Аймақтар • 25 Қыркүйек, 2018

Сапалы өнімге сұраныс жоғары

330 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысында жыл басынан бері 310 млрд теңгенің ауыл­шаруа­шылық өнімі өндіріліп, сала­ның көрсеткіші 2,6 процент өсімге қол жеткізді. Сондай-ақ аймақ өнеркәсібіндегі өнімділік 556 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 101,1 процентке жеткен. Ал бөлшек саудадағы тауар айналымының көлемі 7,2 процентке өсіп, 266,2 млрд теңгені құраған екен.

Сапалы өнімге сұраныс жоғары

Қазір Жетісу топырағында өскен көкөніспен қатар, ет, сүт, құс өнімдері­не сұраныс жоғары. Әсіресе үлкен қала­лардағы нарыққа жол тартқан өнім­дердің өтімділігі байқалады. Мұның бір дәлелін жақында Астана қаласында өткен Алматы облысының күндері ая­сындағы жәрмеңкеден бай­қауға болады. Екі күн ішінде Жетісу аграршылары жалпы құны 270 млн теңге болатын 470 тонна ауыл шаруашылығы өнімін саудалап үлгерген.

Жалпы, елордадағы «Қазақстан» спорт кешенінің жанында өткен жәр­мең­кеге жұрт көп жиналды. Астана­лықтарға ұсынылған азық-түлік, көкөніс өнімдерінің бағасы арзан, сапасы жоғары болғандықтан сауда қызды. Бұл жолы Алматы облысының 17 ауданы мен 3 қаласының шаруалары 17,0 тонна ет өнімдерін, 21,9 тонна сүт өнімдерін, 12,4 тонна балық пен 106,1 тонна көкөніс, 43,4 тонна жеміс-жидек және 43,3 тонна картоп өнімдерін сатты. Осылайша, жетісулық шаруалар екі күн бойы өткен жәрмеңкеде 48 түрлі өнім саудалап, елорда тұрғындарының сұранысын қанағаттандырды.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы