіп отырған, рухани-мәдени мұра үлгілерінің арқауы болған сөз өнері мен айшықты тілі арқылы көркем ойлау жүйесінің танымдық деңгейін игеру аса маңызды.

Тәуелсіздік пен жаһандану тоғысқан қазіргі күрделі заманда егеменді ел­­дің өсіп-өнген тамырын тауып, бір­тұтас елдігін қалыптастырып, басын бірік­тірген түпқазығы ретіндегі тілдің қызметін тану – ұлттық сананың заманауи даму деңгейіне сай туындап отыр­ған рухани-әлеуметтік мүдде талабы.

Жамал Манкеева,

А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының бас ғылыми  қызметкері, филология  ғылымдарының докторы, профессор