Әдебиет • 25 Қыркүйек, 2018

Әдебиеттің кемел тұлғасы

2177 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде ұлттық әдебиетіміздің көрнекті өкілі, белгілі журналист Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Кемел Тоқаев – жазушы, журналист, қайраткер» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Зиялы қауым өкілдері, университет ұстаздары мен студенттері, қаламгердің ұрпақтары қатысқан жиынды ҚазҰУ-дің ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов кіріспе сөзбен ашты.

Әдебиеттің кемел тұлғасы

Конференция жұмысы ұлт журналистикасын кәсіби дең­гейге көтеруге атсалысқан сара сөздің сардары, қазақ әдебие­тіндегі детектив жанрының дара өкілі Кемел Тоқаевтың рухания­т үшін жасаған қызметінен, ғиб­ратты ғұмырынан сыр шер­те­тін «Кемел Тоқаев» атты жаңа жи­нақтың тұсауын кесуден бас­талды. Көркем сөз шеберінің бірнеше шығармасының үзіндісі мен замандастарының ыстық лебізі, әріптестерінің естеліктері, мұрағат құжаттары, фотосуреттер қамтылған «Өнегелі өмір» сериясымен жарыққа шыққан кітаптың лентасын жазушының қызы Қарлыға Тоқаева мен бел­гілі дипломат Ақмарал Арыс­­танбекова қиды.

Кемел Тоқаев өмірінде қасі­рет пен қуаныш алма-кезек ауы­сып қатар жүрді: тігерге тұяқ қалдырмай, қолындағы бар малын тартып алған алмағайып кезеңде ата-анасы кәмпескеге ұшырап, сонау Қаратал бойы­нан Шымкентке жер аударыл­ды, ондағы жетімдер үйі, жасы жи­ырмаға ілінбей қан май­дан­ға аттанып кете барғаны, жа­ра­­ланып, жарымжан болып орал­ғаны, білімге құштарлығы, ҚазМУ-дің студенті атануы, «Ле­ниншіл жас», «Қазақстан пио­нері», «Социалистік Қа­зақ­­стан» газеттеріндегі жар­қыл­даған журналистік жол, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Жар­шысындағы» бас редак­торлық, Жазушылар одағында әдеби кеңесшілік қызметі оның сан қырлы тағдырының тақ­тайдай тегіс болмағанынан хабар бергендей. Білімге құштарлығы бала күнінен байқалған әсершіл Кемелдің әдебиетке соқпай кетуі мүмкін емес еді. Дарынды болу аз, өз дара соқпағын қалып­тас­тыра алмаса, мойындалуы қиын әдебиетке ол детектив дей­­тін соны жанрдың тұлпарын мініп жеке келді. Әлі түрен түсе қоймаған тың жатқан тақы­рып­ты әдебиетке Тоқаевтың әке­­л­іп қосқанын, әзірге бұл жанр­дың ірі әрі қайталанбас өкілі екенін өз қатарластары да, Кемел бастап беріп кеткен дара жолды келістіріп дамыта алмағанын кейінгі буын ізба­сарлары да бірауыздан мойындайтынына шүбә жоқ. Ұлттық әдебиетіміздегі әлі ешкім аяқ баспаған тың саланы ол «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?», «Сиқырлы сырлар», «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Ар­­нау­лы тапсырма», «Солдат со­ғысқа кетті», «Ұясынан безген құс», «Соңғы соққы» ат­ты қысқа әңгіме, кере қарыс романдары­мен құнарландырып, байыта түсті. Әдеби ортада серпіліс тудырған бұл шы­ғармалардың мазмұны да, табиғаты да бөлек еке­нін оқыр­ман да бірден бағалап, шы­тырман оқиғалы кітап­тарды пышақ үстінен үле­сіп, қолдан-қолға өткізіп оқи­тын болды. Оның дәлелі – К.То­қаевтың бір кітабының өзі 400 мыңнан аса данамен тарап, бір­неше буын оқырманын қалып­тас­тырып, шығармаларын қа­дір­лейтіндер қатарының уақытпен бірге толығып отыруы. 

Жиында белгілі әдебиет сыншысы Бақыт Сарбалаев әде­­биет­тің кемел тұлғасының шы­­ғар­­машылығына жан-жақ­ты тоқталып, мазмұн-си­патына кәсіби тұрғыда тал­дау жасады. Ай­­рықша та­қырыпты әдеби айна­л­ымға ен­гізген қа­лам­гердің бұл жанрды қолға алу­дағы көре­гендігін, қалам тарту себе­бін, алғы­шартын, өзіне ете­не жақын идеяны ши­­рату­дағы шеберлігін түрлі мысалдар негізінде тар­қатып, жа­зушының бай әрі ғиб­ратты өмі­рінен мол мәлімет берді. 

Ақын Рафаэль Ниязбек жүрек­тілер мен батылдар ғана қол арта алатын бітімі бө­лек детектив жанрына К.Тоқаевтың кездейсоқ кел­ме­генін, өр рухтан қайнап шық­қан шымыр да ширақ туын­дылар әділдікке, ақиқатқа құштар адал жанның өз өмірлік ұстанымымен астасып жатқанын айтып, қаламгер рухына арнаған өлеңін оқыды.

Журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы журналист, қоғам қайраткері Кемел Тоқаевтың мерейтойына орай студенттер, магистранттар, PhD докторанттар мен жас ғалымдар арасында «Елім деп соққан жүрегі» атты байқау ұйымдастырып, сол бәйгенің қорытындысын жария­лауы – конференцияның ең маңызды сәтіне айналды. Құр­манғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің директоры Нұрғиса Дәуешов жиырмадан аса ең үздік журналистік жұмыс пен байқау жеңімпаздарына Кемел Тоқаев атындағы атаулы шәкіртақылар мен дипломдарды табыс етті.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар