Экономика • 25 Қыркүйек, 2018

Тоғышарлық меңдеген ауыл

876 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Есіл ауданы Покровка елді мекеніндегі «Стрелец» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Андрей Стрелец жауынқұрт өсіріп, табиғи тыңайтқыш алу жобасын жеті жылдан бері ойдағыдай жүзеге асырып келеді.

Тоғышарлық меңдеген ауыл

Егістік алқаптарға биогумус қол­данылғалы өнімнің сапасы да, сақталу мерзімі де артқан. Экологиялық жағынан таза өнім екенін де айта кету керек. Көбіне теріскейдің климатына төзімді әрі өсімтал жауынқұрттың «владимирлік» түрін пайдаланады. Сатумен де айналысып, қыруар табыс тауып жүр. Алғашқы жылы 5 гектар жерге картоп егіп, шығымдылық 8-12 тоннадан айналса, қазір бұл көрсеткіш 30-40 тоннаға жеткен. 

Алайда озық технологияны өн­ді­ріс­ке енгізіп, шетелдіктердің зор қы­зы­­ғу­шылығын тудырып отырған еңбек адамы қазір алаңдаулы, көңіл күйі пәс. 12 гектар алқаптағы картоп, жуа, сәбіз биыл өте бітік шыққанымен, мол ризықты шашпай-төкпей жинап алуға жалғыз өзінің күші жетпей жатыр. Бір жағынан, науқанның нағыз қызған шағында күз аумалы-төкпелі мінез танытса, екінші жағынан, жұмыс күші өте қат. Жоқ емес, бар. Күре жолдың бойына қонған ауыл үлкен. Еңбекке жарамды адамдар толып жатыр. Бірақ аяқ-қолы зіңгіттей, тепсе темір үзетін азаматтар жиын-терімге әйелдерін жіберіп, өздері төбеге шырт түкіріп жатудан арланбайтын болыпты. Карта ойнап, арақ ішу дағдысын бала-шаға нәпақасынан жо­ғары қоятын масылдық пиғылдың ден­дегені соншалық, араларында айлап-жылдап шыбық басын сындырмайтын, дайын асқа тік қасық болуға еш шімірікпейтін ауылдастары аз емес.

– Ауа райының қолайсыздығынан жиын-терімді онсыз да кеш бастап отырмыз. 6 күннің ішінде үш гектар алқаптың өнімін ғана жинай алдық. Қалған 9 гектарды қашан еңсеретініміз белгісіз. Жұртшылық болып жұмыла кіріссек ендігі аяқтап та қалатын едік. Күніне 12-14 адам ғана алқапқа шығады. Дені үй шаруасындағы әйелдер. Күйеулерің қайда десем, өзің де білесің дегендей иық­тарын қиқаң еткізеді. Бір мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырамыз. Басқаларға қара­ғанда жалақы да жоғары, – дейді Андрей Викторович шарасыздықтан не істерін білмей. 

Покровка ауылдық округына көмек сұрап барса, ондағылар хабарландыру ілумен ғана шектеліпті. Кей күн­дері 4-5 адам ғана көмекке келеді екен. Былтырлары күнбе-күнгі еңбек­ақы­сын қолма-қол төлеген, бірақ бұл әре­­ке­тінен де түк өнбепті. Өйткені топ­тасып арақ ішіп, сылқия тойып ал­ған­дар ұжымның шырқын бұзатын көрінеді. 

Еңбек әлемнің әміршісі, шешуші ұлттық фактор екені ешқашан талас тудырмаған. Елбасының «Қазақстан­ның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жал­пыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында атап көрсетілгендей әлеуметтік инфантилизм – аса қауіпті құбылыс. Соңғы кездері «аз жұмыс істеп, көп табу», «ауадан ақша жасау» секілді алдамшы көріністердің ауылдықтардың бойына тоғышарлық дертті жұқтыра бастағаны алаңдатпай қоймайды. 

Бұл орайда, масылдықты азайтуға әсер ететін шаралар жергілікті билік тарапынан қолдау тауып отыр деп айту қиын. Еңбек адамының беделін көтеру, барлық құндылықтар адам ең­бе­гімен жасалатынын ұқтыру секілді наси­хат жұмыстары да кемшін. Адам­дар өз нәпақасын табуға саналы түрде ұмтылмаса, мәжбүрлі түрде көндіру керек деген пікірлердің де жаны бар. 

Кәсіпкердің шырылдағаны бәсе­кеге қабілетті ұлт болғымыз келсе, адам­дарды масылдық, тоғышарлық пси­хо­­логиясынан арылтудың, әл-ауқат­­қа, жаңа өмір сапасына негіздел­ген ке­шенді тетіктерді қолданудың, заң­ды­лық жағынан реттеудің қажет­тілігін меңзейтіндей. 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы