Білім • 25 Қыркүйек, 2018

Латын негізді жаңа қазақ жазуы

4298 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Латын әліпбиіне көшу қазақ тілін қазіргі заман­ғы технологияларға бейім­деп қана қоймай, бола­шақта ақпараттық қол­жетімділіктің артуына жол ашатыны сөзсіз.

Латын негізді жаңа қазақ жазуы

Биылғы ақпан айында латын негізді жаңа қазақ әліпбиі бекітілді. Онда ұлттық дыбыстар акут деген диакритикалық таңба арқылы берілген. Диа­кри­тикалық таңбалар латын әріптерінің негізгі дыбыстық ма­ғы­насын өз­гер­туге, нақты­лау­ға арналған. Енді осы жаңа әліп­биді тәжіри­бе­ге кезең-кезең­мен енгізу үшін 4 топ құры­л­ған болатын. Бірінші – орфо­гра­фиялық топ, онда орфо­гра­фия­лық және орфоэпиялық ер­е­желер жасалады. Екінші – тер­­­минологиялық топ, онда қазақ тілінің терминологиялық қоры латын графикасында жүйе­ленеді. Үшінші – әдістемелік топ. Бұнда латын графикасын үй­рету әдістері жасалып, оны білім жүйесіне енгізу жолдары қарастырылады. Төртінші – IT-технология тобы, технологияны латыншаға бейімдеу, бағдарламалар жасау. Қазіргі кезде орфографиялық концепция жасалды. Енді латын негізді емле-ереже жасалуда. Ал оны жасау үшін жазу теориясы мен орфо­графияның ғылыми негізі­нен хабардар болу керек.

Орфография үш принципке негізделеді: дәстүрлі-тари­хи, фо­нетикалық және фонематикалық. Дәстүрлі-тарихи принцип Еуро­па тілдерінде қолданылады: фран­цуз және ағылшын тілдерін­де. Олардың жазуы ертеде қа­лып­­­­тасқан әрі ғасырлар бойы өз­­геріс­­ке ұшырамаған. Фоне­ти­­ка­­лық жүйесі дамыған. Сон­дық­­тан да әріп пен дыбыс бір-бірі­не сәйкес келмейді. Жазу мен ды­быс­талу арасында үлкен айыр­ма­шылық бар. Оларды жақын­дату үшін транскрипция пайдаланады.

Фонетикалық принцип белорус, серб тілдерінде қолда­ны­лады. Фонетикалық принцип бойынша, қалай айтылады, естіледі – солай жазылады. Бірақ адамдар әртүрлі естиді, айтады, бұл адамның артикуляторлық аппаратына және есту қабілетіне байланысты. Мысалы, корейлер р мен л-дың айырмашылы­ғын аңғармайды. Арабтар о мен у-дың айырмашылығын сезбейді. Ал француздар қазақ тіліндегі керек деген сөздегі е-ні екі фонема деп қабылдайды. Cондықтан жазуда кейбір қателер кездесуі мүмкін.

Фонематикалық (морфоло­гия­лық) принцип орыс тілінде қолданылады. Фонема немесе морфема дыбысталуына қара­мас­тан, барлық түбірлік сөздер мен олардың пішіндерінде өзгер­мейді: дыбыссыз немесе дауысты үнсіздік, дауысты дыбыстарды азайту, сөздерді ассимиляциялау және басқа фонетикалық өзгерістер.

Қазақ тілінде жазу принцип­тері­нің үшеуі де қолданылады, бірақ – фонематикалық принцип басым. Жазу фонемаға не­гізделген, ал фонема графемаға сәйкес келеді. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруде біраз даулы проблема бар. Мысалы, ин­терсөздерді төл дыбыстар ар­қылы қалай таңбалаймыз? Қазақ тілінің төл дыбыстарына в, ф, х, и, у жатпайды. 

Қазақ тілі білімінде термин­дерді қалыптастыру, қазақ тілінің фонологиялық заңдылықтары­на икемдеу, ана тілінің дыбыстық заңдылықтарын сақтау деген ұстаным бар. Интерсөздерді латын графикасымен таңбалауда осы қағидаларды мейлінше сақ­тау керек. Мысалы, қазіргі таңда біз Ресей, Еуропа, тауар, үстел, жәр­меңке, кәмпит, бәтең­ке, резеңке деп кірме сөздерді қазақ тіліне икемдеп айтамыз әрі жазамыз. Бұл сөздердің көбі­сі бұрыннан қалыптасқан. Ал кей­бір кірме сөздерді игеріп, қазақ тіліне икемдеп айту мен жазу оңайға түспейді. 

Кейбір ғалымдар кірме сөздер арқылы келген кірме дыбыстарды мүлде таңбалағысы келмейді. Олар ана тілімізге бөтен, жат, сондықтан ол сөздерді тек төл дыбыстар арқылы жазамыз дей­ді. Сонда филологияны – пій­­ләлөгүйе, биологияны – бійә­лө­гүйе, автор – аптыр, латын гра­фи­касымен: piɪlálógúɪe, biɪálógúɪе, aptyr, ákádemiɪk, т.б. Бұл жазу мен айтуға қолайсыз, сауат­сыз адамның сөзі тәрізді. Мұн­дай фоне­тикалық жазу пурис­тік ағы­мына сәйкес келеді. 
Фонематикалық принцип бойынша, жазуы мен айтылуы үнемі сәйкес келмейді, мысалы: basshy (басшы) деп жазамыз bashshy (башшы) деп айтамыз, qobyzshy (қобызшы) деп жазамыз qobyshshy (қобышшы) деп айтамыз, aıtshy (айтшы) деп жазамыз aıtchy (айтчы) деп айтамыз, aıtsa (айтса) деп жазамыз aittsa (айтца) деп айтамыз, ketse (кетсе) деп жазамыз kettse (кетце) деп айтамыз, ketshi (кетші) деп жазамыз ketchi (кетчі) деп айтамыз, т.б. Бұл дауыссыз фоне­маларға мысалдар.
Дауысты фонемаларға мысалдар: ólеń (өлең) деп жазамыз ólóń (өлөң) деп айтамыз, jurek (жүрек) деп жазамыз jurók (жүрөк) деп айтамыз, eshki (ешкі) деп жазамыз, ıeshki (йешкі) деп айтамыз, otan (отан) деп жазамыз, уотан (уotan) деп айтамыз, ómir (өмір) деп жазамыз, уómir (уөмір) деп айтамыз.

Қазақ тілінің фонетикалық жүйесінде ф, в фонемалары жоқ, олар п, б фонемаларының вариа­циялары ретіндегі физикалық дыбыс болғандықтан тілдің ай­тылуында кездеседі. Кірме дыбыстар жиі қолданыста бол­ған­дықтан қазақ тілінің фоне­ти­калық заңды­лықтарға бағынып, адамдар­дың артикуля­торлық аппаратына икем­­делген. Бұл фонемалар жаңа қазақ әліпбиінде f және p әріп­терімен таңбаланады.

Фонемалардың пайда болуы тіл мен ойдың дамуымен байланысты. Әр тілдің фонетикалық жүйесі даму үстінде, оған сырт­қы және ішкі фактілер әсер етеді. Жаңа фонемалар жаңа ұғы­мы­мен, жаңа терминологиямен то­­­лы­­ғады және көршілес мәде­ниет­­тің және өркениеттің ықпа­лы­­­мен байиды. Ішкі фактілер – ол тіл­­дің өзіндік заңдылықтары – фо­но­­логизация, дивергенция про­цес­тері. Оның нәтижесінде бір фо­не­мадан екі-үш фонема пай­да бо­лады. Дыбыстардың фо­не­­ма дең­гейінде жұмсалуы, яғни фо­­но­логизациялануы тілдің жал­­­ға­­ма­­лық (агглютинативтік) құ­ры­­­лы­­сымен, үндестік заңымен (син­­­­гар­­монизм) тығыз байланысты. 

Қазіргі кезде дау тудырып жүр­ген и мен у кірме әріп-дыбыс­тар. Бұл дифтонгоид ды­быс­тар ый, ій, ұу, үу дыбыс тір­­кес­тері­нен тұрады. Кирилл әліп­­биіне көш­кен­де аталмыш диф­тонгоид дыбыстар әріптерді үнем­деу прин­ципіне сәйкес олар­­ды и мен у таңбаларымен бел­гі­­­лейтін болды. Қазақ тілін­де үнемдеу жазуды алғаш рет ұсын­ған қазақ тілі білімінің қабыр­­ғасын қалаушы Ахмет Бай­­­тұрсынов еді. Өзінің төте жазуын­­да ғалым қазақ тілі­нің ды­быс­тарын шектеулі ғана әріптермен белгілеген. 

Тіл иелері бұл дыбыстар­ды дифтонгоид фонема ретінде қабыл­дайды, ал жазуда олар бір әріппен белгіленеді. Орфо­графия өзінің құрамындағы әріп­тердің молдығымен емес, ық­шам­дығымен бағаланады. Сон­дық­тан дыбыс тіркестерін кейде бір ғана әріппен таңбалауға болады. 
Сөздердің құрамында и мен у дифтонгоид дыбыстар болғанда біз ойланбай-ақ ıgilik, (игілік), ınelik (инелік), ınabat (инабат), mıras (мирас), álipbı (әліпби), tarıhı (тарихи), týgan (туған) деп жазамыз, ал транскрипцияда олар былай жазылады iıgilik, (iйгілік), iınelik (iйнелік), iınabat (ыйнабат), myıras (мыйрас), álipbiı (әліпбій), tariıhiı (тарійхій), tuýgan (тұуған).

Жалпы, графика сөйлеу тілі­нің дыбыстық жағын, оның ерек­ше­ліктерінің барлығын түгел­дей қамтып бере алмайды. Оны фоне­тикалық транскрипция атқара алады. Сөздердің жа­зы­луы мен айтылуының бір-біріне әрқашан сайма-сай келе беруі шарт емес. Тілдер­дің әр­қайсысының жазылуы мен ай­­тылуының арасында айыр­­­машылықтар бола береді. Ор­фография сөздердің дыбыста­луын дәлме-дәл көрсете бер­мей­ді, ал орфоэпияның ең негізгі қыз­меті – сөздің дыбыстық құра­мын дәл­ме-дәл көрсету. Сауатты жа­зып, дұрыс сөйлеу үшін орфография мен орфоэпиядан хабардар болып, осы екі пәнді бірдей оқыту керек.

Қазақ тілінде әліпбиді үнем­деу үшін дауыссыз дыбыстар­дың жуан-жіңішке айырым белгілері қасында тұрған дауысты дыбыс­тар арқылы беріледі. Тан, тән, тыс, тіс деген сөздерде олар­дың ма­ғына­сы дауыссыздардың қа­сын­да тұрған жуан-жіңішке дауыс­­тылар арқылы ажыратылып тұр, демек қазақ тілінде дауыс­­сыз дыбыстарды білдіретін әріп­­тер дауыстылардың ықпалы­мен жа­зылады. А.Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институты жасаған қазақ орфографиясының концепциясында жіңішкелік белгісімен (ь) жазылатын шет­тіл­дік сөздердің емлесінде бұл принцип басшылыққа алынған. Осыған байланысты қазақ емле­сі­­нің кейбір ережелерін келті­рейік. Мысалы: жіңішкелік бел­гісін (ь) түсіріп, оның орнына сөз басы мен бірінші буында жіңіш­ке дауыстылар арқылы жі­ңіш­кертуге болады, мысалы: ánsambl-ансамбль, dúbl-дубль, rúbl-рубль, párоl-пароль, т.б. Сөз құрамында e, ı жіңішке дауыс­тылар бар сөздерде жіңішкелік белгісі түсіріліп жазылады, мысалы: akvarel-акварель, lager-лагерь, stil-стиль. Аль- әріп тіркесімен басталатын және сөз ішінде екі дауыссыз дыбыс арасында жіңішкелік белгісі бар сөздерде ь түсіріледі, мысалы: álbatros-альбатрос, álbom-альбом, álmanah-альманах. Сөз ортасында дауыссыз бен дауыс­ты дыбыстың арасындағы жі­ңіш­келік белгісінің (ь) орнына ı әрпі жазылады, мысалы: batalıon, medalıon, konıak, pıesa т.б.

Бүгінде қазақ емлесінің негіз­гі ере­желері қоғамда сарапта­лып, тал­­қылануда. Апроба­ция­ның нә­ти­­желері мұқият еске­рі­ліп, одан ке­йін қазақ емлесінің не­гіз­гі ере­­же­лері мақұлданатын болады. 

Зейнеп БАЗАРБАЕВА,

филология ғылымдарының 

докторы, профессор,

ҰҒА корреспондент-мүшесі