Спорт • 24 Қыркүйек, 2018

Бүгін Бакуде үш дзюдошымыз белдесуде

393 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әзірбайжанның бас шаһары – Бакуде дзюдодан өтіп жатқан әлем чемпионаты нағыз қызған шағына жетті. Жарыстың алғашқы күндері Галбадрах Отгонцэцэг (48 кило) пен Ерлан Серікжанов (66 кило) өз жанкүйерлерін қуантып, жеңіс тұғырына көтерілген еді. 

Бүгін Бакуде үш дзюдошымыз белдесуде

Одан кейінгі жарыс күндері біздің балуандар сәтсіз өнер көрсетті. Енді қыздардың жайы түсінікті. Әзірге олар әлемнің өзге елдерінің өкілдерімен иық тіресуге қауһарсыз. Айтқандай-ақ, Севара Нышанбаева (57 кило) мен Ақниет Тұрдан (63 кило) алғашқы айналымда-ақ ұтылды.

Содан ерлердің жолына үлкен үмітпен қарадық. 73 кило салмақтағы Бекәділ Шаймерденов тұсаукесер кездесуінде франциялық Бенжамин Акселге есе жіберді. Жансай Смағұлов бастапқы үш бәсекесінде Швейцария, Черногория және Косово спортшыларына сан соқтырғанымен, келесі екі белдесуде жапониялық Сойши Хашимото мен моңғолиялық Одбаян Ганбаатарға жол беріп, жүлделі орындар үшін таласу мүмкіндігінен айырылды.

81 кило салмақ дәрежесінде де қос қандасымыз жарыс жолына шықты. Алайда Әзиз Қалқаманұлы ұзаққа жаппады. Ол Оңтүстік Кореяның өкілі Сунджсу Лиден жеңілді. Азия ойындарында алтын тұғырға көтерілген Дидар Хамза үшінші кезеңде ресейлік Хасан Қалмұрзаевпен кездесті. Қандасымыз Рио Олимпиадасының жеңімпазымен тең дәрежеде айқасты. Тіптен, бәсекенің соңына қарай Дидар вазари әдісіне жасаған еді, төрешілер оны есепке алмады. Ал қосымша уақытта Қалмұрзаев айласын асырып кетті.

Бүгін тағы үш жерлесіміз белдесуде. Санаулы минуттардан кейін 90 кило салмақтағы Ислам Бозбаев (90 кило) венгриялық Кристиан Тотпен айқасады. Сондай-ақ, 70 кило салмақ дәрежесінде Аэлита Щербакова мен Ажар Салықова татамиге шығады.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше